Себет тоқып, гүл ораған

Шебердің – қолы ортақ. Пайдалы іс жасауға қабілетті адамның мүмкіндігі шектеулі болса, оған қолайлы жағдай ұйымдастыру тұтас қоғамның міндеті екені даусыз. Жұбатқан Қыдырбайұлы мүмкіндігінің әлеуеті шектеулі балалар қатарында. Жасынан арнайы жалпы бiлiм беретiн оқу бағдарламасы бойынша үйден оқытылды. Онымен Жанқожа батыр атындағы №70 мектеп психологы мен әлеуметтік қызметкерлер жұмыс істейді. Әрбір адам сезіну мен ойлауға қабілетті және өзіндік пікірін айтуға құқылы деген қағиданы ұстанған тілеулестері шәкірт қабілетін дамытуға құштар. Қазір Жұбатқан қызығушылығының арқасында түрлі көрмеге қатысып, өз өнерін Алматы, Қызылорда қалаларында және Қазалы ауданында көпшілікке ұсынып үлгерді.
«Қолөнермен айналыса бастаған кездері мұғалімге көрмеге қатыстыруға өтініш білдірдім. Ойым өзге өнерлі балалармен тәжірибе алмасу, жаңа идея алу, өз туындымды көрсетіп, дос табу еді. Бұл ұсынысымды қоштаған ұстаздар жан-жаққа апарды. Елдің көзіне түстім, жүлделі орынға қол жеткіздім. Көппен араласқанда көңілім көтеріліп қалады. Сондықтан шығармашылықпен шұғылданудың пайдасы зор. Осы ермегім арқылы өмірге деген құлшынысым арта түседі. Көп ізденіп, кітап оқығым келеді. Дегенмен, көзіме салмақ түсетіндіктен тек ғаламтордан «ютюб» арқылы дайындалған роликтерді көремін», – дейді ол.
Бүгінде Жұбатқан қолдан жасаған бұйымдарға тапсырыс орындап, одан түскен қаражатқа қажетті құрал-жабдықтар алады. Оның айтуынша, тапсырманың екі-үш күн бұрын берілгені дұрыс. Өйткені ойлаған затты дайындау бір өзіңе оңайға соқпайды. Мәселен, гүлге толы себетті немесе үлкен құмыраны жасауға 500-ге жуық газет беті пайдаланылады екен. Олардың әрқайсысын жіңішкелеп орауға шыдамдылық керек. Бұл қиын да, қызық шаруа біреулерді жалықтырып жібереді. Алайда шын шебер үшін бірнеше сағат немесе күні бойы отырып, сүйікті ісімен айналысу ғанибет саналады. Жас өскін мейрам күндері ана, апа-қарындасы мен жеңгелеріне қағаздан дайындаған гүлін сыйлайды. Он саусағынан өнері тамған оған көктем, жаз айларында қолөнер бұйымдарын, естелік сый-тартуларды жасатуға келетіндер көбейеді. Мұндай кезде ерінбей затты уақытылы дайындауға бар күш-жігерін жұмсайтын көрінеді. Мәселен, себетімен 101 райхан гүлін дайындаған кездері болған. Жалпы Жұбатқанның жаны нәзіктікті ұнататындықтан ашық түсті гүлдерді жақсы көреді. Арманы да асқақ. Информатика саласын меңгеруді ойлап жүр. Компьютердің қыр-сырына қанықсам дейді. Себебі уақыт талабына сай оның келтірер пайдасы ұшан-теңіз екенін түсініп отыр. Жанына батқан ауыртпалықты елемей, өзін күнбе-күн қамшылайды. Амандық болса қиялындағы ой-арманын жүзеге асырғысы келеді.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА