Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қара қобдиша

Қара қобдиша

Күнделікті күйбең тірліктен титықтап, үй шар­уасына бет бұрудан қалған Насихат демалыс күні болса да төсектен күндегідей уақытта тұрды. Аздап сырқаттанып жүрген. Онысын баптай берсе бас­панасы иесіз үйге ұқсап қалатын түрі бар. Басына шешесінен қалған орамалын түйіп алып, тазалықты қай бөлмеден бастарын білмей сәл кідірді. Сон-соң көзге кірпідей тиген заттардың бәрін балконға тас­тай беретінін есіне алып, жұмыстың ауырына кірісейін деген ойға тоқталды. Алақандай аумақта ине шанышар орын жоқ. Есік алдында тұрып, қолға ілінген заттарды кезегімен кең бөлмеге тасыды. Әрқайсысына қабат-қабат шаң жабысып, сілкігенде айналаны түгел ағартып жіберетіндей кірлеген. Осылай тұрғанда 1996 жылдары сәнге айналған, санмен құлыпталатын қара қобдишаға көзі түсті. Жанына отырды да, былғары терісін ерекше сезіммен сүртіп, бірнеше рет ашып-жапты. Сол дыбыс өткен күннің естеліктерінен сыр шертетін секілді. Ішіне біраз дүние сыйып кететін қобдиша құшағына бұл бума толы ақша салып, тауарға кететін.

Насихат мектеп бітірген соң тарихшы болуды көздеп, Қарағандыға оқуға түсті. 1994-тің жазында қолға диплом алып, елге оралды. Жұмыс табуда қиналған жоқ. Себебі бұл кезде елде жоғары оқу орынында білім алғандардың қарасы көп емес-тін. Бірнеше күннен кейін-ақ жергілікті радиокорпорацияға корреспондент болып жұмысқа қабылданды. Репортерді иығына асып, қаладағы барлық мекемені аралап, сұқбат алып жүретін. Одан қалса кешкілік радиодан сөйлейтіні тағы бар. Талдырмаш денелі қара қыздың еңбексүйгіштігін, көңілінің ақтығын байқаған басшы да бұған басқалардан бөлек қарайтын. Оңашада: “Қызым, талабың таудай баласың. Жан дүниеңді таза ұста. Адами болмысыңнан айырылма. Аналарға жуыма, кабинеттеріне кірме”, – деген сөзін Насихат көп уақыт түсінбей жүргені рас. Сосын басқа әріптестерінен алшақ жүретінді шығарды. Қазір жол көрсеткен ағасының не айтқысы келгенін ұққан секілді.

Көп уақыт өтпей Насихатқа жеткен суыт жаңалық еңсесін езіп жіберді. Келешекке деп жасаған жоспарының күл-талқанын шығарды. Әкесі айықпас дертке ұшыраған еді. Жұмысындағылар: “Бәрі жақсы болады. Жұмысыңа алаңдама. Әкеңнің жанында бол. Сырқатынан айыққан соң қайта ораларсың”, – деп шығарып салды. Алайда бірнеше сағатта жүйіткіп, туған елге жеткізетін пойыз он шақты қараша үй тиеген түйе секілді баспай келеді. Осы кезге дейін қанаттыға қақтырмай бой жеткізген әкесінің әрбір жақсылығы, жылы көңілі жүрегін елжіретіп, тағат таптырмай келеді. Елге аман-есен оралып, әкесінің аянышты хәлін көргендегі Насихат мүлде бөлек адам еді. Ауруханада әке керуетінің жанында оның амандығын тілеумен қанша күн өткізгені белгісіз, қайтарымы болмады. Беті бір сәт те бері қарамай, келмеске кетті. Өлгеннің артынан өлмек жоқ. Өрімдей қыз анасымен бірге ботадай боздап, торқалы жерлеуін өткізді. Бұдан соң бауырларына анасын аманаттап, қайтадан қалаға, жұмысына кетті.

