Елімізде жастар арасында "шоплифтинг" деген ұрлықтың жаңа түрі пайда болды
Жастар арасында "шоплифтинг" деп аталатын жаңа ойын түрі пайда болды. Ұрлық жасауды ермекке айналдырған бір топ жасөспірім бұл ісіне тіпті де қымсынбайды. Олар тіпті әлеуметтік желіде істеген әрекеттеріне мақтанып, бұл туралы ашық айтып отыруды шығарған деп жазады.
Мұндай ұрлық жасаушылар "шоплифтер" деп аталады. Олар кез келген дүкенге топ-топ болып кіріп, сатушы көзін ала бере, ондағы заттарды ұрлай бастайды. Олар тіпті камераларға мән бермейтін кәдуілге ұрыға айналуда.
Олардың тағы бір ерекшелігі, жасөспірімдер әлеуметтік желіде ұрлаған заттары туралы айтып, мақтанумен болады. Тіпті, мұндай топтардың арнайы жетекшісі болады және олар арнайы тапсырма беріп отыратын көрінеді.
Шоплифтингпен айналысатындардың бірі - Серік есімді қазақ жігіті. Оның айтуынша, ол мұндай "кәсіппен" достарының сөзіне еріп айналысып жүр екен.
"Біз супермаркеттерге кіріп, киімдер алып, тамақтар, тәттілер алып, солай ұрлық жасайтынбыз. Ұрлықтарды сосын, ВК-да, инстаграмда беседалар, группалар болатын соларға жіберіп бір-бірімізге мақтанатынбыз. Дүкен хозяиндарына ол ұсақ-түйек мелочь та, олар оған мүлдем мән бермейді. Ол туралы уайымдамайды деген ой болды да, сосын біз бұл ұрлықтан ұялмайтынбыз" , – деп ағынан жарылды ол.
Қазіргі күні, өздерін "шоплифтер" деп атап алған жігіттер "ұрлық" жасаудан жарысқа түсуде. Олардың арасында кім көбірек ұрлық жасаса, соның беделі де артады.
Әлімхан Балғожин есімді дүкен иесі балалардың "шоплифтингі" туралы жақсы біледі. Себебі, ол тіпті бірнеше баланы "ұрлық" үстінде ұстап алыпты.
"Мен де талай шоплифтингтің куәсі болдым. Мәселен, бір рет дүкенде тұрғанымда 10-12 жас шамасындағы 4 бала кірді. Біреуі мынау қанша тұрады, ал мұның бағасы қанша деп менің көңілімді аулап тұрды. Мен бірден бұл жерде бір гәп бар екенін сездім. Камераға қарасам, қалған үш бала тауарларды жанталасып қалталарына салып жатыр екен. Кейін оларды ұрсып дүкеннен шығарып жібердім" , – дейді кәсіпкер Әлімхан Балғожин.
Қазіргі таңда, "шоплифтингтің" белең алуына заңның осалдығы да себеп болып тұр, дейді заңгерлер. Себебі, егер ұрлық екі айлық есептік көрсеткіштен, яғни 4810 теңгеден аспаса, онда олар қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды екен. Мұндай ұсақ-түйек қылмыс жасағандар әкімшілік жазаға тартылып, айыппұл төлеумен құтылуда.
Ал психолог маманы жастардың мұндай әрекетке өзін жеңімпаз сезіну үшін баратынын айтады.
"Олар сондай ұйымдарды, сондай бір топтарды іздеп өздеріне тауып алады да, өздерінің ішіндегі энергиялары бар ғой, олар оны жұмсау керек. Яғни, олар өздерін бір жеңімпаз ретінде сезіну керек. Тек қана сол үшін олар осындай қадамдарға барады деп мен ойлаймын", - дейді психолог Ғибрат Сағындықова.