Орамалдың қасиетін қадірлейік
Орамал тағу – салт-дәстүрдің бірі. Кешегі ата-әжелеріміз ақ жаулықты құрметтеді. Әдебін сақтады. Ұлттық болмысын ұмытпады. Орамал – келіншек отбасылы екенін аңғартады. Ана екенін, адал ниетпен аттаған шаңырағы бар екенін білдіреді. Осыдан оның қадір-қасиетін ұғуға болады. Алайда орамал сәннен қалған емес. Кез келген киіммен үйлесімді. Сәндеп тағудың түр-түрі бар қазір. Шалма қыласыз ба, тюрбан ретінде көресіз бе, еркіңіз. Қазақ әйелі қашан да орамалсыз жүрмейді. Игі дәстүрді отбасына қалыптастырған жандар да бар. Ене мен келін арасындағы әдемі үйлесімдікке сүйсінесің. Тәубе дейсің.
Орамалды келіншектер
Айгүл Жаңбыршиева небәрі он тоғыз жасында келін болып түсті. Шаңырақтың табалдырығын аттағанда алдынан орта бойлы, етжеңді әйел шықты. «Қадамың құтты болсын, қарағым!» деп басына ақ орамал салды. Кейін білді, енесі екен. Сонан бері Айгүл басынан орамалын тастамайды. Енесі де үлкендігін көрсетіп, жаулығын шешкен емес. Аққұба келіншектің өңіне орамалы жараса қалады. Қолаң шашымен үйлесе кететінін қайтерсің. «Маған жараспайды», «Басымда тұрмайды», «Сусып түсе береді», «Таққым келмейді» деген келіншектер оған қызығады. Қызғанады. Ал ол орамалды насихаттаудан жалықпайды.
Орамалды күнделікті тағып жүретін сондай жандардың бірі – Аяулым Тастанбек. Екі баланың анасы. Қазір өмірлік аксесуарды тағудың хас шебері. Гардеробында түрлі-түсті ұлттық брендтің сан түрі бар.
– Орамалды жақсы көремін. Сәндеп тағуды қыз-келіншектерден үйрендім. Қазір түрлендіріп қолдану хоббиіме айналды. Бұрынғыдай емес, орамал тағу дамып келеді. Әлеуметтік желілерде сәнді тағуды үйрететін парақшалар мен видеолардың көбеюі қуантады. Ежелгі шығыс, араб стилімен ұштастырып, замануи үлгіде тағылатын түрлері көп. Қалауыңа қарай, ұнағанын аласың. Біріншіден, жалаңбас жүргенше орамалмен жинақы көрінесіз. Екіншіден, орамал әрбір келіншек пен әйелдің ары мен сәні. Керек десеңіз, тартып жүруге міндетті киімі. Қазір кимешекке ұқсатып тағуды ізденіп жүрмін, – дейді Аяулым.
Дәстүрлі ұлттық бренд
Орамалды тақпайтын нәзік жанды жоқ. Күнделікті өмірде тартпаса да, қонаққа, асқа барғанда іздейтіні анық. Құран оқылған жерде әйел адам жалаңбас отырмайды. Несін айтасыз, базар нарығында орамалдың түр-түрі бар. Қалтаңның шамасына қарай сатып аласың. Десе де, ұлттық бренд кәсіпке айналды. Әнші Роза Әлқожаның орамалын қала былай тұрсын, ауыл аймақтағы қыз-келіншектер қолдан қолға тигізбейді. «Мен сыйға тартқан орамал» дүкендер желісі еліміздегі облыс орталықтарында жұмыс істейді. Сөйтіп «орамалды ауыл әйелдері тағады» деген ұғым санадан көмескілене бастады. Себебі қалалық нәзік жандылар да өмірлік ұстанымға жайлап бет бұра бастады. Әншімен қатар, жас кәсіпкер Сая Нұрғалиева да орамал бизнесін дөңгелетіп отыр.
