Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Судан қауіп сейілді

Судан қауіп сейілді

Өткен жылдың соңында Сырдария өзені арнасынан асып, тосын мінез танытқаны белгілі. Бұл жағдай халықты біраз әбіржітіп, көңілге алаңдаушылық туғызғаны анық. Сондықтан біз аудандық жұмылдыру дайындығы және аумақтық қорғаныс бөлімінің басшысы Ғалым Сматуллаевқа жолығып, орын алған оқиғаның жай-жапсары жөнінде сұрап білген едік.

– Алдымен оқырмандарға желтоқсан айындағы дария бойындағы қарбалас тірлік туралы аз-кем айтып өтсеңіз?

– 2018 жылдың 23 желтоқсанында сағат 14:30 шамасында Сырдария өзенінің бойындағы қорғаныс бөгеті жырылып, су дарияның ескі арнасына қарай кеткендігі байқалды. Орын алған оқиғаға байланысты аудан әкімінің төрағалығымен төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссия отырысы шұғыл өткізіліп, атқарылатын істің жайы нақтыланды. Сондай-ақ жауапты сала басшыларына міндеттер жүктелді.
Дарияға жақын орналасқан тұрғын үйлер мен қора жайларын су басу қаупінен сақтау үшін бөгеттер салынып, бұзылған учаскелерге қажетті құрал-жабдықтар жеткізілді. Жарындыдан аққан су ескі арнаны толтырып, қала шетіндегі үйлердің ауласына тірелді. Осыған орай, тұрғын үйлер мен автожолды қорғау мақсатында әлсіз бөгеттерге бақылау күшейтіліп, мол су көлдер мен жайылымдарға жіберілді.
24 желтоқсанда Қазалы қаласы аумағындағы Қарақұм орманшылығы Ояз бағы №56 мекенжайдағы «Республикалық орман селекциялық тұқым өсіру орталығы» РМҚК «Оңтүстік-батыс аймақ» филиалының 2011 жылы кірпіштен тұрғызылған ғимараттары мен ауласын су алды. Аталмыш мекеме уақытша Қазалы қаласы әкімі аппаратының ғимаратына көшірілді.
25 желтоқсан күні, сағат 18.00 шамасында қорғаныс бөгетіндегі жарынды бөгелді. Су тасқынын тоқтатуға 38 техника, 157 адам қатыстырылды. Жұмылдырылған жеке құрамға қажетті тамақ пен техника жеткізіліп, жергілікті қордан 2,8 тонна жанармай, 14 дана күрек, 2000 қап, лом, балта босатылды.
Ұйымшылдықпен атқарылған жұмыс өз нәтижесін берді. Су тасқыны уақытында тоқтатылды. Осы орайда, республика көлеміне белгілі Самұрат Имандосов басқаратын «РЗА» АҚ, облыстық мәслихат депутаты Мінәжадин Өтеев бастаған «Сыр маржаны», Серік Өтегеновтің «Қазалы Жолшы» ЖШС ұжымы өз үлестерін қосты. Сондай-ақ, Жасұлан Шамұратовтың «Строй Модуль Астана», Көпжан Бижановтың «Жылу–XXI», Әділбек Сарабековтың «ҚазалыСтройСервис», Ақылбек Алмағанбетов басқаратын «Нұртас и К» ЖШС, Ахмет Әділхан бастаған “Арал-Сарыбұлақ топтық су құбыры” Қазалы өндірістік бөлімшесіне, Қазалы қаласы жергілікті қоғамдастық төрағасы Самат Мусаев, Рақымбек Исмағұлов, Шынжырбай Жадырасынов, Арман Қанаев бастаған қала тұрғындары көмектерін аямады.

– “Сақтансаң – сақтайды” деген. Өзендегі қазіргі жағдайды білсек.

– Қазіргі күні дариядан келетін қауіп жоқ. Десек те аудан көлеміндегі кейбір ауылдық округтер Сырдария өзенінің бойына жақын орын тепкен. Сонымен бірге тіршілік қамын күйттеген кейбір шаруа қожалықтары су басу қаупі бар жерлерге жақын орналасқан. Сырдария өзенімен келген мол суды қауіпсіз өткізу мақсатында тиісті мекемелерден өзендегі су деңгейі мен ауа райы туралы күнделікті ақпарат алынып, мониторинг жұмыстары жүргізілуде.

– Синоптиктердің айтуынша, алдағы уақытта да Сырдария өзеніндегі су деңгейі көтерілуі мүмкін. Бұған дайындық қалай?

– Алдағы уақытта мұндай жағдайдың орын алуына жол бермеу және төтенше құбылыстың алдын алу үшін арнайы іс-шаралар жоспары әзірленді. Осыған сәйкес Сырдария өзеніне жақын орналасқан елдімекен тұрғындарына түсіндірме парақшасы таратылып, ауылдық округ әкімдеріне су тасқыны кезіндегі қозғалыс кестесі берілді. Бұл жұмыс біздің күнделікті бақылауымызда. Қазіргі таңда, Сырдария өзенінің су мөлшері бірқалыпты, мұздың қалыңдығы 30-35 сантиметр көлемінде.

– Көктемгі тасқынға дайындық шаралары пысықталды ма?

– Көктемгі су тасқынын алдын алу мақсатында, қорғаныс бөгеттерінің жағдайы анықталып, Сырдария өзеніне жақын орналасқан ауылдық округ әкімдіктеріне төтенше жағдайдың уақытша алдын алу жұмыстарын жүргізу үшін (қап, күрек, арқан, балта, қада, сүймен т.б) қажетті құралдар тапсырылды.

– Әңгімеңізге рахмет. Әрқашан тілсіз жаудан аман-есен болайық!

Әңгімелескен
Жеңісбек АЙЫМҚҰЛОВ

12 қаңтар 2019 ж. 1 026 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 73

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930