Жасаған жақсылықты неліктен жарияламаған дұрыс
Біліп істегені бар, білмей істегені бар, ешкім де өзін күнәсізбін дей алмайды. Күнә – сол өткен іске өкініш білдіріп, екіншілей қайталамау шартымен шын жүректен тәубе етілсе, кешіріледі. Ал, сол ісін мақтангершілікпен дәріптесе, күнәсі үстемеленеді. өз күнәсіне өкініш білдіру әлгі күнә көлеміндей болғаны жөн делінеді. Сонымен қатар тәубе еткенде оның тәубе еткендігін сол күнәні білетіндердің де естігені тәубе шынайылығына сеп болады.
Біреу өз күнәсінің өте ауырлығына байланысты кешірілмейді деп екі қолын төбесіне қойып, өмірден бас кешкенде, оған Пайғамбар арқылы егер тәубе етсе күнәсі кешірілетіндігі білдіріледі. Себебі, қай күнә де Алланың рақымы мөлшерімен салыстырғанда дәнеңе де болмай қалады. Бұл тұрғыда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) үмметінің, яғни, сіз бен біздің жолымыз болған. Бізден бұрынғы қауымдар күнәсінің кешірілуі оңайлықпен жүзеге аспаған. Тіпті Адам атаның өзі бір қателігі үшін 300 жыл зардап шеккен. Ал ол бізде тәубе еткен сәтте-ақ қабыл болып жатады.
Мынадай бір тәмсіл бар. 99 адам өлтірген біреу молдадан «Менің күнәм кешіріле ме?» деп сұрапты дейді. Молда: «Жоқ, кешірілмейді» дегенде «Бір адамның арысы не, берісі не» деп оны да өлтырып жіберген екен. әйтсе де жаны тыныш таппаған қарақшы «Жүз адам өлтірдім ендігі жағдайым қалай болады?» деп тағы бір молдаға барады. Сонда молда «Пәлен деген жердегі ауыл адамдарына түгелдей иман ұялаған. Соларға бар. Сенің тағдырыңның жайын бір білсе, солар біледі» дейді. әлгі адам сол ауылды бетке алып, жолға шығады. Бірақ жолда дәм-тұзы таусылып, қайтыс болады. Сонда ол үшін жәннат пен тозық періштелері таласқа түседі. Дау шешімі табылмаған соң, екі жақ та Аллаға жүгінеді. Алладан «Оның шыққан жері мен баратын жерінің арасы өлшеніп, қай жаққа жақын болса, сол жақ есебіне кіргізілсін» деген әмір болады. Соған орай екі аралық өлшенгенде иманды ауылға қарай басқан бір қадам артық болып шығып, әлгі адамға жәннат нәсіп болады.осы әңгіменің тағы бір нұсқасында 99 адам өлтірген күнәһардың қолына бір қураған ағаш беріліп, «Жапан түзге барып осы ағашты ек те өзің бау-бақша өсіріп, жемісін сол маңнан өткен жолаушыларға тегін тарат. Егер еккен ағашың көгерсе, күнәң да кешіріледі. Бәлкім сол қайырлы ісің мен жолаушылар дұғасының арқасында жолың оңғарылар» деп насихат айтылады. Әлгі адам солай істейді. Әр адамға жақсылық жасаған сайын жүгіріп барып, еккен ағашын көреді. Арада қанша уақыт өтсе де ағашта көгеретіндей белгі болмайды. «Күнәм кешірілмейтін болды ғой» деп сал суға кетіп отырғанда қасынан бір аттылы адам өтіп бара жатады. Жемісін ара салып, далбалақтап соңынан тұра жүгіреді. Қанша бәйек болса да, ол адам бұған бұрылып та қарамайды. Ашуға мінген бұл «бір адамның арысы не, берісі не» деп суыт кетіп бара жатқан жолаушының басын қағып алады. Сүйретіліп еккен ағашына барса, көгеріп тұр дейді. Сөйтсе, әлгі өлтірген сүттей ұйыған бір отбасын адыратуға бара жатқан адамның шайтаны екен.
Қәзір мұндай шайтандық іс-әрекеттер тіптен көбейіп кетті. Оның себебі... Бір шәкірт ұстазынан «Адамның бәрі жақсылық жасауға бейім тұрады. Бірақ жер бетінде жақсылықтан жамандық көп. Соның себебі неде?» деп сұраған екен. Сонда ұстазы: «Сен қалай олайсың, күннің көзіне жайып тастаған дән өнімді бола ма, жоқ жерге егілген дән өнімді бола ма?» деп сұрапты. Шәкірті «Әрине, егілген дән өнім береді». Ал күн көзінде дән қурап, күнге күйіп кетеді ғой» депті. Сонда ұстазы: «Адамдар да жасаған жақсылықтарын күн көзінде қалған дән сияқты жұртқа мақтана жариялап, күйдіріп жібереді де, жасаған күнәсін жасырып қалады. Сол жасырылған күнә егілген дән сияқты өніп, көбейген үстіне көбейе берді» деген екен. Сондықтан кім де болсын өз күнәларына тәубе еткені жөн. Тәубе етілгеннен кейінгі күнә ешқашан көктемейді.