Қоғамға қажет құрылғы
«3D принтер» деген атпен белгілі құрылғы қазіргі таңда өте үлкен танымалдылыққа ие. АҚШ-тың бұрынғы Президенті Барак Обаманың 3D принтер туралы: «Жаңа құралдың осыған дейін жасаған барлық жетістіктерімізді төңкеріп тастауға жететін қабілеті бар», – деген сөзі оның бар мүмкіндігін ашып көрсететіндей. Бүгінде ауданымыздың жас өрендері осынау күшке ие құрылғымен еркін жұмыс жасай алады. Бұған №249 мектеп-лицейге барып, оқушылар жасаған бұйымдарды көргенде анық көзіміз жетті.
Мейірман Меңдібай – өткен жылы ғана аудандағы іргелі мектептің бірі Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейге ағылшын тілінен дәріс беретін информатика пәні мұғалімі болып жұмысқа қабылданған. Одан бергі уақытта оқушыларды 3D принтердің теориялық мүмкіншіліктерімен таныстырып келсе, биыл арнайы құрылғылар алынып, іс жүзінде білім беруге мүмкіндік алған. Принтерден шыққан оқушылардың туындылары қазірдің өзінде түрлі көрмелерге қойылып, көрермен таңданысына ие болуда.
– Заманауи сандық технологиялардың дамығаны сонша, мұндай мүмкіндіктер жайлы бұрынғылар фантастикалық оқиғаларда ғана жазатын. Қазір озық технологияларды күнделікті көріп, көзіміз үйреніскенімен бұлар ұзақ, қажырлы зерттеу мен тәжірибелердің жемісі. Пайдасы да ұшан теңіз. Мұны былайша түсіндіруге болады. Сізге атаңыздан мұрагерлікке ерекше зат қалды, бірақ оны абайсызда сындырып алдыңыз делік. Тура мұндай затты сатып алу мүмкін емес. Оны қайта қалпына келтіргіңіз келетіні анық. Осындай сәтте бүлінген жерін бағдарлама арқылы бүтіндеп, принтермен сүйікті бұйымыңызды қайта қалпына келтіре аласыз, – дейді Мейірман.
Әзірге құрылғыдан 20х20 максималды өлшемінен аспайтын заттар басылып шығарылуда. Балалар осы кезге дейін смартфондарға арналған тұғыр, есік тұтқасын, күн жүйесін, Қазақстан картасын, глобус, робототехниканың кейбір жетіспейтін бөлшектерін құрастырған. Сондай-ақ, көліктердің сатылымнан табыла бермейтін кішігірім қосалқы құралдарының да баламасын құрастырған. Білім ордасының мұғалімдері бұл заттарды өз сабақтарында көрнекілік ретінде қолданады екен.
М.Меңдібаев құрылғының қалай жұмыс істейтінін де түсіндіріп берді. Алдымен «Cura», «3D Max» бағдарламаларында үшөлшемді принтерден шығатын заттың сұлбасы бейнеленеді. Содан кейін 3D құрылғыға басып шығаруға жібереді. Принтерден шығатын кескін PLA атты материалды еріте отырып жасалады. Ол табиғи жүгері өнімінен алынатындықтан оқушылардың денсаулығына зияны жоқ екен. Сұлба жасау үшін ақ түс жиі қолданылғанымен мұның да түрлі түстері болады. Сондай-ақ, белгілі бір затты жасап шығару үшін бірнеше сағат уақыт кетеді-мыс. Себебі принтер PLA жібін еріте отырып заттың түріне қарай бірнеше қабат түзуі мүмкін. Ұстаздың есебі бойынша ең қарапайым затты 2 сағат ішінде бітірген. Ал принтерден дайындалған бұйымның ұзақтығы 18 сағатқа созылған.
Бұдан бөлек, 3D сканер принтердің көмекшісі ретінде жүреді. Яғни қосымша бағдарламамен компьютерде жасай алмаған, құрылымы қиын заттарды сканер арқылы қаз-қалпында баламасын өмірге әкелуге болады. Ол үшін белгілі бір затты сканер ортасына қойып, оны үш жақтан суретке түсіру қажет.
Әрине оқушыларға мұнымен жұмыс істеуді бірден меңгеріп кету қиынға соғады. Сол себепті олар ең алдымен «Paint» ортасында визуалды суреттер салып үйренеді екен. Кейінірек бұдан да күрделі бағдарламалармен жұмыс жасай беретін болады.
Аудан бойынша 3D принтер арқылы оқыту осы білім ошағында және оқушылар үйінде ғана іске асырылып отыр. Пән мұғалімі Мейірман мұндай мамандандырылған сыныптар басқа мектептерде де ашылса екен дейді. Ақпараттық, цифрлы технологияларды меңгеру арқылы заман көшінен кенже қалмас едік деген ойын да жеткізді. Әрі-беріден соң бұл бізде білім беру құралы болса, тілін білетін мамандар үшін таза табыс көзі. Себебі бір заттың мінсіз макетін жасау адам қолынан келе бермейтін дүние.
Оқу ордасының бұл бағдарламасы 8, 9, 10 сынып оқушыларына арналған. 20-дан аса бала түстен кейінгі уақытын осы құрылғымен жұмыс жасауға арнайды.
– Бұрын көрмеген құрал-жабдықтар болғандықтан информатика пәніне қатты қызығамын. Мұнда бағдарламалау, web-дизайн мен сайт ашу, үшөлшемді принтер арқылы визуалды қала тұрғызу әдістерін үйрендім. Ұстазымның үздіксіз бағыт-бағдарының арқасында жаңа жоба жасап жатырмыз. Келешекте де осындай әлемдік озық технологиялардың тілін меңгеріп, адамзатты артық жұмыстан арылтатын жаңалық ашқым келеді, – дейді мектептің 9 сынып оқушысы Санат Тиышбай.
Осы жылдың сәуір айында үшөлшемді принтер қолданушы оқушылар арасында сайыс ұйымдастыру жоспарланған. Мейірман Төребекұлы даярлаған шәкірттер де додада бақ сынап көрмекші. Сондай-ақ пән мұғалімі аудан оқушыларын 3D принтердің қалай жұмыс жасайтындығын көріп, білуге шақырды.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