Қауіпке қарсы қарекет
Төтенше жағдайлар бөлімінің мәлімдемесіне сүйенсек, аудан бойынша су басу қаупі жоғары 11 учаске бар екен. 2018 жылы 22 қауіпті учаскедегі қорғаныс бөгеттерін қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген.
Оның ішінде 20 объектіге облыстық бюджеттен, 2 объектіге аудандық бюджеттен қомақты қаржы бөлінген. Су басу қаупі бар учаскелерден тұрғындарды көшіру мақсатында 14 эвакуациялық жинақтау, осыншама эвакуациялық қабылдау бекеттері және жануарларды көшіру орындары нақтыланған. Десек те өткен жылдың соңында Сырдария өзені арнасынан асып, тосын мінез танытқаны белгілі. Бұл жағдай халықты біраз әбіржітіп, көңілге алаңдаушылық туғызып еді.
Ауданда бірқатар мекемені аяғынан тік тұрғызып, су тасқынына дайындық жылда күшейтіледі. Қалыптасқан үрдіске сай сейсенбі күні қыс және көктем кезеңінде су тасуының қолайсыз дамуы жағдайындағы төтенше жағдайлардың зардаптарын жою үшін жүргізілетін авариялық-құтқару, басқа да шұғыл жұмыстарды дайындау және жүргізу жоспарымен облыстық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өткізілді. Онда 2018-2019 жылдары су тасқынына қарсы шұғыл құрылған азаматтық қорғау жасағының 227 адамы мен 74 бірлік техникасы жұмылдырылды. Азаматтық қорғау қызметтері, ұйымдар, мекемелер, кәсiпорындар және авариялық-құтқару қызметтері күш-құралдарының дайындығы пысықталды. Саптық қарау өткізіліп, азаматтық қорғау қызметі басшыларының міндеттері мен дайындықтары сұралды.
Қазалы ауданының төтенше жағдайлар бөлімінің инженері Шапағат Ермекбаевтың айтуынша, 2018-2019 жылдардың қыс-көктемінде Сырдариядағы суды қауіпсіз өткізуге дайындық жұмыстарын жүзеге асыруға және ауданда су тасқыны кезіндегі шұғыл сақтық шараларының жоспарлары бекітілген. Резервтік қорға 3100 бау қамыс, 1690 қада, 13400 қап, 105 дана күрек, 1 тонна сым жинақталған. 1,5 тонна бензин, 2 тонна дизель жанармайы қарастырылған. Қажетті май мөлшерін алуға «РЗА» акционерлік қоғамы және «Тілеп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен азық-түлік қорын алуға және төтенше жағдайлар зардабын жою кезінде үш мезгіл тамақпен, құрылыс бұйымдарымен қамтамасыз етуге келісім шарттар жасалған.
Ал жергілікті бюджет қорынан 2019 жылға 120 600 000 теңге қаражат көлемі жоспарланған. Бұл қаржы аудан аумағындағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою бағдарламасына, төтенше резервке, шұғыл шығындарға жұмсалатын болады. Осындай дайындықтың арқасында дария бойында су тасқынынан келетін зардап орын алмайды деген халықта үміт бар.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА