Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Неке жүзігі

Неке жүзігі

– Жеңеше, ау жеңеше, шарбақты қаққан кім екен, ішке кіргізбедің бе? – деп дауыстады өз бөлмесінде қағазға үңіліп отырған Жәнке бойжеткен.
– Әлгі саған келе беретін сыпыл­дақ қой, концертке деп екеуіңе билет алыпты, ал маған жоқ, сосын біздің Еркежаннан аулақ жүр деп қуып жібердім, – деді Кәмеш күле сөйлеп.
– Сәкеш бе? Оны сыпылдақ дегенің қалай? Ірі құрылыс компания­сының білдей бас маманы, прорабы. Астында тойота.
Бойы-сойы келіскен. Мырза десең мырза. Билет алмағанына өкпе­ледің бе? Ол қатесін түзеу қиын емес, – деп Жәнке жеңгесін құшақтап, билей жөнелді. – Міне, көрдің бе, маған алғашқы кездескенде-ақ саусағыма алтын жүзік салды.
– Көрсетші, қане?
Жүзік көздің жауын алғандай әде­мі-ақ. Жалт-жұлт етеді. Десе де Кәмеш сүйсінбеді. Айналдырып көрді де:
Таста, ой-бай, лақтыр әрі! – деп жанұшыра айқайлады. – Әй, өзім де біліп едім, оның осындай сұмпайы екенін...
– Неге жеңеше, неге?
– Ниеті дұрыс жігіт, жүзікті ортаң­ғы саусаққа салмайды, аты жоқ сау­саққа кигізеді...
– Какая разница? – Жәңке ұртын бұлтитып, өкпелеп қалды.
– Какая дейсің бе? Разница большая. Қазір, қазір... Ағаңның келетін уақыты болды. Шай қойып келейін...
Кәмеш ас дайындауға асықса да Жәнке «Айт қане, айт» деп етегінен ұстап тұрды.
– Онда жақсылып тыңда, – деді Кәмеш тізесін бүгіп. – Ерте заманда танымал халық емшілері адам ағзасы мен мүшелерінің орналасуын зерттей келе, жүрекке баратын күре тамырдың төртінші саусақ арқылы өтетінін анықтаған. Махаббат пен жүрек егіз ұғым іспеттес, яғни бірінсіз бірі жоқ.
– Төртінші саусағың қайсы? Аты жоқ деп аталатыны ма?
– Иә, сол. Ал ортаңғы саусақтағы жүзік – мәңгілік серігін емес, уақытша көңіл көтеретін құрбы іздеп жүргенін білдіреді...
– А-а...Қойшы әй, сенің осындай ұзақ лекция оқитыныңды ол қайдан білсін, қолымды ұстады да сала салды.
– Ол бәленің білмейтіні жоқ, отызға келгенше неге үйленбей жүр дейсің, ондай жүзіктің біразын талай сұлулардың ортаң­ғы саусағына сал­ған болар. Сол Сәкешің­нен Әлдекеш­тің азамат­тығы әлде қайда ар­тық көрінеді маған.
– Әлгі трубаларды түтін­детіп жамап жататын сварщикті айтасың ба? Ай, жеңеше-ай, сен де айтасың-ау, – деп Жәнке кітаптарын жинастырып мектепке кетуге ың­ғайланды.
– Еркем, осы сен Мұхтар Шаханов­ты оқисың ба?
– Мінбеден қолын сермеп тұратын зуылдақ ақын ба? Оқысаң әдебиетші сен оқыған шығарсың. Мен математикпін. Бізде де оқитын теоретиктер баршылық. Айтшы қане, ол шайырың тәлім аларлықтай не жазыпты?
– Былай депті: «Талайларға байлық жинау болса-дағы бас арман, кейде бақыт байларға да қолын бермей қасарған. Әлде бақыт – сұлулық па, олай дейін десем мен, сұлулар жүр бай аяққа кілем болып төселген...». Бірдеңе ұқтық па?
– Кетші әрі, мені де сондайлардың қатарына қосқаның ба? Жәнке қабағын шытып, есіктен шыға жөнелді...
