Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаңғырудың басты шарты – ұлттық кодты сақтау

Жаңғырудың басты шарты – ұлттық кодты сақтау

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бұдан бұрынғы «Ұлы Дала ұлағаттары» деген мақаласында туған жер, ана тілі жайлы толғанысқа толы мақаласын оқып, оны өмір ағымында басшылыққа алғанбыз. Бұл жолғы Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы талқылауға жатпайтын, қоғам өмірінің барлық саласында орындалуға тиісті ойды қозғап отыр. Шын мәнісінде, бұл мақала бізде ұлттық идеология жоқ деп өздерінше популизмге бой алдырған адамдарға бағдаршам іспетті.
Мақаланың «XXI ғасырдағы ұлттық сана» туралы I бөлімінде «Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес» деп тұжырымдаған Елбасымыз: «Жаңа тұрпаттағы жаңғырудың ең басты шарты сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніміздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай», – деп ашығын айтады.
Қазіргідей жаһандану заманында ұлттық дүниетанымымызды, санамызды жаңғырта отырып, кемелдендіру бізге үлкен міндеттер жүктеп отыр. Болашақтың бағдарламасына айналған мақалада аталған ұлттық сананың қалыптасып, рухты жаңғыртудың тағы бір жолы студенттерді өнер арқылы эстетикалық сұлулыққа, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, құндылықтарды сақтауға тәрбиелеу.
Бүгінгі таңда өзінің рухани құңдылықтары әбден қалыптасқан, туған жері мен елін сүйетін, айнала қоршаған ортасымен үндестікте өмір сүретін, жан-жақты дамыған рухани тұлғаны тәрбиелеу қоғам өмірінің барлық жүйесінің басты мәселесіне айналып отыр. Мақалада қоғамдық сананың жаңғыруы тұрғысында нақты ұсынылып отырған мәселе, атап айтқанда «Туған жер» бағдарламасы жалпыұлттық патриотизмнің негізі болып табылады. Ұлттық рухтың мазмұны – өз ұлтыңа деген ерекше сүйіспеншілік. Ол сүйіспеншілік бізге туған жердің топырағымен, ауасымен, тау-тасымен бірге сіңеді. Елбасы бұл туралы өзінің рухани жаңғыруды бағдаршам еткен мақаласында «Туған жер» бағдарламасын ұсынды. Ұлтты сүю Алла берген дарын, қасиетпен жиған білім-тәжірибені еңбекпен елдің өсіп өркендеу жолына жұмсау. Бұл – ұлы мұратымыз болуы тиіс.
Ұлттық құндылықты ұлықтауға үндейтін мақалада руханиятты жаңғырту ісі немесе ел мәдениеті мен өнерінің ерекшеліктерін сақтау мәселелері саяси-экономикалық жаңғыртумен шектелмейтіндігі нақты айтылған.
Мемлекет басшысының мақаласынан мен еліміздің осы кезге дейінгі жүріп өткен тарихи жолы мен жетістіктер кезеңіне қатысты құндылықтарды көздің қарашығындай сақтауға шақырғанын көремін. Алайда, осы тарихымызды тереңнен танып-білу барысында берідегі жетістіктерімізді, мәдениетіміз бен өнерімізге талантты адамдары мен үздік туындыларын берген кеңестік кезеңді ұмыт қалдыруымызға болмасы анық. Себебі, бүгінгі керемет өнер шеберлеріміз бен әншілеріміз, ақындарымыз бен жазушыларымыздың көңілінен шыққан көптеген ғажап туындыларымыз өзінің бастауын сол кезеңнен алады.
