Кәрілерге көненің бәрі керек
Алдияр осы алқапты қоныс қылған көршілердің балалары секілді атасы мен әжесінің бауырында көзін ашқан. Туған әкесін аға, анасын жеңге деп атайды. Ақыл-есі толыспаған ойын баласы болса да олардың жанына көп жуыса бермейді. Кешкілік ұйқыға жатарда Әлия бауырына қысқысы келіп, баласын шақырады. Ал Алдияр болса алдымен бейтаныс адамға көз салғандай бір қарайды да, әжесіне қарай қаша жөнеледі. Алғашында Әлия мұны тек уақытша шығар деп ойлағанымен іс насырға шауып бара жатқанын кеш байқады. Өзі ұрпағының ана бақытын сезіндіріп, еміренбейтініне шындап наразы. Ал енесі оған пысқырып та қарамайды. Алдашы жүгіріп келіп, құшақтағанда: «Құлыным-ау, құлыным! Құдайдың бере салғаны!», – деген сөзінің астарынан анасынан қашқан қылығына ризашылығы жатқанын байқау қиын емес-тін.
Бұл қызғаныштың да өзіндік себебі бар. Гүлсана әжей кезінде есімі ел аралаған адуынды жазушы Алмасбектің кемпірі. Отағасы өмірден озғаннан кейін баласын өзі өсіріп жеткізді. Қолына құсын қондырып, қызметке кіргізді. Біраз уақыт өткеннен кейін бауыр еті баласы өзіне бұрынғыдай қарамайтынды шығарды. Ана жүрегіне қылау салу үшін бұл да жетіп жатыр. Әлияның мұрын астынан күңкілдеп, күйеуінің ауызына сөз салып беретіні бөлек әңгіме. Соған ерегесті ме, әлде шынымен жалғызсырады ма, Алдияр дүние есігін ашысымен немересін бауырына басатынын айтты. Ұлы мен келіні үйреніспеген артық шуды жақтырмады. Сол үшін көне салған. Қазір өкінеді.
Кәрі адам уақыт өткен сайын ұйқымен жауласа бастайды емес пе? Гүлсана қарт та көкжиектен күн көтерілмей жатып күнделікті тіршілігіне кірісіп кеткен. Алдияр да қасында. Соңғы уақытта әжесіне еріп, ерте тұруға дағдыланып келеді. Екеуі есік алдындағы гүлдерді суарып, шаңның бетін басады. Одан кейін қорадағы шаруалар... Осы тірліктерді атқарып жүріп баласына баяғы өткен оқиғаларды, қазақ даналарының көсем сөздерін, ғибратты оқиғаларды баяндап береді. Күнделікті көркем әңгімеге құлағы үйренген бала одан да керемет нәрселерді тыңдап, білуге құмарланып кетеді екен. Бұны түсінген Гүлсана кешкілік Алдиярды ұйқыға жіберіп, таңертеңгілік бала ойына азық болатын оқиғаларды жаттау үшін көне кітап беттерін ақтарады. Арасында ойға шомып, құнды кітаптар жиыстырып кеткен марқұм шалын еске алады. Бұл құндылық оған әкесінен қалған. Ондағы көлемді әңгімелердің құндылығын жоғалтпағанына таң қаласың. Қазір қолға шам алып іздесең таппайтын мұндай дүниенің өз үйінде барына қуанады. Кыңыр мінез келіні оның бірсыпырасын өзі жоқта отқа тамызық қылып жібергені болмаса...
Айналадағының барлығы қызу тіршілігіне бірыңғайлап, түскі астың қамына кірісе бергенде Әлия ұйқысынан жаңа тұрды. Сол аяғымен болар. Өйткені қолы тиген заттарды «айқайлатып» дастарқан жайып жүр. Қазақы нақышпен өрнектеліп жасалған көне кеселер оның көзіне кеселдей көрінеді. Қабырғаны жағалай орналасқан жиһаздар мен кілемшелерге жиіркенішпен қарайды. Кенет екі қолын бүйіріне қойған күйі бір орнында қатып қалды. Терең дем алды да, кестелеп тігілген екі көрпешені ұстап сыртқа қарай адымдады. Жолай пеш жиегіндегі сыры ұшқан шәйнекті де қолына іле шықты.
– Апа, мына ескірген заттардың не керегі бар? Бұның бәрі қалды ғой, қазір. Көрші Алмажандарға бере салайық, болмаса, қоқысқа тастайық. Үйдің ішін керексіз нәрсеге толтырып қойып... Онсыз да жаңасын әкеліп қойдым ғой, – деді. Гүлсана өзіне ұнамсыз әңгіме естісе көп көрсете бермейтін қатқыл үнін шығарады. Көздерін қадап кеп жіберетіні тағы бар.
– Керек болады. Орнына қой. Сосын ана көрпешелер менің жасауыммен бірге келген. Сен пайдаланғың келмесе, тек мен отыратын жерге жай, – деп еді. Алдияр әжесіне қосыла кетті. – Тиіспе, ертең мен үлкен жігіт болып өсемін. Әжеме келін әкелемін. Ол бұларды қайта түптеп, қаладан сатып әкелгендей етіп қояды, иә, әже?! – деді. Гүлсана басын изеп, маңдайынан иіскеді.
Беті қайтқан соң, қолындағысы жеңіл болса да кері шегінген қандай ауыр болатынын Әлия жақсы біледі. Себебі бұндай жағдайдың бірінші рет болып тұрғаны емес. Ас үйге кірде де, дауысын естісін дегендей заттарды лақтыра салды. «Оқасы жоқ. Кемпірде Алдияр болса, менің сөзімді байым сөйлейді», – деп жатын бөлменің есігін теуіп кірді.
