Пасхаға арнап пісірілген тағамды жеуге және пасхамен құттықтауға бола ма?
Әр діннің мерекесі бар. Мұсылмандар арасында жиі кездесетіні: "пасха мейрамына арналып пісірілген дәмнен ауыз тиюге бола ма?".
Бұл туралы alashainasy мәлімдеді.
1) Пасхаға арналған түрлі-түске боялған жұмыртқаны, егер мұсылман емес досым, әріптесім, әлде бір танысым ұсынса, жеуім күнә ма?
2) Басқа діндегі адамды сол адамның діни мейрамымен құттықтау күнә ма, мысалыға пасха, рождество?
Осындай сұрақтарға алатын жауабыңыз мынадай:
Сирия өңіріне фиқһ саласын үйреткен сахаба Әбу Дардадан (р.а.) «Жирсиз» деп аталатын шіркеу үшін сойылған қошқардың етін жеу жайында сұрайды. Сонда Ол (р.а.): «Аллахым, кешіріміңді тілеймін. Шын мәнінде олар Кітап берілгендер. Ал олардың астары бізге адал. Біздің де тағамымыз оларға – адал», – деп әлгі еттен жеуді рұқсат еткен екен.
Ендеше, пасхаға арнап пісірген асты (жұмыртқа, бәліш т.б.) ол мейрамды ұлықтамау ниетімен жеудің ешбір күнәсі жоқ.
Екінші сұрағыңызға келер болсақ, бұл мәселеде ғалымдар арасында талас бар. Исламтанушы ғалымдардың біршамасы үзілді-кесілді өзге дін өкілдерін (христиан және яһуди дініндегілердін) діни мейрамдарымен құттықтауға қарсы. Ал, тағы бірсыпырасы ол нәрсенің шариғи тұрғыда еш күнәсі жоқ дейді. Рұқсат бергендердің арасында Ханафи ғалымы, фиқһ маманы Мустафа Зарқа бар (1907-1999 ж.). Ол былай дейді: «Бір мұсылманның христиан танысын «рождествомен» құттықтауы – менің пікірімше – өзара достық пен татуластықтың көрінісі сияқты. Ислам діні олармен достық ішінде тату-тәтті өмір сүруге қарсы емес...».
Сондай-ақ, Юсуф әл-Қардауи де мұсылмандарға дұшпандығы жоқ христиан дін өкілдерін олардың діни мейрамдарымен құттықтаудың күнәсі жоқ деген пікір айтқан.