Еліміздің Президенті Нұрсұлтан Назарбаев¬тың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасы әрбір қазақстаңдықтың жүрегіне жол тауып отыр. Өйткені, әр адамның туған жері бар. Өмірдің өз тәжірибесі көрсеткендей, Президенттен бастап қарапайым жұмысшыға дейін Астанада немесе Алматыда тұрса да бір бүйрегі туған жеріне бұратыны шындық. Осы орайда Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаевтың бас¬тамасымен облыстың барлық аудандарында «Туған жерге тағзым» шаралары өткізілуде. Мұндай шаралар біздің Қазалы ауданында да өтті.
Азаматтар арасында өз туған жерлеріне спорт алаңын, мешіт, мектеп, балабақша салып берген жомарт жандар бар. Алдағы уақытта Елбасының бағдарламалық мақаласында айтылған «Туған жер» бағдарламасына өз үлесін қосатын патриот жандар көбейері сөзсіз. Туған жеріне көмек қолын созып, ауылдастарының алғысын арқалайтын жандардың көп болуы елдіктің, бірліктің белгісін айқындайтыны анық.
Қасиетті Қазалы өңірі тарихи-мәдени орындарға бай өлке. Біздің туған жерімізде талай батырлар мен ақындардың ізі қалған, онда елдің көркеюіне үлес қосқан қоғам қайраткерлерінің қолтаңбасы бар. Ауыл көлеміндегі әр отбасында ұлттық құндылығымыздың куәсі болатын жәдігерлер табылатыны шындық.
Адами, материалдық, табиғи және өзге де ресурстарды қоспағанда табыстың таңғажайып факторы ұлттық рухтың болуы деп пайымдаймыз. Ел Президенті өзінің бағдарламалық мақаласында: «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс», деп атап көрсеткен болатын. Өздеріңіз көріп отырғандай, бұл барша заманаларға арналған айнымас аксиома.
Әрбір адамның тағы бір игі міндеті өзінің эстетикалық талғамын жетілдіре беру, әсемдікті дұрыс түсініп, бағалай білу, сол әсемдікті жасауға өз еңбегімен үлес қосу. Әрине, игі қасиеттер адамның бойында өзінен-өзі стихиялы түрде пайда бола салмайтыны түсінікті. Санадағы ескіліктің сарқыншағымен батыл күреспейінше әрбір қоғам мүшесін рухани жағынан бай, моральдық тұрғыдан кіршіксіз етіп тәрбиелеу қиын.
Ғасырлар бойы халқымыздың кәдесіне жараған бұйымдарды, ұлт жәдігерлерін білмеу үлкен сын. Сондықтан да әр ауылда өткенімізді еске түсіретін, ұлықтайтын бұрыштар ашылып, ұрпағымыздың ел тарихына, мәдениетіне, салт-дәстүріне қызығушылығы артып, қадір-қасиетін түсінері анық.
Прагматизм өзіңнің ұлттық және жеке байлығыңды нақты білу, оны үнемді пайдаланып, соған сәйкес болашағыңды жоспарлай алу, ысырапшылдық пен астамшылыққа, даңғойлық пен кердеңдікке жол бермеу деген сөз. Қазіргі қоғамда шынайы мәдениеттің белгісі орынсыз сән-салтанат емес. Керісінше, ұстамдылық, қанағатшылдық пен қарапайымдылық, үнемшілдікпен орынды пайдалану көргенділікті көрсетеді.
Кез келген істің нәтижелі болуы еңбекке деген қатынасқа байланысты. Біздің санамызда қатып қалған «қазақ сондай» деген стериотиптен арылатын кез әлдеқашан жеткен. Жанкештілікпен жанашырлық таныта отырып, уақытпен санаспай адал қызмет ету басты парызымыз. Әркез сөзіміз бен ісіміз үйлесім тауып жатса, ғанибет емес пе?
