Жарнамаланғанның бәрі жақсы емес

Арықтаймын деп сапасыз өнімді сатып алып, Аяжан секілді денесіне дерт жабыстырып жатқандар жетерлік. Мінсіз мүсінді аңсағанда қыз-қырқынның түрлі құйтырқылыққа баратыны баяғыдан белгілі ғой. Десе де мұндай жолды таңдауына нендей себеп? Ешқандай нұсқаулықсыз қолы жеткен капсулаға жүгіре кететіні несі екен? Тақырып төңірегінде ой тарқатсақ.
Қазір арық адамдардан гөрі әлемде артық салмағы бар адамдар күн санап артып келеді. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, бүгінде елімізде әрбір төтінші азамат артық салмақпен алысып әлек. Сарапшы мамандардың айтуынша бұл көрсеткіш жыл сайын ауысып отыруы әбден мүмкін. Олай дейтіні, семіздік көрсеткішінің артуы не артпауы адамдардың әлеуметтік ахуалының жақсаруы немесе тұрмыстық жағдайдың нашарлауынан болатын көрінеді. Осындай жағдайлардың салдары семіздікке ұшыратады. Ал семіздік адамдардың бойына сенімсіздік ұялатады. Байқасақ, әйелдердің дені сән әлеміндегі стандарттарға сай болуды қалайды. Соған сәйкес арық, әрі сәнді болғысы келеді. Бірақ арықтау кез келгеннің қолынан келетін оңай шаруа емесі анық. Оған айтарлықтай күш-жігер керек. Бастысы уақыт еншсінде. Қазіргі күйбең тіршілікке басымен кіріп кеткен адамдар үшін мұның бәрі ауызбен айтуға ғана оңай дүние секілді көрінеді. Сондықтан олар өздері күткен нәтижеге тез жетуді ойлайды. Солай ете жүріп, денсаулығына зиян болатын өнімдерді қолданады. Диетолог мамандар мұның ешбірінің дұрыс еместігін айтады.
– Қазір бәрі асығыс. Бәрі тез бола қойса дейді. Қалаған салмаққа жылдам әрі оңай жетуге болатын тәсілді таңдайтындарға қарным ашады. Жарайды, ойыңдағы салмаққа жеттің делік. Бірақ оның салдары қандай болмақ? Осыны адамдар неге ойланбайды? Желіде жиі жарнамаланатын тамаққа арналған қосымшалар, капсулалар, тағысын тағылар сіздің мүсініңізді реттеуге белгілі бір дәрежеде көмектесер. Бірақ сіздің ағзаңызға зиян келтіруі мүмкін екендігін ойлауыңыз керек. Себебі ондай препараттардың құрамында түрлі қоспалар болдаы. Ағзаңызға қарсы әсері боларын білер, білместен тұтына салу орынсыз. Алдымен сізге оны қабылдауға болатын, болмайтынын білуіңіз керек немесе дәрігер нұсқаулығымен қолдануыңыз керек. Өйтпеген жағдайда сізді айықпас дерт күтіп тұруы ғажап емес. Оның үстіне ешқандай сертификаты жоқ тауарды кез келген ортадан алуға кеңес бермес едім. Осыны да ескергеніңіз жөн, – дейді диетолог маман Жанна Амангелді қызы.
Диетолог мамандар желіде жарияланғандарға алданып қалмаңыздар деп жиі дабыл қаққанымен, мұны елең қылып жатқандар жоқтың қасы. Керісінше, жолама деген сайын соған үйір болғандар үзілер емес. Солардың қатарында тағы бір танысым бар. Есімін жасыруды өтінген ол: Айдана деген құрбым маған бір капсуланы ұсынды. Айтуынша содан өзі 12 килограмм салмақ тастапты. "Ешқандай теріс әсері жоқ. Білсең, мұны желіде жұлдыздар да жарнамалап жүр. Осыны алсаңшы, сен де арықтағым келеді деп едің ғой"– деген соң, интернет магазин арқылы тапсырыс беріп, 2 қорабын сатып алдым. Алғашқы күндері аса әсер етпеді. 4-5 күн өткен соң, ұйқысыздыққа шалдықтым. Түнімен жүрегім тарсылдап, таңға дейін дөңбекшіп жата алмадым. Тамаққа мүлдем тәбетім тартпай қойды. Құрбымның сөзіне иланып, уақыт өте басылады деген желеумен капсуланы қабылдауды тоқтатпадым. Құты түбінде қалған капсуланың соңғы екеуін ішіп тоқтатамын деген күні сұлқ түсіп құладым. Аурухана төсегіне таңылдым. Мен шамадан тыс артық қабылдаппын. Егер сол күні үйдегілер мені құлаған жерімнен ауруханаға жеткізбегенде ажал аузынан аман қайтпас едім, – дейді ол.
Осы жағдайдан кейін әлгі танысым желіде жарыса жарнамалайтын мұндай өнімдерге сақтықпен қарайтынын жеткізді. Иә, бұл сабақ болар іс. Әйтсе де жарыққа шыққан жазбаларға имандай сеніп, соны пайдасына жаратамын деушілер "Жарнамаланғанның бәрі жақсы емес" екенін бәрі бірдей ұғына бермейтіні тағы бар. Желіде жарияланғанға жүгініп, жығылып қалудан аулақ болғымыз келсе, "жарнамадан аулақ болыңыз, жұртшылық!" деуді жарыса айтудан жалықпайық.
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