Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Есепшінің есебі кісесінде

Есепшінің есебі кісесінде

Табиғат құбылыстары арқылы күн райын байқап, бағдарлауға қабілетті адамдарды бұрынғылар «есепші» деп атаған. «Күнәң жоқ болса, күнді болжа» демекші, есепшілік – күрделі әрі киелі дағды саналған. Ел ішіндегі осы жолда жүргендер ауа райын болжаудың дәстүрлі амал-тәсілдерін үнемі құпия сақтап, атадан балаға мұра етіп қалдырып отырған.

Олардың есептеу құралы «кісе» деп аталған. «Есепшінің есебі кісесінде» деген мақал осыдан қалған көрінеді.

Кісенің бір беті ақ шүберекпен, екінші жағы қара шүберекпен астарланып тігіледі. Кісенің ақ маталысы жаз айларын, қара түстісі қыс айларын көрсетеді. Ақ мата бетінде қаз-қатар он-он «отаудан» жамалған 180 отау болады. Халықтық жыл есептеу дәстүрі бойынша бір жылға 360 күн кіргізілген, сонымен бірге бес отау және бір отау бөлек тігілген. Бұл отаулар жыл санатына кірмейтін «5(6) қонақтың» мекені, кейде бұл күндерді «өлара» деп те атайды.

Көшпелілердің байырғы астро­но­миялық түсінігі бойынша, бір жыл екіге – алты ай жаз, алты ай қысқа бөлінген.
Есепшілер Үркер төмен түсіп, таразы туғанға дейінгі аралықты жаз айына, сүмбіле туып, Үркер көкке көтерілген уақытты қыс мезгіліне жатқызған. «Сүмбіле туды су суыды» дейтініміз содан қалғанға ұқсайды.

Қазіргі күнтізбе жүйесі бойынша 21 наурыздан 21 қыркүйекке дейін «жаз» деп, 21 қыркүйектен 21 наурызға дейін «қыс» деп есептейді. Сондай-ақ есепшілер бір жылды (360:4=90) төрт тоқсанға бөліп те қарастырған. «Жас» тоқсан деп бірінші тоқсанды көктемді атаса, жаз айларын – «жаз тоқсан», күз айларын – «терме тоқсан», ал қыс айларын – «қыс тоқсан» деп атандырған.

Есепшілердің тілінде «тоғыз тармақ» деген термин болған, ол бір жылды тоғыз бөлікке бөлуден (360:9=40) туындаған. Олардың айтуынша, біздің жерімізде ауа райының қызуы мен салқындауының аралығында 40 күндік тұрақтылық сақталып, өзгеріс 41-ші күні сезіледі. Сірә, «қырықына шыдап, қырық біріне шыдамапты» деген сөз де осындайдан қалған болар.

Біздің қазіргі айтып жүрген қырық күн шілдеміз 26 маусымнан 5 тамызға дейін созылады. Сонан келе ең ыстық күндерді «Ұлы шілде», ал 27 желтоқсаннан 6 ақпанға дейінгі аралықты ең суық күндер «кіші шілде» деген. Әдетте есепшілер жаз есебін күн мен түн теңелген кезден бастайды. Төрт түліктің бұл күнгі мінез-құлқы жіті бақылауға алынады: «Егер ол түні түйе ернін жиі жыбырлатса, жылқы оқыранып жұтынар болса, ал қой малы қорасына алшаңдай басып кірсе, көктем ерте туады» деп болжаған.

Бабалар қыс уақытын күн мен түн теңелген екінші тоғыс – мезгілінен бастап жүргізген. Сол түні түйе малы басын құбылаға беріп, төрт аяғын төрт жаққа керіп, жайылып ұйықтаса, ол жылы қыс жылы болады, керісінше бір жағына ықтап, жайсыз жатса, мазасызданып шықса, қыс қатал боладыға балаған.

Тағы да жылқы түлігі суық күзде түсік тастаса қыс суық, қойлар өрістен қайтарда аузына бір-бір шөп тістеп қайтса жұт болады. Сондай-ақ кейбір жеміс ағаштары күзге қарай қайыра гүлдесе қыс кеш түседі деп те байлам айтқан. Қазір технология қарыштап дамыған заманда өмір сүріп жатырмыз. Табиғат құбылысын күнделікті, тіпті алдын ала біліп отыратын жағдайға да жеттік.

Алайда біздің бұл тақырыпты сөз етіп отырған себебіміз, бұрынғы бабалардың қоршаған орта сырын ұғынып, мал-жанды сақтау жолдарын меңгере білгендігін бүгінгі ұрпақ ұғына жүрсе деген емеурін ғой.

Кемал КӨПЖАСАР,
қаржы, салық саласының ардагері
09 мамыр 2019 ж. 2 429 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930