Қаракөздердің қылығы қынжылтады
Қазақ «Босағада қыздың қырсығы қалады» дейді. Сосын мәпелеп отырған қызғалдағын үйінің төріне шығарып, ұлттың ар-намысын биік ұстауға тәрбиелейді. Дей тұрғанмен бір өкініштісі, кейбір бұрымдыларымыз «іштен шыққан жауға» айналып шыға келеді. Жұрт болмайтын жиендерді көбейтіп, қасиетті қазақ ұғымының киесіне сына түсіреді. Қанымыздағы ұлттық кодтың сапасын төмендетеді.
Бұл қазіргі уақытта қоғам талқыға салып жүрген мәселе, қыздарымыздың санасындағы рухани апат. Осы тұста алдымен ұлтжандылық сынға түседі. Бұл қасиет қазақ қызының болмысында болмаса түзел деп жол сілтеу әбестіктен басқа ештеңе емес. Қазіргі таңда әрбір азаматшаның құқығы заңмен қорғалған. Әркім заң шеңберінен аспай ойына келгенін істеуге құқылы. Бұл – бүкіләлемдік демократияның басты талаптарының бірі. Алайда біздің қоғам, ұлттық сананы дербес ұлт ретінде жойылуға әкелетін әрекеттерді ерте заманнан құптамайды.
Мәселен, әлеуметтік желіде өзге ұлтқа тұрмысқа шыққан қаракөздеріміздің қылығын дұрысқа балап, оның ісіне адамгершілікпен қарап, жеке таңдауын сыйлауға шақырғандардың да қарасы кәдімгідей қалың. Шындығында заңға сәйкес біреудің дербес өміріне араласу жөн емес. Ал ұлттық тұрғыдан келгенде оларды «біреу» деп айту қиын, өйткені ол қазақтың қызы. Егер де салт-дәстүрімізден аттап, аға мен әкенің, Алаш ақсақалының айбарынан, Алланың қаһарынан қорықпай, шет елге тұрмысқа кетсе, одан ендігі жерде «қазақпын» деп айтпауын өтініп, Мұхтар Шахановтың азаматтықтан айыру туралы ұсынысын қолдаудан басқа шара жоқ.
Таяқтың екі ұшы болатыны сияқты, сан түрлі көзқарас туындайтыны да анық. Біреулер қыздардың шетел асуын сырттан төнген саяси қауіптен көрсе, енді бірі тәрбиенің таяздығынан көреді. Ал қазақстандық белгілі блогер Өркен Кенжебек әлеуметтік желіде қалдырған жазбасында еркектердің сапалық тұрғысы жайында сөз қозғайды. Сонда ол: «Тележурналисттің жат ұлттың өкіліне тұрмысқа шыққанын айыптаған біраз пост көрдім. Егер осыдан жеті-сегіз жыл бұрынғы балаң кезім болса, иә, мен де тілімді созып тұрып тілдер едім. Бірақ, қазір ешкімді айыптамаймын. Үш мысалмен түсіндіріп көрейін.
Әріптесім болды. Бір кабинетте отырдық. Өте жайдары, пысық, тамаша қыз. Біздің арамызда оған ешкім назар аудармады ма, әлде оның талабы жоғары болды ма, “жігіті” болмады, анық. Содан шетел асып, оқуға кетті. Сонда жүріп, пәкістандыққа тұрмысқа шықты. Балалы болды. Оқуын бітірген соң елге қайтты. Пәкістандық күйеу баланы да қоса алып келді. Айттым ғой, пысық деп...
Әріптесім болды. Отызға дейін жүрді, шамасы. Қызылорданың ба, Шымкенттің бе, таза қазақы тәрбиесін көрген қызы. Жақсы танимын. Сосын жақын шетелге жұмыс бабымен көшіп барды. Украин азаматына тұрмысқа шықты. Қызын қазақ-украин тілдеріне ортақ атпен атады. Тұрмысқа шыққан соң екі-үш рет көрдім, бақытты кәдімгідей. Күйеуін билеп алған, енелердің жаргонымен айтсақ, төркініне пәшкі-пәшкі сыйлық жіберіп тұрады.
