Үлкенге құрметіміз қандай?
Ертеден-ақ қазақ халқы “Баланы жастан” деп барлық рухани құндылықты ұрпақ тәрбиелеу игілігіне жұмсаған. Жастайынан ауыз әдебиетімен сусындатып, ұлы тұлғаларды үлгі етіп, ұлтжандылыққа үндеген. Әке мен ананы қадірлеу, үлкенді ардақтау, кішіге ізет білдіру бұлжымас парыз екендігін санаға мықтап сіңірген. “Болашағыңды білгің келсе, бүгініңе қара” демекші бұл күндері сол ежелден жеткен жауһар үрдістің арқауы босаң тартқан сияқты. Соңғы уақыттары үлкенді сыйлап, құрметтеу жағы көмескіленіп бара жатқандай. Көптің пікірін оқып, ой қосыңыз.
Шарафадин АЛТЫНБАЙҰЛЫ, зейнеткер, Қазалы ауданының Құрметті азаматы:
– Ес білгелі мені үлкен мен кішінің арасындағы қарым-қатынастың неге өзара сыйластыққа ұласа бермейтіні мазалап келеді. Бұл мәселеге байланысты 2000 жылдан бері ұрпақ тәрбиесі мен ғылыми педагогика бағытында бірнеше кітап жаздым. Бірақ өзім кездесіп, сағымды сындырған кейбірінің қисынсыз қылығы жан жабырқатады.
– Ес білгелі мені үлкен мен кішінің арасындағы қарым-қатынастың неге өзара сыйластыққа ұласа бермейтіні мазалап келеді. Бұл мәселеге байланысты 2000 жылдан бері ұрпақ тәрбиесі мен ғылыми педагогика бағытында бірнеше кітап жаздым. Бірақ өзім кездесіп, сағымды сындырған кейбірінің қисынсыз қылығы жан жабырқатады.
Биылғы күзде демалысқа келіп қайтып бара жатқан екі немеремді Қызылорданың автобусына мінгіздім. Олардың орнына 20-25-тердегі бойжеткен, баласымен бірге жайғасып алыпты. Белгіленген орынды босатуды сұрап едім, есітпеген сыңай танытты. Дауысым қатқылдау шығып еді, маған қарсы сөйледі. Кішілік әдеп танытпай, мәдениетсіздігін аңғартты. Бұл адам иманындағы «бүкірлік», сонау құрсақтан басталған тәлім-тәрбиенің дұрыс еместігін көрсетеді.
Мен көбіне жаяу жүргенді ұнатамын. Себебі көшеде көп адаммен кездесемін. Сондайда бірқатар жігіт-желең мен бойжеткен қыздардың сыпайы қылықтарын көріп, риза боламын. Керісінше, кейбірінің оғаш мінезі мен қыз-келіншектің қағып-соғып кете жаздайтын жүрісіне қарным ашады.
Сондайда есіме 1995 жылы «Труд» газетінің 2 желтоқсандағы нөмірінде жарық көрген 10 жасар баланың «Бунт против жизни» деген өлеңі түседі. Оның қазақша философиясы: «Шал болып туып өмірден, сәби боп неге өтпедім». Өзінің өкінішті өміріне күйінген жас бала, анасына шал сияқты бәрін түсініп туып, күнәсіз өмір сүріп, сәбилерше пәк күйінде өтуді армандағанын жеткізеді. Осыдан-ақ жастардың жасамысты «сынай, міней» беретіні, үлкеннің кейінгіге көңілі тола бермейтіні тым әріде жатқанын түсінесің.
Сондықтан олардың үлкенге құрмет жасауы, өз ертеңін ойлауы екенін есінен шығармағаны жөн. «Көрген көргенін, көсеу түрткенін істейді» дегендей, балғын шақтағы тәлімнің маңызы қашанда жоғары тұрады.
– Ата-бабалар сан ғасыр бойы ұстанып келген ислам дінінде жасы үлкен кісіні сыйлауды, тіпті жолыққан адамың өзіңнен бір күн үлкен болса да оны құрметтеуді міндеттейді. Сол сияқты кішіге де, ізет етуді қалыс қалдырған емес. Үлкенді қадір тұту дінмен қатар салт-дәстүрдің де негізгі қағидасы болып табылады.
Үлкенді сыйлау мұсылман қоғамында басты орынға қойылады. «Үлкенді сен сыйласаң, кіші сені сыйлайды, кіші сені сыйласа, кісі сені сыйлайды» деген халық даналығы осындайдан қалыптасқан.
Пайғамбардың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Кімде-кім үлкендерді жасына қарап, оларды сыйласа, онда Алла Тағала ол кісіні қартайған кезде, оған қызмет ететін адамдарды нәсіп етеді» делінген. Біздің пайымға сүйенсек «Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келеді» деген тәмсіл осы хадиспен ұштасып жатқандығын түсінеміз. Қазақтың Еуропа халқынан басты айырмашылығы – ұрпағы үшін көбелектей отқа түсетіні. Бұл біздің ұлттық ұлы қасиеттің бірі.
Сондай-ақ «Бақыт – қолдағы мұз, ериді де кетеді, қыз – қолыңдағы құс, ұшады да кетеді, ұл – артыңдағы із, келешекті жалғайды» дейді. Әрбір қазақ баласының соңында тегін жалғастыратын ұрпақ қалғанын тілейді. Тағы да «Баланың асыл болғаны – ата-анасын сыйлағаны» дегенді естен шығарып алмай, жас өскіннің жадына сала жүрейік.
– Қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы ғасырдан-ғасырға ұмытылмай жалғасып келе жатқан қазынасы. Жасы үлкен кісіге ізет көрсету үлгісін әрбір ұлттан кездестіруге болады. Ал біздің елде де бұл дәстүрге ерекше мән берілетінін бүгінгі жастар ұмытпауы тиіс. Сонымен бірге оны жаңғыртып, берік сақтаудың жолын қарастыру қажет.
Қоғамдық көлікте үлкен адамға орын бермеу немесе олардың сөзін тыңдамау, айтқанын орындамау сияқты қазақы ғұрыпқа жат әрекетті кезіктіреміз. Осындайда «Ұлттық тәрбие мектебін қалайша сақтап қаламыз?» деген сауал ойлантады.
Негізі, барлық тәрбиенің қайнар көзі отбасынан басталады. Ата-ананың ақыл-кеңесін көңіліне түйіп өскен әрбір ұл-қыздың болашақта адамдық міндетке, дәстүрге де жауапкершілікпен қарайтыны сөзсіз. Отбасынан кейін балабақша, мектеп те балаларға жасы үлкен қарияларға қамқорлық көрсетуді үйретіп, қаперлеріне салып отырса құба-құп. Үйге ақсақал келсе төрге оздыру, жоғарыдан орын беру сияқты әдет-ғұрыпты берік сақтай білсек, елдігіміздің бір белгісі осы болмақ.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА