Шибөрілер шабуылы
Қаңтардың қытымыр аязы күшіне мініп тұр. Мұндай мезгілде жыртқыш жабайы аңдар жеуге азық таппай ауыл маңына жақындайтыны бесенеден белгілі. Биыл сондай жыртқыш аңдардың бірі – шибөрі ауыл тұрғындарының малдарына шауып, зиян келтіруде.
Одан бөлек, шибөрінің табиғатқа келтіретін зияны да шаш етектен. Олай дейтін себебіміз, жыртқыш аң қырғауылдың жұмыртқасын, қоянның көжектерін, тағы басқаларын да жеп, олардың көбеюіне орасан зиян келтіреді.
Елеусіз Әбу, Ғ.Мұратбаев ауылының тұрғыны:
– Қашанда төрт түлік өсіріп, оның өнімдерін тұтынатын халықпыз ғой. Біз де отбасымызбен бірге азын-аулақ мал ұстап отырған жағдайымыз бар. Ауыл әкімі Абай Рыстығұлдың ұсынысымен мал басын асылдандыруға да көңіл бөлгім келеді. Асыл тұқымды бұқа, қошқар алу жоспарда бар.
Қыстыгүні мал өсірген шаруаларға жыртқыш аңдар маза бермейді. Биыл да біздің ауылдың маңында шибөрілер көбейіп кетіп, малға шауып жатқан жайы бар. Босанайын деп жатқан байталдың құлынын жұлып алып, жеп кеткен жағдайларды да өз көзімізбен көрдік.
Шибөрілермен өз күшімізбен бір адамдай күресіп-ақ жатырмыз. Алайда, ол аздық етіп тұр. Жыртқыш аңдарды аулауға мемлекет тарапынан көмек көрсетілсе. Болмаса біз аулаған әрбір аңның басына сыйақы берсе, – деген талап-тілегін жеткізді.
Тұрғындардың айтуы орынды. Себебі, ауылдық жерде тұратын халықтың негізгі кәсібі мал шаруашылығы болып табылады. Шибөрілер азын-аулақ төрт түлік өсіріп, осыдан балаларының нәпақасын айырып отырған шаруаларымыздың бетіне қарап отырған ірілі-ұсақты малдарына қырғидай тиіп, қырып барады. Сондықтан біз осы мәселенің мән-жайын білмек болып, Қазалы орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесіне хабарласқанымызда, мекеме басшысы Ардақ Кәдір бұл туралы егжей-тегжейлі түсіндіріп берді.
– Биылғы жылы облыстық бюджеттен жабайы аңдардың санын шектеуге мақсатында 1,8 млн теңге қаржы бөлініп отыр. Жалпы 100 шибөрі, 10 қасқырға атуға қаражат қарастырылып отыр. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу жұмыстары ұйымдастырылып, бөлінген қаржыға байланысты конкурс жарияланды. Мемлекеттік сатып алу заңдылықтарына сәйкес ақпан айының 6-сы күні жеңімпаз анықталып, жабайы аңдардың санын шектеу мақсатындағы жұмыстар жүргізіледі.
Жеңісбек АЙЫМҚҰЛОВ.