Адам баласы үшін ет жақынынан айырылғаннан асқан қайғы жоқ шығар, сірә. Әсіресе ата-анадан мәңгіге жырақтау балаға тозақпен бірдей көрінетіні бар. Насихаттың тап бұндай жағдайға ұшырайытыны үш ұйықтаса түсіне кірмеген еді. Алайда бірнеше айдан кейін ауылдан тағы бір көңілсіз хабар жетті. Анасы жалғызсырап жүрген көрінеді. Аздап ауруға да ыңғай берген. Жұмысын тастап, анасының қасына барып еді, тағдыр ғой, көп ұзамай ол да жарының артынан жүріп кетті.
Қос қазаның ауырлығы басылмаса да бой­жеткеннің мойнында тағы бір жүктің салмағы сезілетін. Кеше ғана қалаға оқуға түскен сіңлісі мен інісін қалай да өсіріп, жеткізу міндеті тұр. Ер жетіп қалған інісін қара шаңыраққа тастап, ізінен ерген қаракөзді оқуға жіберді. Бірақ университетке төлейтін оқу ақысын табу бөлек мәселе.
“Жыртық үйдің құдайы бар” дегендей үлкен шаһардағы музейге жұмыс ауыстырып, жұрт қатарлы өмірге қол жеткізді. Бірақ бұл тұста көпшіліктің бірқалыпты өмірі жоқшылықпен пара-пар болатын. Зауыттарда жұмыс істейтіндерге жалақы орнына сатуға жарайтын заттар берілетін. Мұнда жұмыс істейтін қалалықтар көп болғандықтан, ақшасын бұйым-заттарға садақа қылатындар да көп емес. Тіпті мемлекеттік қызметте жүрген Насихат та бірнеше айлап еңбекақысын ала алмайтын. Ондаған шақырым қашықтықта орналасқан үйінен қатынаса да, сіңлісін оқытып, тоқытты. Бірақ бауырларына тойдырып тамақ жегізе алмағасын базарда сауда жасауды ойға алды. Жақын-жуықтары абыройлы орнында қызметін жалғастырып, базарға шықпауына кеңес берді. Дегенмен көнбеді, ол үшін қорқынышты нәрсенің бәрі артта қалған тұғын.

Бірінші күні аздаған “албини”, “пикник”, “луна” секілді тәттілерді сатудан бастаған бойжеткен көп көзінен ұялғаны жасырын емес. Алдына қойған үстел үстіне заттарды ерекше әдемілікпен орналас­тырып, тез-тез сатып жібереді. Бұнысына шындап қуанышты. Жүгіріп барып, көтерме дүкеннен тағы бір қалта тәттілерді арқалап қайта келеді. Үстіндегі пайдасын азық-түлік түрін көбейтуге салып, бірнеше айдан кейін шатыр астынан жеке орын да алып үлгерді. Бірақ кәсіпкерлікпен айналысу оңай шаруа еместігін ұқты. Себебі қақаған қыста денесі қалшылдап, жаздағы аптапта жан сауғалау жанды қинайтын. Оның үстіне ара-тұра таяу шетелдерден зат тасуға кейбір менмін деген жігіттердің табандылығы жетпей қалатын. Ал бұл базардағы әріптестерімен Сібір, Омбы қалалары мен Польша елдерінен тауар таситын. Қара қобдишаны да осы кезде сатып алған. Бірнеше сандармен құлыпталатын бұндай қара сөмке ұстайтындар қалада көп болмағанымен, сән әлемінде ең танымалы еді. Насихат бұның сұқкөзділердің назарына ілінетінін білсе де, ақша тасу үшін алған. Алда-жалда қолды болып, ұрылар арамен кессе де қалыбын жоғалтпайтын сөмке осындай сапарларға сұранып-ақ тұр.
Қыстың бір аязды күні бойжеткен базардағы аға-әпкелерімен бірге сапарға шықты. Араларындағы ең жасы өзі. Теміржол тұлпарына мініп, орналасып алған сапарластары ақ шөлмектің қалпағын қайырып, мейрамдататыны бар.
– Қызым, кел, жол бой “жылынып” отырайық, жаурап қаласың, – деді толықша келген сарыжүз әйел.
– Мұндайға әуестігім жоқ, рақмет апай.
– Онда біз сәл әңгіме айтамыз, сен ақшамызды күзетесің, – деп барлығы сөмкелерін Насихат отырған орындықтың жүк салғышына тастай салды. Діттеген қалаға жеткен соң барлығы базарда тарыдай шашырап, керек заттарын саудалауға кетті. Бұрыннан сау­дамен айналысатын да елге қайтарда үлкен жүк көлігін жалдап, қызды жүргізушімен бірге қайтаруды жоспарлаған. Сондағысы: “Жолда кездесетін тәртіп сақшылары сұлу қыздан ақша сұрамайды ғой”, – деген сылтаулары ғана. Бойжеткеннің бұған көнбеске амалы жоқ. Жол ұзақ болғанымен, жүргізуші егде тартқан, әңгімешіл, қамқор қария еді. Бұлар тауарға келсе ылғи осы адамға қолқа салатын. Әр келген сайын жүргізуші: “Қызым, айналайын, ауыр зат арқалап, суыққа бой беріп жүрсің. Теңіңді тауып, тезірек тұрмысқа шық”, – деп ақылын айтудан жалықпайды.
Бұл ақпан айының ортасы болатын. Аязды күн айбарын көрсетіп, боран басқан көне жол үстінде жүйіткіп келе жатқан көлік кілт тоқтап, жүрмей қалды. Қария көлік қозғалтқышын әрі-бері қозғап еді, мұнысынан түк шықпады.
– Балам, бұлай отыра бергеніміз жарамайды. Салқын бізді аяйын деп тұрған жоқ, – деп иығына асқан тонын қыздың аяғына жапты. – Жақын маңда елдімекен болса, көлік алып келемін.