***
Бірақ жол бойы, сабақтың үзіліс кезінде де жанашыр жеңгесінің сөзі ойынан кетпеді... «Сұлулар жүр бай аяққа кілем болып төселген...» дейді. Рас-ау, өзі. Ондайлар жоқ емес. Содан сақтан дегені-ау!.. Мектептен шығарда оны күнде тосып тұратын Сәкеш те, оның тойотасы да жоқ-ты. Жәнке жан-жағына біраз алаңдап тұрды-тұрды да, автобус аялдамасына тартты. Іңір қараңғысы еді. Үйге жақындағанда шарбақ алдында ерсілі-қарсылы жүрген біреуді көрді. Таныды, таныса да жақын келіп:
Бұ қайсың? – деп дыбыстады.
– Мен Әлдекешпін ғой. Шымкенттің ойын-сауық отауы келіпті.
Соған үш билет алған­мын. Жеңгей де қарсы бола қоймас. Соған шақыра келдім.
Жәнке жауап қайырмады. Иә олай, иә бұлай демеді. «Осы қу Кәмешпен алдын ала келісіп қойған болмасын» деген де күдігі бар-ды. Жоқ, жеңгесінен ондай құпиялық сезілмейді. Дастарқан жайып, кешкі астың қамында жүр.
– Кел, еркем!.. Шай дайын болды. Осындай боранды күні энергетиктердің жұмысы қызады ғой. Столбы құлаған ба, ағаң кештеу оралармын деп телефон соқты. Енемді көрші үйдегі құрдасы шақырып кетті.
– Ау, әлгі мақтаған жайсаңың далада күтіп тұр. Концертке бармаймыз ба?
– Ол кім? Әлдекеш пе?
– Иә сол!
– Е-е, онда күте тұрсын...
Жәнке концерттен Сәкешті іздеумен болды. Келер ме екен? Ол да көп күттірмеді. Залдағы жарық сөніп, сахна пердесі ашылған кезде барып, қос бикештің ортасында шайқалып, одыраңдап келе жатты...
***
Жыл ма, әлде жыл жарым уақыт өтті ме, Әлдекеш пен Жәнкенің үйлену тойында бас қостық. Жәнкенің анасы Сәндігүл бәйбіше бізге құдағи. Сол сөз бастады: «Қай-да-м, – деді жөткірініп алып. – Жарасып кетсе жақсы. Байғұстың жөнді үйі де жоқ, әрі қаражаяу екен. Бұған Кәмеш келіннің де тікелей араласы бар. Қыз екеуі сыбыр-сыбыр сөйлесті де тындыра салды. Әнебір Сәкеш дегені үйлі-күйлі, табыскер деп еді. Менің Шамыран балам момын ғой, момын... Мына Кәмеш дуалап алған. Уысынан шығармайды. Қай-да-м ... Өздері білет та...»
***
Және бір жеті-сегіз жыл зымырады. Құдағимен тағы табақтас болдық. Әлдекеш пен Жәнкенің Сабыржан есімді ұлының сүндет тойы еді. Сәндігүл бәйбіше көңілді. Әңгімені де сапырып соғып, шалқып отыр:
– Ибай-ау, өзі тастай пысық екен. Әлдекеш күйеуді айтамын. Зәулім үй тұрғызып алды. Жүйрік машина да мінді. Мамандығы 5-ші санатқа көтеріліп, инженеріңмен иықтасады дейді. Тіпті әйдік-әйдік, мынауский өндірістің құлағын ұстағандар – «Бізге кел, бізге кел» деп шақыратын көрінеді. Алла-ай, темірді біріне-бірін жапсыратын адамның кадірі артқанын есіткенің бар ма? Біздің Кәмеш келін бар ғой, іші толған ақыл өзінің. Бәсе, Шамыранжан өзіне тең жар таңдай білсе керек еді-ау?
– Құдағи, анада Сәкеш пе, бір жігітті атап едіңіз?
– Иә, иә... Оны қой. Әр ұрғашының ізіне еріп, әліге дейін салпақбай болып жүр дейді.
***
Қыз бала – бақ құсы. Ол ұядан ұшады. Бөгде үйдің есігін ашады.
Бұл – ерлік. Барған жеріне тастай батып, судай сіңсе екен дейсің. «Еркек шатасса әшкере болар, әйел шатасса масқара болар» дейді қазақ. Ұзатылған қызға жеңгелері әркез қамқор, ақылшы, кеңесші болып, жол-жоба сілтеген. Бұл дәстүр қазір де бар. Тек солардың қатары Кәмеш келіндей көбірек болсын деңіз.
Шахир ЖҰППАМБЕТ,
дербес зейнеткер.

26 ақпан 2019 ж. 4 396 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031