Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Сары таспа сақтыққа шақырады

Сары таспа сақтыққа шақырады

1 қаңтардан бастап газбен жүретін көліктер үшін жаңа міндеттеме күшіне енді. Нақтырақ айтқанда, Техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының 24 қарашадағы бұйрығына сәйкес, "Жол қозғалысын реттеудің техникалық құралдары. Қолдану қағидалары" ұлттық стандартына енгізілген толықтырулар бойынша газбен жүретін көліктерге арнайы белгі жабыстырылуы тиіс.
Бұл стандарт міндетті болып саналады. Мамандардың айтуынша, арнайы белгі апаттың алдын алуға сеп болмақ. Яғни, газдың белгісі жабық тұрақтарға кірген кезде көліктерді оңай ажыратуға және тиімді бақылауға септігін тигізеді.
– Газға қайта жабдықтау үнемі барлық қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып жүргізілмейді. Өкінішке қарай, кейде мұндай көлік біздің азаматтар үшін қауіпті болуы мүмкін. Осыған байланысты газға қайта жабдықталған көліктердің жабық тұрақтарға кіруіне тыйым салынады. Дәл осындай автомобильдерді сәйкестендіру және мұндай тыйымдарды әкімшілендіру үшін арнайы белгі енгізілді, – дейді Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Қуаныш Елікбаев.
Комитет төрағасының айтуынша, бұл ұлттық стандарт міндетті норма болып саналады. "Сондықтан көпшілік бұл бұйрыққа қатаң бағынуы тиіс" дейді ол.
Ішкі істер министрінің бұйрығымен жол қозғалысы қағидаларына сүйене отырып, арнайы белгінің үлгісі де бекітілген. Ол қара түсті жиегі бар және "GAS" леп белгісі жазбасы бар сары түсті теңбүйірлі үшбұрыш болып келеді. Осы белгі арқылы жабық тұрақтарға ереже бұзып кіріп кететіндерге тосқауыл қойылмақ. Норманы орындамаған жүргізушілерге 10 мың теңге көлемінде айыппұл салынады.
Көлік министрлігі қолға алынған бұл шараны азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған дегенді алға тартады. Әйтсе де бұл бұйрыққа бағынғысы келмейтіндер бар. Бірқатары мұндай міндеттемелердің көбейіп кеткендігін айтады. Әлеуметтік желіде де осы тақырып төңірегінде түрлі пікірлер айтылуда.
Есбол Бердібаев есімді инстаграм желісін қолданушысы бұл міндеттеме тек мемлекет үшін ғана тиімді деп наразылығын білдірген. Айтуынша, бұл белгі ештеңені де шешпейді, керісінше мәселені қиындатады. "Жабық тұрақтар үшін ғана жабыстыру керек болса, неге тек көліктің артқы терезесіне жабыстырылады? Қай тұрақтың күзеті қайсыбір көліктің артын аңдып, артқы терезесін қарап жүреді. Бұл тұрақ үшін емес, жол полициясы үшін айыппұл арқалатудың амалы сияқты" – дейді әлеуметтік желі қолданушысы.
Ал Нышанбай есімді азамат кішкентай қалашықтар мен ауылдағы ағайын үшін бұл міндеттеме мүлдем тиімсіз деп ашынады.
– Қызық, аядай ауылда қайдағы тұрақ болсын?! Үлкен қалалардың өзінде жабық тұрақтардың мәселесі шешілмеген. Үкімет айыппұлмен әлек болғанша, әуелі тұрақтардың мәселесін талапқа сай жабдықтауға мүдделі болуы керек қой. "Қит етсе, айыппұл деп қарапайым халықтың қалтасына түсуді қашан қояр екен бұл үкімет?" – дейді ашуына ерік берген азамат.
Арнайы белгі айналасында түрлі дау болғанымен мұны қатердің алдын алу деп түсіну керек деп ойлайтындар да баршылық.
– Көлікке жапсырылатын болмашы бір жапсырма үшін жұртшылықтың сонша даурығуының себебін түсіне алмадым. Аталған арнайы белгі өз қауіпсіздігіміз үшін ғой. Азаматтар соны ескеруі керек. Айыппұл арнайы белгі жабыстырылмағанда ғана салынатындығын түсіну қиын емес секілді, меніңше. Неге бәрін қиындата береміз екен осы? "Тәртіпке бағынған құл болмайды" деген тәмсілдің тереңіне бойлауды ұмытып бара жатқандаймыз. Байыбына бармай, айғайға басқанша, бәрі біздің қауіпсіздігімізді қамтамасыз етуге бағытталған шаралар екенін қаперге алайық, – дейді Бақытжан есімді көлік жүргізушісі.
Халықтың шамадан тыс айыппұлдар мен өздеріне жүктелген артық міндеттемелерден қажығаны рас. Әйтсе де қалың бұқараның бұл қынжылысы орынсыз. Техникалық реттеу және метрология комитеті өкілдерінің айтуынша, бұл міндеттеме тұрғындарды оқыс оқиғалар мен айтып келмейтін апаттан сақтайды деп сендіреді.
– Өкінішке қарай, кейде газ жабдығы орнатылған көлік біздің азаматтар үшін қауіпті болуы мүмкін. Осыған байланысты газбен жүретін көліктердің жабық тұрақтарға кіруіне тыйым салынады. Дәл осындай автомобильдерді сәйкестендіру және мұндай тыйымдарды әкімшілендіру үшін арнайы белгі енгізілді, – дейді техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Қуаныш Елікбаев.
Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылдың 30-желтоқсанынан бастап Қазақстанда газбен жабдықталған көліктердің жабық орындарға қойылуына тыйым салынды. Ал өрт қауіпсіздігі ережелері 1099-1-тармақпен толықты, онда сығымдалған табиғи газбен және сұйытылған мұнай газымен жұмыс істейтін қозғалтқыштары бар автомобильдерді басқа мақсаттағы ғимараттарға кіріктірілген және оларға жапсарлас, сондай-ақ жер деңгейінен төмен орналасқан жабық типтегі автотұрақтарға қоюға жол берілмейтіні жазылған. Сондай-ақ газ баллон жабдығымен жабдықталған автокөліктер үшін белгі міндетті болғандықтан, ӘҚБтК-нің 620-бабы бойынша 3 АЕК көлемінде айыппұл қарастырылған.
Арайлым ЖҮСІПОВА
09 қаңтар 2024 ж. 355 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031