Алматы тұрғыны үш сауда үйінде теракт жасамақ болған
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, тінту кезінде одан қаладағы үш сауда үйінің сызбасы мен жарылғыш зат табылды.
Алматыда Алмалы аудандық қылмыстық сотының А.Ж.Бітімбаевты терроризм актісіне дайындалу, терроризмді насихаттау, діни алауыздықты қоздыру және атыс қаруын заңсыз сақтау фактілері бойынша 10 жылға соттау туралы үкімі заңды күшіне енді, – делінген хабарламада.
Ол Ұлттық қауіпсіздік комитетінің назарына деструктив діни идеологияны ұстанушы және Қазақстанда тыйым салынған ДАИШ халықаралық террористік ұйымының жақтасы ретінде ілікті.
Тексеру кезінде оның Интернетте ДАИШ үгіт-насихатының ықпалымен халық көп шоғырланған орындарда жарылғышты пайдаланумен терактілер дайындауы туралы ақпарат алынды. Қарулы шабуыл жасағаннан кейін ол шетел содырларының қатарына өту және террористік әрекетін жалғастыру үшін Сирияға жетуді жоспарлаған, – дейді Ұлттық қауіпсіздік комитетінде.
Бітімбаевтың бұл ойларын болдырмау үшін оны биыл сәуірінде Алматыда ішкі істер органдарын тарта отырып, Ұлттық қауіпсіздік комитеті күшімен ұстады. Тінту кезінде одан атыс қаруы мен травматика қаруы, қолдан жасалатын жарылғыш құралдар жасауға арналған құрамдас бөлшектер, үш сауда-ойын-сауық орталығының сызбалары, бетперде мен қолғап алынды. Бітімбаевтың кінәсі куәгер түсініктерімен, заттай және өзге де дәлелдермен толықтай дәлелденді.