Сөмкеңізде не бар?
Қашан да қылықты қыздардың аксессуарлары – олардың ең жақын достары саналады. Солардың бірі де, бірегейі – қол сөмкелері. Қыздардың мінезін сөмкесіне қарап анықтауға болады дейді. Әйел затының сөмкесі өз иесінің мінез-құлқы, жасы, кәсібі, темпераментінен хабардар ететін көрінеді. Ендеше біз де көшеге шығып, арулар асынған сүйкімді сөмкелерге зер салдық.
Әлима Қарабекова:
– Мен үйде отырған, бала күтіміндегі әйелмін. Менде телефоным, әмияным, беторамал, базардан алатын заттарымның тізімі, пакеттер бар. Артық ештеңе салып жүрген жоқпын.
Күлмараш Есенқазықызы:
– Зейнеткермін. Бұл нәрсені ұстамасақ болмайтын әдет таптық қой. Шағын қолтыққа қысылған қолдорбамда көзәйнегім, тойға апаратын тартуларым, ақшам, бір рет қолданатын қалташалар бар. Тойға барған соң немерелеріме сарқыт әкеліп беремін. Ондайда кімнен артық қалта сұрап, бағаңды төмендетесің. Дастарқандағы ауысқан нәрселерді ырым етіп аламыз, ауыспай қалса, пакетім сөмкемде тұра береді. Айтпақшы, желпуішім де бар (күліп алып).
Ұлжан Таңатова:
– Қазір мынандай иық сөмкелері трендте. Ол менің ең жақыным. Ішінде телефоным, қалталы телефон қуаттандырғышым, ылғалды сулық, тарақ, айна, боянатын заттарым, қойындәптер, қаламсап, флешка, қызметтік куәлік, әмияным ұқыптылықпен орналасқан. Жалпы, сөмкеге артық зат салғанды ұнатпаймын. Қағазды құжаттар көтермей, оны флешкаға салып аламын. Қол, аяқ киім, басқа да заттар бүлінсе, ылғалды сулықпен сүртемін. Кеңседе жұмыс істеген соң, онда телефонды қуаттандыру ыңғайлы емес. Ал сөмкеде ыңғайлы әрі қауіпсіз. Қойын дәптер мен қаламсап керекті мәліметтерімді кез келген жағдайда жазуға ыңғайлы.
Гүлзада Жұмажанова:
– Далап, телефон, әтір, ылғалды сулық, әмиян, беторамал, су ішетін құтым, дәрім бар.
Айгүл Жанасыл:
– Менің сөмкем көп қыздардікінен қызығырақ. Боянатын заттарым, әмиян, телефоным, құжаттарым міндетті түрде болады. Сосын келіншек болған соң, орамалым мен шұлығымды сөмкеме үнемі салып жүремін. Олар маған ауырлық етпейді, қайта қандай жағдайда да көмектеседі. Кейде жарнамалар мен түбіртектер де табылады. Шай ішуге арналған тәттілер де бар.
Ләззат Мерейқызы:
– Сөмкенің түр-түрі бар ғой. Оған не салатының баратын бағытыңа байланысты. Мәселен, күнделікті пайдаланатын бұл қол сөмкемде телефоным, желімдемелі жапсырма, ақ, қара ине-жіп, кілт, бояулар бар. Қазір электр жарығын тұтынғанға ақша төлеуге бара жатырмын. Соның есебін түсіріп алған қағаз. Мына қалтасында кредиттің құжаттары бар.
Біз кездескен көрініс осындай болды. Енді аруларымыздың назарына төмендегі қызықты жайттарды жаза кетуді жөн санадық.
Сөмкесін қолтық астына қысып жүретін қыздар іскер, батыл болады екен. Олар мақсатына сүрінбей жетеді. Мансап жолында өзінің жеке өмірін ұмытуға бар. Мұндай қыздар тұйық, барлық қиындықтарды өз ішінде өткереді.
Арқа сөмкелері арудың мінезіндегі балалық қасиетін көрсетеді. Бұл ару әлі де кішкентай қыз, ол ересек адамдардың арасында өзін бөтен сезінеді.
Сөмкесін шынтағына іліп ұстау қыздардың қырсықтығын білдіреді екен. Алайда олардың мінезі көбірек еркелеуге жақын, нәзік жанын жасырын ұстайтындар.
Дәстүрлерді құрметтейтін сұлулар сөмкесін қолда берік ұстап жүреді. Олар айтқан сөздеріне, жасаған істеріне мұқият болады, қателіктер жібермейді, кемшіліктерін көрсеткісі келмейді. Мұндай қыздардың ұқыптылығы мен қаталдығын басқалар тәкаппарлық деп қабылдауы мүмкін.
Үлкен сөмкеге иегер арулардың шыдамдылығы аз. Жұмыста да, үйде де ол бірден және бәрін қалайды. Олар ыңғайлылық пен қарапайымдылықты бәрінен жоғары қояды. Классикалық пішінді және стильді сөмкелерді іскер, пысық қыздар таңдайды. Олардың киімі де классика стиліне жақын. Мұндай қыздар мансап жолында көп жетістіктерге жетеді, болашаққа да мақсаттары көп. Олар өздерін жоғары бағалайды. Сонымен қатар, тыныштық, жалғыздықта демалғанды жақсы көреді.
Түрлі түсті, ерекше, батыл дизайнды сөмкелерді батыл, өнер аруларының гардеробынан таба аласыз. Өнерге жақын адамдар әр уақытта жаңа, ерекше заттарға әуес болады. Сыртынан қарағанда батыл көрінгенімен, шын мәнінде олар сынға өте сезімтал келеді. Қара түсті сөмкені ұқыпты, үнемшіл қыздар ұстайды. Олар тек жақын достарымен ғана араласады, ал жаңа адамдармен тіл табысуы үшін көп уақыт пен күшті қажет етеді.
Ашық түсті сөмкелерді романтикалық қыздардың қолынан көре аласыз. Олар көңілдері ашық, мейірімді, басқалармен оңай тіл табысады, дейді психологтар.
Сөмкеңіз қандай болса да, оның ең маңызды қызметі сіздің сәніңізге сән қосуымен бірге жұмысыңызды жеңілдету екенін естен шығармайық.
Дайындаған, Алтын ӘДІЛХАНҚЫЗЫ