Зауық соқтырған судың залалы
Жарнамасы жатты жақындататын газды сусын бір кезде кәдеге асқан қателіктің бірі екенін бірі білсе, бірі білмейді. Дәрігер мамандар аталған сусындардың зиянын айтып, дабыл қақса да, оны тұтынушылар саны күн санап артуда. Олар қалай жасалады? Бояғыштардан, хош иісті қоспалар, көмірқышқыл газы және жай судан тұратын құрамның ағзаға түскен шөлді қандырғанымен бірге өз зиянын тигізіп жататынын аңғармаймыз.
Адам ағзасының 60 процентінің судан түзілетінін ескерсек, бойдағы тепе-теңдікті сақтау үшін күнделікті қажетті мөлшерде су ішілуі керек. Көбіміз осы мақсатты орындауда сауда қатарларындағы жарнамасы алысқа кеткен сусындарды тұтынамыз. Бұл сусындар адам ағзасына әртүрлі әсер береді.
Ғалымдардың зерттеуінше, күшті газдалған сусындардың құрамында қант мөлшері артық болады. Ол түрлі ауыр дертке шалдықтыратыны анықталған. Сондай-ақ олардағы кездесетін қышқылдар ағзаға түскен бойда майға айналып, артық салмақтың қосылуы мен қант диабеті ауруына ұшыратады. Сусын құрамындағы қышқылды элементтер тіс эмалін әлсіретеді. Өзге де тіс ауруларының тууына себепші болады. Мұндай сусындар құрамында кездесетін лимон, алма және басқа да жеміс-жидектердің қышқылы сүйектегі кальций мөлшерін азайтады. Нәтижесінде сүйек әлсіреп, сынғыш келеді.
Әдетте өндірушілер тауарды әзірлеуде кез келген газдалған сусынның ұзақ сақталуына ықпал ететін көмірқышқыл газын пайдаланады. Мұндай сусындар асқазанның қабынуы, ішек сөлінің пайда болуы, созылмалылығын тудырады. «Қалаулы» сулар адам ағзасын әлсіретіп, денедегі қан айналымын бұзып, ас қорыту жүйелеріне кері әсер ететінін айтып, тағамтанушылар дабыл қағуда.
Газдалған сусынның денсаулыққа зияны туралы арнайы тәжірибе жүргізген ғалымдар мынандай тұжырымға келген. Сараптама барысында 5000 адамнан қан алынады. Басым көпшілігінің өмір сүру қабілеті нашар болып шығады. Сонда олардың газдалған сусындарды көп тұтынатындығы анықталған. Зерттеушілер газды сусын тұтынғандар мен темекі тартатын адамдардың ғұмырының ұзақтығы бірдей деген болжам жасаған.
Газды су тек қана ағза клеткаларын қартайтып қоймай, сонымен қатар жүрек ауруларына, қатерлі ісікке де шалдықтыратынына дәлел жеткілікті.
Бұл күндері әлем жұртшылығы халқы «Кока-кола» мен энергетикалық сусындарды көптеп тұтынады. Олардың қатарында үлкен сұранысқа ие «қуаттандырғыш» сусындар да бар. Энергетикалық сусындар – адамзаттың бертінде ойлап тапқан өнертабысы. Алайда олардың құрамындағы заттар жүйке жүйесін ынталандыру үшін бұрыннан пайдаланылып келеді.
Мұны жасөспірімдер жарнамаға елітіп, «қуат береді» деген сөзге сеніп, көптеп пайдаланады. Ел нарығында жастар мен мектеп оқушыларын әуестендірген «Дизи», «Редбул», «Монстер», «Драиф» секілді энергетикалық «сиқырлы» сусындар ашықтан-ашық сатылуда.
Энергетикалық сусындардың кейбірі кофеинге негізделсе, екіншісі дәрумендер мен көмірсулардан құралған. Бұл түнде жұмыс істеп, сабақ оқитын студенттер мен қызметкерлер, ал дәруменді-көмірсулы сусындарды бос уақытын спортзалда өткізгісі келетін белсенді адамдар қажетіне жаратады. Энергетикалық сусындар дәрумендер кешені мен глюкозадан тұрады.
Дәрумендердің пайдасы көпке мәлім. Глюкоза болса қанға тез сіңіп, қышқылдандыратын әрекетке қатысады және бұлшық ет, ми және басқа да маңызды мүшелерді энергиямен қамтамасыз етеді. Бір шыны кофенің әсері 1-2 сағат сақталса, энергетикалық сусынның әсері 3-4 сағатқа дейін жалғасады.
Бір қызығы, қуаттандырғыш сусындар Франция, Дания және Норвегия сынды елдерде ресми түрде рұқсат етілмеген. Тек дәрі ретінде сатылады.
Деректерге сүйенсек, энергетикалық сусындар ағзаны қуатпен қамтамасыз етеді деген тұжырым – дәлелсіз. Сусында ешқандай күш жоқ, ол тек энергия қоздырушысы. Алайда ерте ме, кеш пе бұл қарызды шаршағандық, ұйқысыздық, ашушаңдық түрінде қайтаруға тура келеді екен. Басқа да ынталандырушылар сияқты энергетикалық сусындардың құрамындағы кофеин жүйке жүйесін әлсіретеді. Оның әсері 3-5 сағатқа созылады, бұдан кейін ағзаға демалыс қажет.
Солай бола тұра әр адамның өмірінде энергетикалық сусынға жүгінуге тура келетін кездер болады. Мұндай жағдайда ағзаны қорғау үшін сусынды тұтыну ережесін мұқият оқу маңызды. Энергетикалық сусындарды тұтынуда мына жағдайларды естен шығармаған жөн.
Кофеиннің бір күндік мөлшерін асырмау керек. Яғни екі құтыдан көп ішпеген дұрыс. Сусынның әсері тарқаған соң ағзаға күш жинау үшін демалыс қажет.
Спорттық жаттығулардан кейін энергетикалық сусын ішу қан қысымын көтеруге әсер етеді.
Энергетикалық сусындарды жүкті әйелдерге, балаларға, жасөспірімдерге, егде адамдарға, гипертониядан зардап шегетін, жүрек-қан тамыры сырқаты, ұйқысы бұзылған адамдарға тұтынуға тыйым салынады.
Кофеин қаннан 3-5 сағаттан соң шығады, ал кейде тек жартылай. Сондықтан осы уақыт аралығында энергетикалық сусындарды кофеинді (шай, кофе) басқа сусындармен араластыруға болмайды. Ондай жағдайда мөлшерді асырып жіберу қаупі артады.
Көптеген сусындар мол калориялы. Энергетикалық сусындарды жаттығу алдында тұтынған жөн. Ал егер сіз салмақ түсіру үшін емес, жай ғана жаттығу жасасаңыз, одан кейін де ішуге болады.
Энергетикалық сусындарды ешқандай жағдайда ішімдікпен араластырып ішуге болмайды. Нәтижесінде гипертониялық кризге ұшыратуы әбден мүмкін.
Осындай қуатынан қаупі көп қорқынышты қоспалар әсерінен күніне қаншама адам көз жұматынын тап басып айту қиын.
Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеген әлдеқайда тиімді екендігін ескерсек, өмірімізді қор еткен зауық соқтыратын сусындар залалын әрбіріміз біліп, жиі тұтынбағанымыз дұрыс екенін естен шығармайық.
Дайындаған
Айару ЕРКІН