Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жылағанды жұбатқан...

Жылағанды жұбатқан...

Орталық базарға барған сайын қызықты оқиғалардың куәсі боламыз. Өйткені онда жақын танысымның телефон жөндейтін дүңгіршегі бар. Әңгіменің майын тамызатын оның жанына қолы бос жолдас-жоралары жиі келіп тұрады. Бірде базар аралап жүріп, досыма соға кетуді жөн көрдім.
Хал-жағдай сұрасқаннан кейін, көп ұзамай жасы қырықтар шамасындағы жігіт ағасы кіріп келді. Әрнені әңгімелеп тұрған досым кенет бар дауысымен рақаттана күлді. Оның «Жәке» деп атаған ағасы да күлкіге ерік берді. Көзінен ытқып шыққан жасты сүртіп: «Айттым ғой, Жәке. Балаңызды телефонға үйретіп алсаңыз, жөндету үшін күніге екі рет келесіз деп», – деді.
Ағамыз кеткеннен кейін досымнан неге сонша күлгенін сұрадым. Сөйтсек, жаңағы келуші кем дегенде аптасына екі рет осында бас сұғады екен. Әр келген сайын экраны сынған телефонын қолына ұстай келеді. Бүгін таңертең: «Балам телефон қарап отырғанда қуаты бітіп қалған ғой. Айналаны басына көтеріп жылады да, қабырғаға бір-ақ ұрды. Жөндеп берші» деген еді. Жаңа тағы келіп тұр. Айтқанын естідің бе? Интернеттің баяу қозғалғанына көз жасын көлдеткен баласы, ақыры тас еденге лақтыра салған. Несі бар, балаға беріп? Өздері жаман үйретеді», – деп мән-жайды түсіндірген күйі басын шайқады.
Телефонын жөндетуге тастаған кісі отыз мың теңгені алдын ала төлеп кеткен еді. Таңертең де сол шамада есептескен. Құрылғының бұрағыштарын ағытып тұрып: «Адамдар қызық, неге 60 мың теңгеге жаңа телефон ала салмайды? Сынғанын баласына берсін», – дейді досым.
Осы сәтте бұны жөндетуге кететін қаражат түк те емес­тей көрінді маған. Ойымнан мінезі қырсық, талапшыл баланың қы­лығы кетпей қойды. Біз бала кезімізде солай мінез көрсеттік пе? «Жын» деп жүрген нәрсемізді әкеміз қағып алушы еді ғой. Бұдан соң түк болмағандай ойын әуресімен таяқ жегенімізді ұмытып кетеміз. Бірақ әке көзінше қисық мінез таныту жақсылыққа әкелмейтіні есте қалады.
Қазір баласы бар адамның: «Апыр-ай, менің өзім білмейтін нәр­селерді тауып алады ғой телефоннан. «Youtube» деген бәледен қалаған мултьфилімін көреді. Менің таныстарыма қоңырау шалып, неше түрлі ойындарды ойнап отырады», – деп мақтанатыны құлаққа жақсы таныс болар. Бірақ оның сәбиі есепсіз зиянды сәулелерге шомылып жатқанын ата-ана неге ескермейді?
Кез келген саналы азамат ұялы телефонға басын салбыратып отыратын баланың көру қабілеті нашарлайтынын жақсы біледі. Одан хабардар болу үшін дәрігердің қажеті шамалы. Бұдан бөлек, ата-анаға былдырлап сөйлеп, әңгімелесу, еркелеу, мейірімге бөлену тасада қалып жатыр. Үлкендер бала мазасызданып, жылағанда оны алдандырудың оңай жолы телефонға телмірту деп біледі. Жұмыстан бос уақыт таппай, балаларына құлықсыз қарауы нарық заманының әсері шығар деген де ой келеді.
Енді ғылым сөйлесін. Профессор Осман Муфтиұлы ұялы телефонның адам денсаулығына келтіретін әсерін зерттеумен айналысқан. Оның айтуынша, ересектерге қарағанда ұялы құрылғыны пайдаланған бала көбірек зиян шегеді. Себебі бала денесінде су мөлшері мол болады. Сондай-ақ, одан бөлінетін сәуле бас ауруы, есте сақтау мен көру қабілетінің нашарлауына әкеп соқтырады. Ұйқы гармондарына да тигізетін зияндығы шаш етектен.
Мамандар балалардың жүй­ке талшықтары өсіп-жетілу ке­зеңінде болатындықтан радиа­циялық сәуледен жылдам қатер көретінін ескертеді. Бас сүйегінің жұқалығына сай зиянды сәулелер оның организміне тез өтеді. Сәйкесінше, бүгінде пайда болып отырған аурулардың саны еселенуде.
Бұл мәселенің де оңтайлы шешімі бары анық. Балабақшада тәрбиеші болып жұмыс істейін Айман Сейілова араларында 2 жас айырмашылық бар балаларын қалай тәрбиелеп отырғанын айтып берді.
– Байланыс құрылғысынан келетін зардаптан хабардар бола тұра оны елемеуге болмайды. Мен тек байланыс жасау мақсатында пайдаланамын. Басқа кездері қолданбауға тырысамын. Балаларым сәби кездерінде қызығып, сұрап, жылайтын. Ондайда көңілін одан қызығырақ, пайдасы мол дүниеге аударып жүрдім. Мәселен, құрастырмалы ойыншық, сөйлейтін әліпбилер сәбиді тыныштандырады. Есі кіре бастағанда түрлі ертегі-әңгіме оқып, кейіннен ой-өрісін дамытатын үйірме мен спорттық жаттығуларға қатыстырдым. Соның арқасында қазір мектепте оқитын олардың үлгерімі өте жақсы деп айта аламын, – деді ол.
Балалар – елдің болашағы. Ертеңгі өскелең ұрпақ денсаулы­ғының оңды қалыптасуы тіке­лей қазіргі бүлдіршіндер салауаттылы­ғын сақтауға байланысты болады десек қателеспейміз. Қоршаған ортаның қысымы мен зиянды заттары көп болғандықтан бүгінгінің бір баласын дұрыс жетілдіру бұрынғының бес баласын аяққа тұрғызудан қиынырақ екені даусыз. Сондықтан балаға бейқам болмау ата-анаға – жауапты міндет.

Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ

26 ақпан 2019 ж. 783 0

Киелі мекен - Жанкент

19 сәуір 2024 ж. 100

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930