– Тұр, қане! Ана алжыған шешең үйді қоқысқа толтырып болды. Түкке жарамсыз бұйымдарын көріне алып кетейін деп жүр ме? Менімен адамға ұқсап өмір сүргің келсе сөйлес барып. Баламды да маған айдап салды. Болмаса мен кетемін, – деді күйеуін шымшылап. Оның аузына қақпақ болуға жігітте айбат жоқ. Еңкейіп болған. Мұндайда мінез көрсетіп мысын баса алмайтынын біледі. Себебі артынан өзі кешірім сұрап, қасына ұйықтау үшін жалынышты күйге түсетіні анық. Көзін тырнап ашып, үнсіз сыртқы есікке қарай беттеді. Бұл кезде Гүлсана далада жүрсе де үйдің ішіндегі әңгімеден құлағдар еді. Келіннің айқайының өзі мән-жайды толығымен баяндап берген-ді. Оның алдында сүмірейіп тұратын ұлының анасына келіп айбат шегетінін тағы біледі.
– Ұйқы бермедіңдер ғой, – деді ол есік алдындағы баспалдаққа сылқ отырып. – Мама, үйді мұражай қылуды қой. Ертең көнерген заттардың бәрін шығарып тастаймын. Жаңасын аламыз. Сосын, Әлияны ашуландыра берме, білесің ғой, аяғы ауыр екенін, – деді.
Кішкентайынан жалғыз тұяқ болғасын, бұны ешкім бетінен қақпады. Сөзі жүргенге үйреніп қалған. Гүлсана да бұндай әңгімені күнделікті естіп жүрген соң, көңілге алып мұңаюды қойды. Алдияр екеуі шай ішіп отырып, асықпай айналаға көз салды. Ойлап қараса, қабырғадағы тозған текемет ең алғашқы еңбегі екен. Ал бұрышта тұрған тігін машинасы – осы үйге ұзатылып келгенде өзімен бірге әкелінген еді. Қаланың дүкеніндегідей болмаса да анда-санда мезгілге сай немересіне киім тігіп береді. Жыртық-жамауға да таптырмас құрал. Оң жақ түпте орналасқан сөрелердегі шалынан қалған кітаптар менмұндалап тұр. Бұны оның көзіндей сақтайтынын жақсы біледі. Текеметтің үстінде асылған адамдай ілулі тұрған оның көне костюм-шалбарын да алып тастағысы келмейді. Тіпті тоз-тозы шыққан көп киім-кешектерін неге сақтап жүргенін өзі де түсінбейді. «Бұның бәрін не істеймін?», – деп қояды тағы. Бірақ сандықтағы материал-шүберектерді Алдаш үйленгенде апаратынын анық біледі.
Келесі күні бір сұмдықтың боларын сезген Гүлсана түнімен көз ілмесе де төсектен ерте тұруды жөн көрмеді. Құлағын сыртқы есікке түріп қойған. Біраз уақыттан кейін бір көше әрі тұратын Аманбайдың баласы мінетін қара «Зилдің» дауысы шықты. Ұлымен бірге үйге бірнеше адам кіргенін аяқ дыбысынан байқады. Бұлай жата берсе ең керекті заттарын да таппай қалатынын білген кемпір сырттағы сәкіге барып жайғасты. Келген жігіттер алдымен ас үйдегі ыдыс-аяқ салатын көне болса да әдеміше келген әйнек сервантты алып шықты. Жанында тұрған ұлынан оны сарайға апарып қоюуын сұрағанымен тыңдамады. Әр нені бір айтып, сөйлеуге мұрша бермеді. Аз уақыттан кейін есіктен басын шығарған кітап сөресін көргенде жүрегі зырқ ете қалды. Нағыз шарасыздықтың қандай болатынын өмірінде бірінші рет сезінгендей...
– Көнерді екен деп мені де қаладағы қарттар үйіне апарып тастамасаңдар болар, – деді Гүлсана көңілі босап. Бірақ оның жүзіне қарауға екеуі де бата алмады. Әлия бір ұрыстың басын шығарғысы келген. Күйеуі көзін қадап, тоқтатты. Әйел де қу ғой, әншейінде мұның сөзін де, көзін де бұйым көрмейтін. Дегені орындалғасын тілалғыш бола қалғанын көрмейсің бе? Күйеуінің бұл қылығын абырой санап, масаттанып тұрғанын байқап-ақ тұр.
Алдияр жеті жасқа жаңа толса да әжесі үшін шынымен қынжылып отыр. Қолынан келсе әке-шешесінің аяғын бір етікке тығып, әжесінің дегенін істеткісі-ақ келеді. Алайда мұның сезімі мен ашуын елеп жатқан ешкім жоқ. Бала көңіл әжесін қалай жұбатамын деп әуре.
– Әже, жыламаңызшы. Бұрынғы оқыған әңгімелеріңізді мұқият тыңдай беремін. Ал өскен соң мына екеуін үйден қуып жіберем де, сізге әлемдегі ең көне заттардың барлығын әкеліп беремін. Қалаған жерге қоясыз. Уәде беремін, – деді. Бұл сөздер қарияның көңілін одан бетер босатып жіберді. Гүлсана әлгілер кеткесін Алдиярды қаттырақ құшып, бар денесімен селкілдеген күйі ұзақ жылады.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