Неке неге берік емес?

Статистика сөйлесін
Қалай айтсақ та, бүгінде ажырасу тақырыбы қоғамның ең өзекті мәселелерінің біріне айналды. Себебі Қазақстанда әрбір үшінші неке ажырасумен аяқталуда. Wisevoter ресурсы талдаушыларының келтірген дерегіне сенсек, Қазақстан ажырасу саны бойынша 114 елдің арасында 16-шы орынға жайғасқан. 2022 жылы елімізде Ұлттық статистика бюросының жариялаған мәліметі бойынша ажырасу коэффициенті 1000 адамға 2,5-ті құраған. Ал Қызылорда облысының некелесу коэффициенті бойынша Қазалы ауданы 6,28-ді құрап отыр. Ал ажырасу бойынша бұл көрсеткіш ауданда 1,24-ті көрсеткен. 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында жасалған қорытынды нәтижесі 2022 жылмен салыстырғанда ажырасулардың азайғанын көрсеткен. Сарапшылар мұның ауыспалы көрсеткіш екендігін алға тартады. Себебі сандық статистиканы өзгеруіне түрлі себептер түрткі болуы мүмкін.
Статусты сақтамауға себеп көп
Қоғам дамып, өзгерген сайын құндылықтармен қатар адами қарым-қатынас та өзгеруде. Мұны жоққа шығарғымыз келгенімен, бұл бұлтарпас шындық. Оның үстіне адамның түрлі ситуацияларға байланысты көзқарасын, өмір сүру салтын өзгерту қалыпты құбылысқа айналды. Содан да болар қазір жаңа түсінікпен өмір сүретін адамдар үшін менталитетімізге сіңген отбасы құндылықтары кейінгі орынға ығысып, "жанұя" деген статусты сақтап қалу "табу"-ға айналып барады. Шыны керек, осыдан біраз уақыт бұрын екі жастың екі жаққа кетуі ерсі қылық ретінде қабылданатын. Ал қазір бұл ешкімнің таңданысын тудыра қоймайды. Өйткені әйелдерге ерлермен қатар тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге мүмкіндік берілгеннен бастап қоғамда ажырасу фактілері көбірек тіркеле бастаған. Ажырасу санының күрт көбеюі әйелдердің кесірінен деуден аулақпыз, әйтсе де жоғарыда айтылған дәйек өмір шындығы. Әйелдер құқығы қоғамда айқын көрініс таба бастағалы бері отбасында ер мен әйел арасында түсініспеушіліктер жиі орын алып жатқандығын жиі көріп жүрміз. Ал осындай түсініспеушіліктердің салдары шаңырақтың шайқалуына алып келіп жатыр. Шындығында екі адамның арасында болатын түсініспеушіліктердің барлығы қарым-қатынасқа жауапкершілікпен қарамаудан туындайды.
Отбасылық психолог, сарапшы маман отбасыны сақтау үшін ерлі-зайыптылар қарым-қатынасқа мән беру керектігін айтады. Оған өз деңгейінде көңіл бөлінбесе ерлі-зайыптылар бір-біріне суиды дейді.
– Қарым-қатынас өз кезегінде өлі дүние емес, қолға ұсталатын материал емес, ол – тірі нәрсе. Қарым-қатынас тірі ағза секілді оған әрдайым көңіл бөлуді, оны күтуді, қарауды талап етеді. Қарым-қатынасты өлтірудің төте жолы – оған көңіл бөлмеу. Көңіл суып кетсе, оны қайтару қиын. Оны сақтау негізінде жауапкершілік, міндеттер, құрметтеу, сыйластық деген нәрселер пайда болады, – дейді Ақан Мергенбай.
Анығында, екі жас тек түсінісе алмағаннан ажырасады деп тап басып айту қате. Себебі оған түрлі себеп болуы мүмкін. Осы ретте, сарапшы мамандардың осы сауалдарға келтірген пайымдары мен пікірлерін ой таразысына салып көрдік. Олардың ойынша, көп жағдайда отбасылар ортақ бала сүймегеннен, ішімдік, нәпсіқұмарлық, нәпсіқұмарлық, қызғаныш сынды дүниелер ажырасуға себеп болатын көрінеді.
Залалы мен зардабы қандай?
Ажырасу тек отбасына емес, қоғамға төнген қауіп. Өйткені ажырасудың салдарынан қоғамда толық емес отбасылар, жалғызбасты әке мен ана көбейді. Біле білсеңіз, мұндай жағдайлар тіпті жетімдер санының артуына да әсер етуде. Себебі, еліміздегі қараусыз қалған балалардың дені ажырасқан отбасылардан шығуда.Сыйластыққа сызат түскен сәтте ерлі-зайыптылардың баланың жайын шетте қалдыратыны бар. Соның кесірінен бұл мәселеде алдымен балалар зардап шегуде. Әр бала толық отбасында, әке мен ананың құшағында мейірімге қанып өсуді қалайды-ақ. Ажырасу алдында тұрғанда ата-ана баланың таңдауын елеместен, еріксіз тасада қалдырады. Мұндай дүниелердің баланың психологиясына қалай әсер ететін ойлаудың өзі қиын. Мамандар үлкендердің менмендігінен толық отбасында тәрбиелену құқығынан айырылған балалардың алаңын ештеңемен толтыру мүмкін еместігін айтады. Әр бала үшін өз ата-анасынан артық жан жоқ. Десе де мұны түсінетіндер аз. Ата-ананың орнын алиментпен толтырамыз деу қате түсінік. Себебі, ешқандай ақша балаға жақын адамның орнын алмастыра алмайды. Өкініштісі, осындай теріс түсініктер әлеуметтің әлеуетін тежеп, ұлттың сапасына кері әсер етеді.
– Жалпы бұл тақырыпты екі адамға ғана ортақ мәселе деп қарастыруға болмайды. Себебі ажырасудың артында ұрпақ тағдыры тұр. Қала берді туыстық қатынастардың үзілуі сияқты дүниелер жатыр. Сондықтан "кім ажыраспай жатыр?" деп бұған жеңіл қарауға болмайды. Өйткені ажырасудың ақыры ерлі-зайыптыға, балаға, айналаңдағы жақындарыңа ғана емес, күллі қауымға залалын келтіреді. Түрлі мәселелердің туындауына, керек десеңіз, моральды-әлеуметтік, материалдық қиыншылықтардың орын алуына әкеп соқтырады. Бастысы толық емес отбасында толыққанды бозбаланы, төрт құбыласы түгел бойжеткенді тәрбиелеуден құр қаламыз, – дейді Нұрия Кенжебай есімді кент тұрғыны.
Ошағыңның отын өшірме
Арайлым ЖҮСІПОВА