Жатпланетарлықтардың Аралға қонғаны рас па?
Осыдан біраз жыл бұрын Арал теңізінің түбін зерттеген ғалымдар ол жерден беглісіз құпия белгілер тапқан болатын. Гидролог Борис Смердов түсірген аэрофотосуретте жатпланеталық келімсектердің қалдырған «сәлемдемесі» анық көрінген.
Ол суретте Арал теңізінің жағалауы мен теңіз түбіндегі таңғажайып алып денелердің сұлбасы анық көрініп тұр. Оның бірі белдеулерге, енді бірі зымыранға немесе алып суасты кемесінің ізіне ұқсайды. Белгілердің ені 2-ден 50 метрге дейін, ұзындығы бірнеше километрге созылып жатыр. Көбісі геометриялық кескіндерге ұқсас. Смердовтың тынымсыз еңбегінің нәтижесінде мұндай көркем туынды не табиғаттың, не адамзаттың қолынан келмейтіні белгілі болып отыр. Демек, оны тек өзге планетадан келген келімсектер ғана жасай алады.
Аралға жақын маңдағы ауыл тұрғындарының айтуына қарағанда, ертеректе кеме командирлері күрделі белгілері бар осындай жерлерден айналып өтетін болған. Ал олар 15 метр тереңдікте жатыр.
Содан бері Арал теңізіне қосымша зерттеу жүргізілмеген екен. «Өкінішке орай, өткен уақытты кері қайтара алмайсың. Бар мәселе әлгі белгілердің біразы су астында алғашқы қалпын әрең сақтап тұрғандығында болып тұр. Бұл күндері теңіз деңгейінің төмендеуі, теңіз дауылы мен толқындар, ондағы өскіндер белгісіз белдеулердің жойылуына ықпал етеді», – дейді ғалым.
Уфологтар ұшатын табақшаның қонған жерінде күрделі процестер болатынын айтады. Олардан келер қауіп – тірі организмнің жойылуында.
Бір айта кетерлігі, әлгіндей белгілер Каспий теңізінен де байқалған. Ондай белгілерді жатпланеталықтардың қалдырғанына ғалымдар жүз пайыз сенімді. Ондай информативтік белгілер басқа жерлерде де болуы мүмкін дейді олар.
Дайындаған – К. СЕРІБАЕВА