Алматыда жоғары технологиялы қоқыс сұрыптайтын кешен іске қосылды
Алматының Алатау ауданында қуаты жылына 550 мың тонна тұрмыстық қатқыл қалдықтарды өңдейтін қоқыс сұрыптау кешені іске қосылды.
Заманауи зауыт өндірісі негізінде полигонда инертті қауіпсіз және биоірігіш материалдар көмілетін болады.
Қала әкімдігінің Баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, кәсіпорында қайта өңдеу үшін 50 мың тоннаға дейін картон, целлофан, әйнек, пластика, металл сияқты заттар сұрыпталады. Болашақта кешен жанынан шикізаттарды екінші қайтара терең өңдеу үшін қосымша қуаттарды жасау жоспарланған. Осының барлығы және қалдықтарды өңдеуді басқарудың кешенді жүйесін енгізу қаланы қоршаған ортаға түсетін экологиялық жүктемені азайтуға ойдағыдай ықпал етеді.
Мегаполис әкімі Бауыржан Байбек мұндай маңызды кешенді іске қосу тек қала үшін ғана емес, жалпы еліміз үшін елеулі оқиға екеніне тоқталып, «Мемлекет басшысы жаңа технологияларды енгізе отырып кәсіпорындардың тиімділігін ғана емес, сонымен қатар экологиялық жағдайын жақсарту қажеттігін тұрақты назарда ұстауда және елімізде қабылданған цифрландыру бағдарламасы да осы бағытта жүзеге асуда. Бұл кешен – озық технологияның үлгісі әрі 2017 жылғы ЕХСРО-ның негізгі мұраларының бірі. Жоба мемлекеттік-жеке әріптестік қағида бойынша қолға алынған, 5,4 млрд. теңгеге инвестормен 25 жылға келісім жасалды, ал қала өз кезегінде жер бөліп, барлық инженерлік коммуникацияларды жүргізді», - деп атап өтті.
Мұндағы 3,9 гектар аумаққа әкімшілік ғимарат, Ұлыбританияда жасалған арнайы техникалық гараж және озық итальяндық қондырғылармен жабдықталған негізгі өңдеу бөлмелері орналасқан. Кәсіпорында 530 тұрақты жұмыс орны бар.
«Тәртіп» АҚ-ның басқарма төрағасы Айбек Рахимов қала әкімшілігі мен жеке инвесторлар консорциумы арасында ұзақ мерзімге жасалған келісім кәсіпорынның барынша тиімді жұмыс атқаратынының озық моделі болатындығын айтты. Қазіргі кезде «Тәртіп» АҚ ТҚҚ-дың 70%-ын қамтиды. Компания балансында 236 техника бірлігі бар, қоқыс тасымалдайтын барлық көліктерде GPS жүйесі жұмыс істейді, планшеттер арқылы қоқыс алаңындағы жағдайлар түгел көрінеді. Ұзақ мерзімді келісімнің негізгі тармақтарының бірі автопаркті үнемі жаңарту және жұмыс процессін автоматтандыру болып табылады. Қазірдің өзінде Евро-4 стандартының 30 машинасы сатып алынып, бағыттарды диспетчерлеу жүйесі енгізілді.
Ал «Green recycle» ЖШС директоры Дмитрий Данильченко «Елімізде іске асып жатқан оң өзгерістерге және жеке компаниялар консорциумы мен қала әкімдігінің бірігіп жасаған келісімнің арқасында біз өте қысқа мерзімде, яғни жоба макеті талқыланған бір жыл ішінде маңызды кешенді іске қостық. Кәсіпорынның басты мақсаты – болашақта қоршаған ортаға түсетін жүктемені азайту. Біз бұл кешеннің өзгелерге, соның ішінде көрші елдерге үлгі болатындығына сенімдіміз, олар үлкен қызығушылық танытуда, өңірдің одан әрі өркендеуі үшін дамуды жалғастыра береміз», - деп атап өтті.
Эльвира Серікқызы,