Шырайлы шығыстан келген ерекше меймандар
Кеше Қызылорда облысына ерекше қонақтар келді. Шырайлы шығыстан келген балақайлар – Өскемендегі «Үміт» балалар үйінің тәрбиеленушілері. Бұл жолғы сапар әдеттегіден ерекше. Ондағы мақсат – аймағымыздағы «Атамекен» балалар ауылының тәрбиеленушілерімен арада достық қарым-қатынас қалыптастыру. Сонымен қатар, екі жақтың тәрбиешілері балаларды Сыр елінің киелі жерлерімен, тарихымен таныстырарда достық даңғылын салып, өзара байланыс орнату.
Достарын ерекше ықыласпен қарсы алған «Атамекеннің» тәрбиеленушілері өздерінің концерттік бағдарламаларын ұсынды. Сондай-ақ, үш ай жазғы демалыста қолөнер шеберлерінен алған дәріс барысында жасаған бұйымдары қойылған көрмені назарларына ұсынды.
Шара барысында арнайы сөз алған «Үміт» балалар үйінің директоры М.Бейсеканова балаларға достықтарының берік болуын тілеп, Өскеменнен әкелген сәлемдемелерін тарту етті. Одан әрі оқушылар қаланың көрікті жерлерін аралап, тарихи нысандарда болды. Үш күндік сапар барысында балалар «Қорқыт ата» мемориалды кешеніне, «Байқоңыр» ғарыш айлағына және Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне барады.
Айта кетейік, аталмыш шара елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылуда. Бұл жазда жалғасын тауып, «Атамекен» отбасы үлгісіндегі балалар ауылының тәрбиеленушілері Өскеменге баратын болады. Мұндай үлкен мүмкіндікке балалар Елбасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қол жеткізіп отыр.
Облыстық «Рухани жаңғыру» орталығы