– Алғашқыда жұмыс бастау оңай болған жоқ. Келушілерді әлеуметтік желілер арқылы тарттым. Сөйтіп алушылардың қатарын жинадым. Алайда орамалға қызығушылық аздау. Жай ғана дамып келеді. Көбіне сұраныс Батыс Қазақстан облысы аймағы Маңғыстау, Ақтау, Орал жақтан түседі. Ол өңірлерде қазақы ұлттық нақыш жақсы сақталған. Той көйлектерінен гөрі қамзол, көйлекті орамалдармен үйлестіріп алады, – дейді Сая Нұрғалиева.
Сая жасаған отандық өнімнің қай-қайсысы да әдемі. Өзі тігеді. Өзі гүл өрнегін салып, түрлі ою-өрнекпен көмкереді. Сауда орталығындағы бутигінде орамалдың 100-ге жуық түрі бар. Бағалары да қолжетімді. 3500-ден басталатын өмірлік керек-жарақ 10-11 мың теңге шамасында. Сапалы матадан жасалған ақ жаулық ақ самайлы әжелер мен жас келіндердің басында желбіреп жүр. Орамал жараспайтын әйел бола ма? Бәлсініп тақпайтыны анық.
Иә, орамал тағудың өзіндік ұстанымы бар. Ақ түсті орамал қуанышты, жақсылықты білдірсе, қара түс қасіретті байқатқан. Ең бастысы орамал сыйлық, жол тарту ретінде маңызды рөл атқарады. Орамал тонға жарамаса да, жолға жарайды. «Орамал тон болмайды, жол болады» деген орамды сөз содан қалыптасқан.
Өміршеңдігін өгейсімейік
Қазір орамал тағудың түрлі әдісі көп. Беті толықша келген қыздарға кез келген орамал жарасады. Көбіне қыздар реңіне, түсіне қарай таңдайды. Беті сопақ қыздар шаштарын түйіп немесе шашының көлемін үлкейтіп тақса болады. Сосын кекіл түсіріп тақса да жарасады.
– Орамал тағу жоғалды дегенге келіспеймін. Мұндай өмірлік аксессуар шаш үлгісін қажет етпейді. Салонға баратын уақытты үнемдейсіз. Кез келген киімге үйлестіріп таққан орамал сіздің ажарыңызды ашады. Тіпті өзгеден өзгеше боласыз. Ал орта жастан асып, немере сүйіп отырған апалар мен самайын ақ шалған әжелердің жалаңбас жүргенін көргенде ыңғайсызданамын. Әйелдер қауымы ортаның ықпалымен кеткендей. Шаш бұйралап, орамалсыз жүреді. Қазір шашты жайып жүру де сән, – дейді стилист Ақбаян Болатқызы.
«Әйел орамал тақпаса арын ұмытады, күйеуінің барын ұмытады, шашы тамаққа түседі, үйіне келген қонақтың назары түседі» деген сөз бар. Шындығында әйел адамның жалаңбас жүруі көзге қораш көрінеді. Медицина саласы да, өмірлік аксесуардың әйел адамға пайдалы екенін айтады. Мамандардың мәлімдеуінше, нәзік жандылар жерден қуат алады. Содан болса керек, әйелдің шашы магнит тәрізді. Ауадағы шаң-тозаңды жинайды.
Ал ашық-шашық киім ағзада гормон жүйесінің бұзылуына әкеліп, жыныс мүшелеріндегі қатерлі ісік және өзге де ауруларға жол ашады.
Түйін. Орамал тағу қазақ әйеліне тән үрдіс. Түркі тілдес халықтар да орамалды қастерлеп, пайдалана білген. Демек өмірлік аксессуарға үркуге, тосырқауға негіз жоқ. Ол өміршең. Ол қайталанбас дүние. Қай кезде де құндылығын жоғалтпайды. Қысқасы, ақ жаулық жамылған аналар мен орамал таққан келіндер азаймасын.
Құттыбике САБЫРБАЙҚЫЗЫ