Тағылымы мол байқау

Жобада тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Ж.Тілеуқабыл, қор сақтаушы Қ.Ерболат, білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің әдіскерлері Э.Ержанова мен Р.Үмбетов, аудандық орталықтандырылған кітапхананың оқырмандар бөлімінің меңгерушісі З.Мұстафаева қазылық етіп, қатысушыларға бағасын берді.
Байқаудың ашылуында музей директоры Сәкен Әлішев сөз сөйледі.
«Өткен менен кеткенді көп жасаған қарт білер» демекші, ел басына қиын-қыстау күн туған Ұлы Отан соғысы жылдарында, «ер етігімен су кешкен, ат ауыздығымен су ішкен» аласапыран уақыттарда халықтың бейбіт заманда өмір сүруі үшін бастарын бәйгеге тігіп, өлім мен өмірдің ортасынан елін, жерін, тілін, дінін, салт-дәстүрін болашақ ұрпағына аман-есен жеткізді, біз сол үшін де қарыздармыз. Қарттарын ерекше құрметтеп, ардагерлерімізді ардақтаған елдің баласымыз. Ендеше өзіміздің қарттарымызды дәріптеу мақсатында бүгін біз аудандық тарихи-өлкетану музейі аудандық білім бөлімімен бірлесе отырып, мектеп оқушылары арасында ғылыми жоба байқауын ұйымдастырып отырған жайымыз бар», – дей келе жобаға қатысушыларға сәттілік тіледі.
Ғылыми сайысқа 31 оқушы қатысты. Олар заманында әр сала бойынша қызмет атқарған тұлғалар мен ауылдық жерде еңбек жасаған ауыл қарттарының өмірін зерттеп, жобаға ұсынды.
Нәтижесінде әділқазылардың шешімімен 14 оқушы жеңімпаз атанып, марапатталды.
Жанат ТІЛЕУҚАБЫЛ,
Қазалы аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері.