Ұлттық бірыңғай тестілеуді қорытындылады
Орталық коммуникациялар қызметінде ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысына арналған баспасөз мәслихаты өтті. Жиынға қатысқан «Ұлттық тестілеу орталығы» РМҚК директоры Рамазан Әлімқұлов ҰБТ қалыпты және штаттық режімде өткенін мәлімдеді.
«Өздеріңізге мәлім, биыл ұлттық бірыңғай тестілеу 167 бекетте өтті. Оның ішінде 3 бекет – колледж базасында, 116 бекет – мектеп базасында және 48 бекет жоғары оқу орындарының базасында орналасты. Жалпы, өтініштердің саны – 102 447, оның ішінде 77 224 (75 пайыз) қазақ тілінде, 25 177 орыс тілінде (25 пайыз) және 46 өтініш ағылшын тілінде болды», деді Р.Әлімқұлов.
Биыл бірінші рет ұлттық бірыңғай тестілеуді ағылшын тілінде тапсыруға мүмкіндік туды. Негізі, ағылшын тілінен түскен 46 өтініштің ішінде 28 мектеп бітіруші ғана тестілеуге кірді. Олардың ішінде Астанадан – 5, Атыраудан – 7, Шымкенттен 6 түлек және басқа да қалалардан қатысқан. Орташа балл – 84,5, ал ағылшын тілінде тапсырғандарда 85 балл болды. Бұл тест нұсқаулары және сапасының дұрыстығын көрсетеді.
«Нақты статистикаға келсек, өтініш берген 102 447 мектеп бітірушінің ішінен 98 698 адам ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты. Бұл 96 пайызды құрайды. Аталған көрсеткіш былтыр 95 пайыз болған. Яғни қатысушылардың саны 1 пайызға өскенін байқаймыз. Шекті балды алған түлектердің саны – 84 065. Бұл 85 пайызды құрайды. Өкінішке қарай, шекті балды алмағандардың саны – 14 633. Яғни 14 пайыз. Былтырғы статистикамен салыстырған кезде шекті балдан өткендердің саны 1 пайызға өскен. Сондай-ақ 9 түлектің ҰБТ нәтижесі жоққа шығарылды. Қазақстан бойынша орташа балл – 83,1. Былтыр бұл көрсеткіш 80,5 балл болған», деді ол.
Биыл ең жоғары 140 балды Алматы қаласының түлегі алды. Ол – Шиара Құдайбергенова. Бойжеткен тестілеу сынағын 25 маусым күні Қазақ ұлттық аграрлық университетінде тапсырды.
Сонымен бірге орталық басшысы ҰБТ-ны тапсыра алмаған түлектерге екінші мүмкіндік берілетіндігін жеткізді.
«Олар 25 шілде мен 3 тамыз аралығында ҰБТ-ны екінші рет тапсыруға өтініш бере алады. Емтиханды тапсыра алмағандар 15 тамыз бен 19 тамыз аралығында ҰБТ-ны қайта тапсырады. Егер одан өтпей қалса, онда қыста қайтадан өтініш беріп тапсыра алады», деді Р.Әлімқұлов.
Рауан ҚАЙДАР,