Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » БАҚ-тың бүгінгі міндеті

БАҚ-тың бүгінгі міндеті

Ел ордасы – Астанада «Жаңғыру 3.0 – Тұрақты даму мақсаттары аясындағы Smart-журналистика» республикалық мобильді мектебі жұмысын тәмамдады. Осымен алтыншы рет ұйымдастырылған шара Адам құқығын қорғау күніне арналды.
Коммуникациялық мектептің ашылу салтанатында БҰҰ Қазақстандағы ақпараттық бюросының басшысы Властимил Самек құттықтау арнап, Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Петропавл өңірінен келген жас қаламгерлерге сәттілік тіледі. «Журналистің цифрлық сауаттылығы», «Жасанды интеллект симбиозы», «Виртуалды журналистиканың болашағы» секілді тақырыптарды қаузаған басқосудан қатысушылар үлкен әсер алып шықты. Медиа саласының майталмандарымен тәжірибе алмасты. Ашық сұхбаттасып, ой бөлісті. Шеберлік сыныптарында технологиялар мен инновациялық әдіс-тәсілдерді пайдаланудағы жаңа дағдыларды игерді.
Ең бірінші болып жастармен тілдесуді «Атамекен» ҰКП, біліктілік орталығының портал жетекшісі Мейрамхан Жәпек бас¬тады. Білікті маман ақпаратты тез әрі жылдам тарату, сауатты контент жасау мәселелерін көтерді. Журналистика саласында білім алатын студенттердің бірегей пікір алмасатын платформасын қалыптастыруын да шет қалдырмады. «Қазақ интернеті» ҚБ директоры Серікқазы Кәкібаланов сапа¬лы мультимедиалық контент құру қажеттілігіне тоқталды. Видео, фотомен жұмыс істеудің онлайн өңдеу тәсілдерін ұсынып, жаңадан қолданысқа енген мобильді қосымшалардың жұмысымен таныстырды. Оның пікірінше, қазір баланы ғаламтор тәрбиелеп келеді. Онда қазақы дүниелерден гөрі шетелдік өнім басым. Ұрпақ содан тәлім алуда. Блогосфера үздіксіз даму үстінде. Тіпті, «фейсбук» желісінде жазғанның бәрін блогер деп қабылдаймыз. 90-жылдары елімізде сауда саласы жұмыс жасап, 2000-жылдары өркениетке икемделе бастаған еді. Блогерлердің жұмысы да қазір дәл осы жолмен келе жатыр.
– Мамандықтардың мемлекеттік классификациясында блогер деген жоқ. Сондықтан, блогерді журналист ретінде қабылдау дұрыс емес. Ол – өзінің азаматтық көзқарасы арқылы ақпарат жеткізуші. Жер бетіндегі адамдардың 90 пайызы блог жүргізсе, олардың бәрі журналист атанар еді. Осы себепті оларға белгілі бір деңгейде қоғамға ықпал ете алатын әуесқойлар тобы ретінде қарау қажет. Сондай-ақ, жаһандану заманында ақпарат ағымының сарқылмас күшін пайдаңа жарата білуің керек деген ойдамын. Ақпарат – бұл бүгін. Жаңалық – бүгін. Кешегі, бір сағат бұрынғы ақпарат жаңалық емес. Жеделдік дәуірлеген тұста баспасөз өкілдері де кәсіби сауаттылығын арттырғаны дұрыс. Жастардың да ақпараттық тұрғыдан сауаттануына, яғни медианы тұтынудың жоғары деңгейін меңгеруіне күш салуымыз керек, – деді С.Кәкібаланов.
Ал телевизия саласының қыр-сырымен бөліскен «Хабар» телеарнасының аға редакторы Алма Сайлауқызы қазір жас журналистердің басым бөлігі танымалдылықты тәуір көретінін жеткізді. Әр заманның өз үрдісі болатынын, табыс көзіне ұмтылу – табиғи қажеттілік, соның ішінде тележурналистің даусы, бет-әлпеті, жазуы тауар екенін атап өтті.
– Телеарнаны танымалдылық үшін маңайлау қажет емес. Мұнда сен тек болашағыңды айқындау жолында бар күшіңді сарп етіп, өзіңді жаңа қырынан ашуға, дамытуға ден қою керексің. Танымалдылық тәуір дүние шығар. Егер халық сенің шын талантыңды танып, оң бағасын беріп жатса. Алайда, кей жастар телеарнаның жұлдызы болуға асығады. Осы орайда танымалдылыққа ұмтылмау керектігін алға тартқым келеді. Рухани азығың бай болып, кәсібіңді шын сүйсең, ол өзі-ақ келеді. Кәсібіңді жетік меңгеріп, сол саланың майталманы болғанда ғана, оның пайдасын көрдім деп айтуға да болады, – деді А.Сайлауқызы.
Ауқымды шара барысында қатысушылар тарихы терең «Егемен Қазақстан» газетінің тыныс-тіршілігіне қанығуға да мүмкіндік алды. Ұжымның басқарма төрағасы, белгілі ғалым, публицист Дархан Қыдырәлімен кездесіп, талай арыстар қолтаңбасын қалдырған газет қашанда халық мүддесіне қызмет еткенін және алдағы уақытта да оның жаңа талап деңгейінен табылатынына көз жеткізді. Дархан Қыдырәлі де өз кезегінде медиа кеңістікте бәсекелестіктің күшке енгенін, жаңа заман шақыруларына байланысты оқырман тілегі ескерілуі тиіс екенін тілге тиек етті. Жас журналистерге аудиторияны терең зерттеу, жазылар материалдың көлемін ықшамдау, интернет сайтпен жұмыс істеу, оны жетілдіру секілді дүниелерді игеруге шақырды. Осылайша, медиа алаң шығармашыл жастардың шабытын шалқытып, бірлескен жобалар жасауға серпін берді. Расында, мұндай шаралардың медиа саласының мамандарына да берер пайдасы мол. Бұл – ең әуелі, коммуникация алаңы. Онлайн желіде жүйрік болғанымызбен, жүзбе-жүз кездесіп, пікір алмасу, өзіңді дамыту – алдыңғы орында. Екіншіден, білікті мамандардан дәріс тыңдау арқылы биік мақсаттарға бір қадам жақындауға мүмкіндік бар. Ұйымдастырушы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультеті баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының профессоры, саяси ғылымдарының докторы Гүлмира Сұлтанбаеваның айтуынша, келесі медиа мектептерде де маңызды мәселелерге басымдық беріледі. Жастарға жаңа медианы өндіріске енгізуді үйрету, мультимедиалық веб-редакциялар құрып, онда жұмыс істей алатын білікті мамандар дайындау бағытындағы ізденіс жалғасын таппақ. Білім беру стандарттарының тиімді тұсын пайдалану да – басты назарда. Тағы бір міндет – ақпараттық сауаттылықты үйрету арқылы интеллектуалды ойлайтын жас журналистерді тәрбиелеу.
http://syrboyi.kz
04 қаңтар 2018 ж. 1 968 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 30

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930