Ал Насихаттың аузына “Абай болыңыз” дегеннен басқа сөз түспеді. Жүргізуші ақ боран арасына сүңгіп кеткеннен кейін де жаңағы сөзді біршама уақыт қайталаумен болды. Уілдеген желдің дауысы қасқырдың ұлыған үнімен қатарласып, терезені тепкілеген уыс қар қыздың суық денесін одан сайын тоңдырып барады. Осы жерде жан тапсырамын ба деп қорқады. Әке-шешесінің аманаты, қос бауырын жеткізе алмадым ба деп өкінеді. Аппақ жүзі көз жасының лебімен жылынып, ұйықтап кеткенін байқамай қалды. Бір мезетте құлақ тұндыратын жүк көлігінің дауысынан көзін ашты, айнала жап-жарық. Жанашыр қария қанша уақыт жоқ болғаны белгісіз, әйтеуір көліктің ретін тауып әкеліпті. Бойжеткен бұрын бұлай қуанбаған болар. Қарияның алдынан жүгіріп шығып, құшақтай кетті. Бұл жолы қуаныштың көз жасына малынып, алғысын жаудыра берді. Жүргізуші: “Бәрін таста, қызым. Енді бұлай жүрме”, – деген сөзін кезекті рет қайталады.
Артынша келген көліктің иесі бұл қарияға мүлде ұқсамайды екен. Бұзылған камаздағы заттарды әліне қарамай тасып жатқан қызды аямақ түгілі, әлсін-әлсін шылым тартып, әндететінін қайтерсің? Жәшік толы сүт, балық консервлері, тағысын тағы базардағылардың тауарын тасуға көмектескісі келген қызды жолатпады. Әйтпесе Насихаттікі жеңіл-желпі тәттілер ғана ғой. Заттарды толық тиеп болғаннан кейін қария бойжеткенді жүргелі тұрған көлікке отырғызып, өзін алып кетуге адамдар келе жатқанын айтты. Көріскен сайын айтатын ақылын тағы бір мәрте құлағына құйып, қалып қойды.

Көлік өзі тұратын базардың қоймасына жеткенде бұны күтіп тұрғандардың қарасы қалың еді. Түрлеріне қарап түнде ұйықтамағанын, кейбірінің жылағаннан көзін ісік алғанын бұл анық байқады. Шамасы осында түнегенге ұқсайды. Көліктен түсе салысымен, барлығы у-шуға салып, бойжеткеннің аман жеткеніне қуануды. Кейбірі көліктегі заттарды түгендеп: “Қарашы, заттар да бүтін”, – деп қаршадай қызға ризашылықтарын білдіріп жатты. Бала-шағаның нәпақасын базардағы көзге көрінбес соғыстан айырып алып отыр. Неге десеңіз, бітпейтін тексерісі бар милиция қызметкерлері, салықшылар, рекеттер мен бопсалаушылардың дәурені жүріп тұрған кезде ақша табу дегеніңіз... Насихат та ізіне ерген бауырларын азықтан тарықтырмай, оқуының ақысын осы базарда еңбектеніп тауып жүр. Бірақ денсаулығын сарп еткендер де жоқ емес.

Осыдан соң Насихат базардағы тірлігін тастап, жалақысы жақсы жұмысқа тұрды. Кейінірек тұрмыс құрып, торсықтай екі ұлды дүниеге әкелді.
– Қазір отбасыммен бірге біреуден кем, біреуден артық өмір сүріп жатыр екенмін-ау. Өмірдің ащысы мен тұщысының да дəмін тату керек деген рас. Берілген сынаққа төзіп, табандылық танытқандар ғана шын бақытқа кезігеді екен. Бәріне шүкір! – деді де қара қобдишаны сүртіп, сандық түбіне салды.

Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
02 қазан 2019 ж. 643 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930