Сіз зорлық-зомбылықтың қылмыс екенін білесіз бе?
ҚР Конституциясының 17-бабына сәйкес: «Адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмайды. Ешкімді азаптауға, оған зорлық-зомбылық жасауға, басқадай қатыгездік немесе адамдық қадір-қасиетін қорлайтындай жәбір көрсетуге не жазалауға болмайды» делінген. Алайда, шындық бұдан әлдеқайда алыста жатыр.
Қазіргі таңда тұрмыстық зорлық-зомбылық белең алған әлеуметтік мәселе болып табылады. «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» ҚР Заңының 4-бабына сәйкес, тұрмыстық зорлық-зомбылық тек қана күш көрсетуден емес, сексуалдық, экономикалық және психологиялық түрлерден тұрады. Отбасының кейбір мүшелері тұрақты түрде қорлау, ұрып соғу, балағаттаудың құрбаны болып отырады. Тұрмыстық зорлықтың құрбаны үнемі күйеуінен таяқ жейтін әйел; туыс ер азаматтардан жыныстық қысым көретін қыз; анасы ұратын бала; өз балалары бас тартқан қарттар болуы мүмкін. Қоғамда тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы үндеместік жағдай орын алған. Көрші үйде орын алып жатқан зорлық-зомбылыққа ол отбасының ері мен әйелінің ішкі мәселесі деп көз жұма қараймыз. Мәселен, әйелі күйеуінің ұрып-соққанын өзгеге айтуды ұят санайды, себебі оған өзін кінәлі сезінеді; анасы туған ұлынан қорлық көреді, алайда, өзін кінәлі сезінеді, себебі дұрыс тәрбие бере алмады. Ешкім ешқандай жағдайда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болуы тиіс емес, себебі тұрмыстық зорлық-зомбылық ол – қылмыс. Оған төзіп отырудың қажеті жоқ, егер зорлық-зомбылық көшеде орын алып жатса 102 нөміріне қоңырау шалыңыз; көрші үйде орын алса тексеріңіз; егер зорлық-зомбылық болуы мүмкін деп ойласаңыз, бұл да хабарлауды қажет етеді. 15.04.2024 жылға дейінгі заң шеңберінде отбасында орын алған денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру мен ұрып-соғу деректері әкімшілік құқық бұзушылық ретінде сараланып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ағымдағы жылғы 15 сәуір күні Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары бастамашылық еткен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдер құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңына қол қойды. Енгізілген өзгерістерге сәйкес ұрып-соғу және денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру криминализацияланды
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың қатысушыларымен профилактикалық әңгімелесу жүргізіліп, жәбір көрсетуші өз іс-әрекетінің қылмысқа апаратынын сезінетін болады. Тұрмыстық зорлық-зомбылық орын алды деп санасаңыз бұл туралы 102 нөміріне қоңырау шалып хабарлаңыз, сіз орын алуы мүмкін қылмыстың алдын алған болып саналасыз.
С.БИШЕКОВА,
Қазалы АПб Жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің
Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы,
полиция капитаны