Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Екпеден бас тартқан ата-аналар заң алдында жауап береді

Екпеден бас тартқан ата-аналар заң алдында жауап береді

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі өз баласына вакцинация жасамаған ата-аналарды жауапкершілікке тарту мәселесін қарастырып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Вице-министр Алексей Цойдың айтуынша, ондай жауапкершілік денсаулық сақтау туралы жаңа кодекске енгізілуі мүмкін.
«Қазіргі кезде біз қоғамдық ұйымдармен, жалпы, жұртшылықпен осы мәселені кеңінен талқылап жатырмыз. Себебі адам ауырып жүрсе де, басқалардың денсаулығына немқұрайлы қараса, тиісті ем-домды қолға алмаса, оған қарсы бір шара болу керек деп ойлаймыз. Мәселен, менингит бар. Онымен ауырған адам инфекцияның қауіпті екенін біле тұра, көп халық отырған жерге келсе, қауіпті емес пе? Сондықтан біз осы мәселені кеңінен қарастырып жатырмыз. Әрине, адам құқықтары және тағы басқа жайттар бар», - деді А.Цой журналистерге берген сұхбатында.
Оның айтуынша, вакцина мәселесі де солай. Мемлекет ауруға қарсы ем-домды ұсынады. Алайда кейбір адамдар оны біле тұра, вакцинациядан бас тартады. Демек, жеке жауапкершілік мәселесі туындайды.
«Сосын ол адам вакцинадан бас тартқаннан кейін ауырып қалса, оны мемлекеттің ақшасына қайтадан емдеген қаншалықты әділетті? Осы жағын да қарастыруымыз қажет», - деп атап көрсетті А.Цой.
Ал Бас санитар Жандарбек Бекшиннің сөзіне қарағанда, бүгінде вакцинациядан бас тартатын азаматтардың саны азайып келеді.
«Ашығын айту керек, вакцинадан бас тартудың негізгі себебі - діни көзқарас. Ондай адамдардың саны 60 проценттен асып отыр. Олар теледидар көрмейді, газет-журнал оқымайды, гаджеттерді пайдаланбайды. Біз ондай адамдардың әрбіреуімен жеке-жеке жұмыс істейміз. Мәселен, 2016 жылы 250 адам өз көзқарасын өзгертсе, ағымдағы жылы 8 айдың ішінде ондай адамдардың саны 2220-ға жетті», - дейді Ж.Бекшин.
Айта кетейік, бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрлігінде инфекциялық ауруладың алдын алу жөніндегі республикалық штабтың отырысы өтті. Сол жерде Астана мен Маңғыстаудағы менингококк инфекциясына қатысты соңғы деректерді жариялады.
Сондай-ақ, министрлік дәрігердің науқасты тепкілеу оқиғасына қатысты өз ұстанымын білдірді.
05 қазан 2018 ж. 1 084 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930