Рақым Ошақбаев: Қазақстанда Заңнаманы орындату институтының әлсіз екенін мойындауымыз қажет
21 маусым күні Астанада ҚРКФ «Қазіргі әлеуметтік-еңбек қатынастары. Қазақстанның теориясы мен іс тәжірибесі» конференциясын өткізді. Форум жұмысына белгілі экономистер, еңбек сарапшылары және қоғамдық пікір көшбасшылары қатысты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Осы конференция аясында Қазақстан Республикасындағы әлеуметтік-еңбек қатынастары талданды. Атап айтқанда, жұмыспен қамту, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау; жастарды әлеуметтендіру, лайықты және табысты еңбек, лайықты еңбекақы мәселелері қарастырылды.
ҚР Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Бақытжан Әбдірайым өз сөзінде ҚРКФ еліміздегі әлеуметтік-еңбек қатынастарын анықтау және шешуге арналған түрлі сараптамалық алаңдардың құрылуына бастамашы екендігін атап өтті.
«Біз үдемелі өзгерістер кезеңінде өмір сүрудеміз Өзгерістер әлеуметтік-еңбек қатынастарын да айналып өтпеді. Еңбек қатынастары саласында әдістемелік талдауды жетілдіру қажет және бүгінгі конференция осындай әмбебап алаңдардың бірі болып табылады», - деді ҚРКФ төрағасы.
Бақытжан Әбдірайым еліміздегі еңбек нарығындағы негізгі қауіптерге, атап айтқанда, экономика құрылымында өзін-өзі қамтамасыз етіп отырғандардың деңгейі жоғары болуы, жұмыссыздықпен байланысты еңбек нарығындағы елеулі теңсіздік, Қазақстандағы шағын және орта бизнестің даму деңгейінің төмен болуы, жастар арасында және ауылда жұмыссыздықтың жоғары деңгейіне ерекше тоқталып өтті.
Сондай-ақ, конференция аясында ҚР Кәсіподақтар федерациясы мен республикалық адвокаттар арасында меморандумға қол қою рәсімі өтті. Осы меморандум еңбеккерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, кәсіптік одақтар мен жеке сектор, мемлекеттің ынтымақтастық механизмін негізге алу арқылы әлеуметтік-еңбек қатынастарының тиімді үлгісін қалыптастыруға жәрдемдесуді қарастырады. Соныммен қатар, конференцияда «Талап» қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Рахым Ошақбаев, «Самұрық-Қазына» АҚ «Әлеуметтік зара ықпалдастық және коммуникациялар орталығының» Бас директоры Ербол Исмаилов, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Мансұрхан Махамбетов, заң ғылымдарының докторы, профессор, Еуразиялық құқық қорғау орталығының Президенті Еңлік Нұрғалиева, «Нұр Отан» партиясының Саяси жұмыс департаментінің директоры Данат Жумин және т.б. сөз сөйледі.
«Бұл тезисті осыдан үш ай бұрын осы жерде тұрып айтқан болатынмын. Статистикалық мәліметтер қате. Біздің бағалауымызша, жұмыс істесе де, салық төлемей жүрген адамдардың саны 1,5 миллионнан асады. Сондай-ақ, Қазақстанның халыққа заңнаманы орындату институтының әлсіз екенін мойындауымыз қажет. Салыстырмалы түрде алатын болсақ, дамыған мемлекеттерде салық мөлшерінің артуы салдарынан халық пікір таластырады. Ал бізде мұндай мәселелер салықты төлемей қою арқылы оңай шешіледі. Себебі, бізде салық төлеуге міндеттейтін құрал жоқ. Мысалы, қоғамға танымал «миллионерлер» өте көп. Бірақ, олар өткен жылы 7 млн теңге көлемінде ғана салық төлеген.
Өкініштісі, бұл мәселені ешкім көтеріп жатқан жоқ. Әрі қарай Үкіметке рекомендеу категориясына келер болсақ, жалақыны кім қалай қабылдайды деген сауал туындайды. Шындығында, салықтың салмағы қызметкерге, жұмысшыға емес, жұмыс берушіге түседі. Осыған байланысты әлеуметтанушылар зерттеу жүргізсе игі еді. Мысалы, жұмыс беруші ешуақытта қоластындағыларға «Мен саған 200 мың теңге жалақы төледім, оның осыншама бөлігін салық ретінде төлеп кел» деп айтпайды. Қалай десек те, бұл жұмыс берушіге түсетін ауыртпалық. Осы жерде ешкім де өзінің өткен жылы қанша салық төлегенін нақты айта алмайды. Бұл да салмақтың бірінші кезекте жұмыс берушіге түсетініне тағы бір дәлел», - дейді Рақым Ошақбаев.
Аталған дөңгелек үстел ағымдағы жылы ҚР Кәсіподақтар федерациясымен ұйымдастырылып отырған ҚР еңбек нарығындағы сарапшылардың үшінші ірі кездесуі болды. 15 наурызда Астанада «Еңбек нарығы: жаһандық үрдістер, мәселелер мен мүмкіндіктер» атты ғылыми тәжірибелік конференция және 21 мамырда «Орталық Азия елдеріндегі әлеуметтік-еңбек қатынастары: талдау және келешегі» дөңгелек үстелі өткізілген.