Тиімділігі көп төлем жүйесі
“Елу жылда ел жаңа” демекші, бұған дейін жаңа технологиялар біздің өмірімізге дендеп енеді деп ойлаған жоқпыз. Мәселен осыдан оншақты жыл бұрын сізге біреу “Үйден шықпай коммуналдық төлемдерді төлеп, өзіңізге қажет заттың ақысын төлей аласыз” десе сенер ме едіңіз? Әрине ол кезде мұның барлығы құр сөз болуы мүмкін. Ал қазіргі таңда бұл қалыпты жағдайға айналған.
Бұл арманды ақиқатқа айналдырғандардың алдыңғы қатарында kaspi.kz қосымшасы тұр десек артық айтқандық емес. Осы арқылы кәдімгі коммуналдық қызметтерге төлейтін төлемдерді, банктегі несиеңізді немесе ұялы телефонға салатын бірлігіңізді де ешқандай комиссиялық ақысыз үйде отырып төлеуіңізге болады. Тек қолыңызда ғаламторға қосылған ұялы телефоныңыз болса болғаны. «Kaspi-әмиян» арқылы төлем төлесеңіз, сізге бонустар беріледі. Ол үшін әуелі интернетке кіріп, электронды әмиян ашып аласыз, арнайы терминал арқылы оған ақша салып қоясыз. Кез келген уақытта интернетте сауда жасап немесе төлем төлегіңіз келсе, электрондық әмиян арқылы төлей қоясыз.
Біздің ауданда да жаңа технологияның игілігін көріп жүргендер қатары аз емес. Әзірге олардың дені жастар екен. Өте жеңіл жасалған kaspi.kz қосымшасы жасы үлкен кісілердің де үйренуі үшін қиындық туғызбайды деп ойлаймыз.
– Kaspi.kz қосымшасы өте ыңғайлы. Коммуналдық қызмет, білім курстарының ақысын төлеу, ұялы телефон, интернет және басқалары. Мұның бәрін kaspi.kz арқылы төлеймін. Сондай-ақ жиі билет сатып аламын. Сапарға шығатын кезде онлайн төлем жасап, сатып алған жеңіл. Банк бөлімшесіне барғанда төлем жасап, комиссиялық ақы төлейсің. Мұнда керісінше саған бонус береді. Әуе билетін сатып алсаң, оған түскен бонусқа коммуналдық қызметтің жартысынан астамын төлеп тастауға болады. Үнемдеуге тамаша мүмкіндік. Кез келген адам үшін түсінікті. Қосымшаға кірдің, қажетті төлемді жасадың, кейін қаражатыңды қайда жұмсағаныңды біліп отырасың. Қазір қолма-қол ақша ұстамауға тырысамын, – дейді Әйтеке би кентінің тұрғыны Сабыржан Ахметов.
Электронды төлем жүйелерінің басты пайдасы – коммуналдық қызмет ақысы мен несие төлеудегі ыңғайлылығы. Банкке немесе поштаға барып төлем жасау қосымша уақытты талап етеді. Күні бойы қызметте жүретіндер үшін бұл өте тиімді болмақ. Себебі бұл жүйе тәулік бойы төлем қабылдай береді.
Тағы бір жерлесіміз Әзиза Жұмағұл тұрғындар үшін тиімді қосымша туралы кездейсоқ білгенін жеткізді.
– Жұбайыммен бірге үйге қажетті заттар алу үшін Қызылорда қаласындағы дүкендердің біріне барғанбыз. Өзімізге керекті дүниені таңдаған соң, сатушы бөліп төлеу арқылы сатып алуға болатынын және kaspi.kz туралы айтты. Тура сол күні коммуналдық төлем жасау керек болатын. Менеджерден бірден қажет ақпаратты түгел сұрап, анықтап алдым. Кешке kaspi-әмиян арқылы қаражат толтырып, еш комиссиялық ақысыз төлем жасадық. Қазір уақыт жетіспейтін кез ғой. Балаларымның мектебі, қосымша сабағы, үй шаруасымен күннің қалай өткенін байқамай қаламын. Мұндайда kaspi.kz-ке жүгінеміз. Ең жиі қолданатынымыз – коммуналдық және ұялы телефон төлемі, – дейді ол қуанышын жасыра алмай.
Бұрын көптеген тұрғындар төлем карточкасын тек жалақы алу үшін пайдаланған болса, қазір оны ыңғайлы және сенімді төлем құралы ретінде қабылдауға болады. Себебі, қазіргі таңда банктің төлем карточкасы арқылы коммуналдық және байланыс қызметі үшін де есеп айырысуға болады.
Жеңісбек АЙЫМҚҰЛОВ