Әріптесім болды. Сіздер айыптап жатқан қыз. Ол да біраз жүріп қалды. Бірақ, бір еркектің басын қадірлер, бір отбасын гүлдендірер қауқары барына кәміл едім. Тағы да сол, біздің жігіттер мұрнымен ай тіреп жүрді ме, әлде көзімен жер сүзіп жүрді ме, әйтеуір жөні түзу жан кездеспеді, шамасы. Енді басқа ұлттың өкілі болса да, мұсылманға тұрмысқа шығыпты.
Иә, кез келген қазақ қызы үшін бұлжымас қағида бар, кім болса да, мұсылманға шыққаны абзал, абзал емес-ау, парыз. Басқа жағдайдың бәрінде сөз балтаны алып, олай-бұлай сермегеннен ешнәрсе өзгермейді. Бәріне кінәлі – өзіміз. Қазақ қызы неге шетелдікке тұрмысқа шығып жатыр дегенге жауапты былтыр Сианьға (Қытай) барғанда алып едік. Қазақ студенттерінің пәкістандық немесе араб жігіттеріне тұрмысқа шығуы біраз екен. Неге деп бір-екеуінен сұраса біздің жігіттер, “Сендер дөрекісіңдер. Олар әйелді сыйлай біледі. Жауапкершілігі мол” деп жауап беріпті. Не дейсің енді?
Сондықтан, бар мәселе өзімізде. Еркектің мысы кетті. Айбары қашты. Жауапкершілігі азайды. Енді не істеу керек? Осының бәрін қайтарайық өзімізге...»,– деп қорытындылайды.
Өркеннің сөзінен ақиқаттың иісі сезілетіні рас. Шаруаға икемсіз жігіттер мен «сасық» намысты бәрінен биік қоятын, жұбайының тапқанын талғажау қылып отырған жатыпішерлер аз емес. Олар туралы ілгеріректе бірнеше мәрте сөз қозғағанбыз. Нәтиже болады деп сенейік, тек әрекет керек.
Не десек те, аралас неке азаяр емес. Мәселен, елімізде жылына орта есеппен 100 мың неке қиылса, оның 20 пайызы аралас неке екен. Шетелдік күйеу балалардың басым бөлігі Франция, БАӘ, Түркия, Ресей, Қытай, Американың тумалары. Бейресми мәлімет бойынша, 30 мың қытай қазақ қыздарын әйелдікке алыпты-мыс. Ақтөбе, Алматы және Шығыс Қазақстан аймақтарында қытайға тұрмысқа шыққан қазақ қыздары көбейген деседі. Сондай-ақ, Орал, Астана, Петропавл, Павлодар, Қостанай, Алматы қыздары орыс жігіттерімен шаңырақ көтерсе, ал Атырау мен Маңғыстау облысындағы қыздардың арабтарға тұрмысқа шығу жағдайлары тіркеліпті. Айта берсек, мысал соңына жету мұң болар.
Кейбір қыздардың қалайтыны ауқатты өмір сүру екенін білеміз. Ал шетелдік күйеу балаларға не керек? Мұны ойлаған кім бар? Мәселен, Түркияда шетел азаматтарының түрік қыздарымен танысуына рұқсат берілмесе, арабтар өзге ұлттарға қыздарын ұзатпайды екен. Түрікменстанда жергілікті қызды алу үшін сол елдің азаматтығын қабылдап, сосын Үкіметке 150 мың АҚШ доллары ретінде салық төлеу қажет. Ал шешендер туралы сөз қозғайтын болсақ, бәріміздің жерге қарарымыз анық. Сондықтан қазақтың тегін теріске тартқан эволюцияға тосқауыл қоятын бір әрекет керек. Бірақ тек қатаң заңмен мәселені шешу мүмкін емес. Ең әуелі қызға қырық үйден қойылған тыйымды қайта жаңғырту қажет. Әкенің айбарынан қорықпаған, ағаның ашуынан сескенбеген қыз жеке құқығына жетектеліп, білгенін істеп кететінін көзіміз көріп жүр. Негізінде қазақ қызының болашағы оның құқығында емес, адал жар болуына дейінгі әке мен ағаның тыйымында болған-ау қай заманда да.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