Мемлекет басшысы өзінің «Ғасырлар тоғысында» атты кітабында: «Мен өз халқымның көнбеске көніп, шыдамасқа шыдай білетін төзімділігіне қайран қаламын. Мәңгіліктің қатыгез басқыны біржолата шайып әкетететіндей талай қилы кезең тұсында қиналса да аман қалыпты. Қазақтар талай жерде тұтасымен қырылып кетуге шақ қалды. Бірақ өмірге, азаттыққа құштарлық қайтадан жығылған еңсені көтеріп, тәуекелге бел буғызды» деген жолдар бар. Ел дегенде, жер дегенде білегін сыбанып, іске дайын тұратын, еліміздің жарқын болашағы үшін күресе білетін, намысты ұрпағымыз болса, қоғамымыздағы ұлттық бірліктің іргесі шайқалмаса, ұлтымыз әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін сақтаса, Мәңгілік Елге айналарымыз ақиқат.
Елбасы өзінің жүрекжарды сөздерін ең алдымен жастарға бағыштады. Рухани жаңғыру, заман талабына сай санада сілкініс туғызу президентіміздің ұдайы назарында ұстап келе жатқан мәселе екенін өскелең ұрпақ жете ұғынғаны абзал.
Кезінде «Мәдени мұра», «Халық тарих толқынында» бағдарламалары шеңберінде елімізде ұлан-ғайыр істер атқарылғанын жақсы білеміз.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Туған жер» жобасын іске асыру үшін білім беру жүйесінде өлкетану жұмысын ұйымдастыруды тапсырды, соның аясында аймақтың тарихын оқып-үйрену, мәдени-тарихи ескерткіштерді және жергілікті жердегі мәдени нысандарды қалпына келтіру мәселелері қамтылды. Бұл ретте ауданымызда біршама жұмыстар жасалды, алда әлі де бірқатар шаралар жасалатыны анық. Жасалатын шара идеясы руханияты мен азаматтық позициясы жоғары, әлеуметтік жауапкершілігі мықты, қазақ қоғамының мүддесі үшін еңбек ететін, елжандылық рухта қалыптасқан өскелең ұрпақты тәрбиелеуге бағытталмақ.
Халық көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тартымды, ойлы мақаласын оқып отырып, еліміздің жаңа тарихи кезеңге аяқ басқанын ұғып, оны алға алып бару үшін рухани болмысты барынша мықты етіп қалыптастырып, ұлттық сана мен рухты әр ойлы азаматтың бойына сіңірсек қана алға қойған мақсатты ойларымыз іске асатын болады. Жастар өмірге шынайы көзбен қарап, өз тағдырларына өздері иелік етуге талпынуы керек-ақ. Ол үшін олар білімді, саналы, мәдениетті, ұлтжанды болуы шарт.
Мен қандай қызмет атқарсам да, жастардың, тереңдеп білім алуын қолдаймын. Оның мәнісін Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өте әдемі түсіндіреді: «көптеген проблема әлемнің қарқынды өзгеріп жатқанына қарамастан, бұқаралық сана-сезімнің «отбасы, ошақ қасы» аясында қалуынан туындайды. Бір қарағанда, жер жүзіндегі миллиардтан астам адам өзінің туған тілімен қатар, кәсіби байланыс құралы ретінде жапа-тармағай оқып жатқан ағылшын тілін біздің де жаппай және жедел үйренуіміз керектігі еш дәлелдеуді қажет етпейтіндей. Еуропалық одақтың 400 миллионнан астам тұрғыны ана тілдері – неміс, француз, испан, итальян немесе басқа да тілдерді сыйламай ма? Әлде 100 миллиондаған қытай мен индонезиялықтар, малайлар ағылшын тілін еріккеннен үйреніп жатыр ма?».
Мәселені осы тұрғыдан қарасақ, біздің жастарымызға оқып-білім алу қашанда қажетті құндылық. Рухани жаңғыру бізді осыған меңзейді.
Алғашбай БАЙКӨБЕКОВ,
Қазалы аудандық әкімі аппаратының
ұйымдық-бақылау және кадрлармен
жұмысы бөлімінің басшысы.
03 қаңтар 2018 ж. 5 028 0

Ауқымды марафон өтті

20 қараша 2024 ж. 76

Мемлекеттік рәміздер

20 қараша 2024 ж. 71

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930