Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Картадан келген кесір

Картадан келген кесір

Әкімжанның ауылда болмағанына көп уақыт болды. Ағасының ұлы үйленеді дегенді естігеннен-ақ қаладағы бар жұмысын ыңғайлап, қайтуға асығып жүр. Біраздан ауылға жолы түспей жүрген оған інісінің тойы қайтуға себеп болғандай. Ауыл арасы қаладан тым ұзақта. Әйтеуір бір демалыста бара саламын деуге келмейді. Күн де суытып, қаталдық танытып тұр. Бірақ ағасының мерейі үшін Әкімжан салқын ауа райын да елең қылғысы жоқ. Өзге дүниесі күйіп жатса да, әйтеуір артынып-тартынып бірдеңе қып жетуді ойлап жүр. Онысы артында арқа сүйер ағайыны жоқ тұлдыр дегізбес үшін. Қала берді кейін өзі де той жасағанда алыстағы ағайын шашбауын көтеріп келуі үшін. Несін айтасың, қуанышына ортақтаса алмасаң, кейін ағайынның қабағына қатқан тоңды жібіту қиын. Әкімжан осыны да ойлады ма екен, әйтеуір жолға шығуға бұрынғысынан бетер асықты. Бұған дейін, ауылдас достары біршама жиынға шақырған-ды. Оларды соншалық себеп көрмеді ме, әлде сәті түспеді ме, көбін кейінге қалдырып келеді. Бұл жолы олай етпеді. Ағайын алдындағы абыройды да ойласа керек.
Алыстан алқынып жеткенде ағайынынан бұрын Әкімжанды пойыздан достары күтіп алды. Ол келеді дегеннен-ақ, бәрі оны көруге асық. Әкімжан да бірге өскен достарын сағынған. Бірақ достарымен кейін жолығуға уағдаласқан ол вокзалдан ағасының үйіне тура тартты. Мұнысына жолдастары ренжігендей сыңай танытқан, бірақ кейін жібіп сала берді. Өйткені Әкімжан сөз арасында ауылда біраз болатынын айтқан еді. Сол сөзден соң ақ олар дереу тарасты. Әкімжан қарашаңырақтағы ағасының үйіне жетіп, дереу тойдың дайындығына кірісті. Құдалықтың қамымен бас қосқан туыстардың арасында отырып, жағдай сұрасып, әңгіме-дүкен құрды. Төргі бөлмедегі дастарқан басында жиылғандардың ішінен жездесі Кәрім:
– Әкімжан, ауыл өзің көргендей. Сол баяғы тіршілік. Біраз жаңалықтар болып жатыр. Оның бәрін айтып тастасам, қызық болмай қалар, ә? Айтқандай, ауылда біраз болады екенсің ғой. Өзің де жайлап қанығарсың. Балдыз бұрын карта барушы едік, есіңде ме? Бүгін Айтжанның үйінде карта. Барасың ба? – деді Кәрім кеседегі шайын ұртына толтырып.
Әкімжан "ә" дегенше әпкесі Айжамал: "Сол картаны ойнамай-ақ қойсаңдар болмай ма? – деді күйеуінің сөзіне қыстырылысып.
– Қатын-ау, шайыңды құй да жайыңа отыршы. Балдызым, ауылға көптен келіп тұрғаны. Көңіл көтеріп, карта ойнасақ не болыпты.
– Бәрібір ұтылып қаласыңдар. Оның үстіне сендердің карталарыңды білем ғой. Соңы үнемі қырғынмен аяқталады, – деді ол зілденіп. Әкімжан: "Бәлі, ауылдың ойынқұмарлығы әлі қалмаған екен-ау. Менің ауылдан кеткеніме де 15 жылдың о жақ бұ жағы. Ещтеңе өзгермеген деші, – деді әпке-жездесіне қарап.
– Иә, несін айтасың? Бұл құрғыр карта дегенің басымызға бәле болды. Бұрын той-жиынның соңында ойнайтын еді ғой. Ондай ойын ауылда ара-тұра ұйымдастырылатын. Қазір не? "Күлтөбенің басында күнде жиын" деген сияқты ауылда күн сайын картаның жиыны. Тіпті қазір той тұрмақ, өлім-жітімнің үстінде картаны сатырлатып, соғатын болды, – деді Айжамал күрсініп. Әңгімеге жездесі араласып:
– Әй, Айжамал-ай, сен де әңгімені әкетесің. Ауылға енді келген адамға қайдағы-жайдағыны айтып, мазасын алғаның не? Жә, бармағанымыз сол картаға, – деді ол ашуланып.
Тойға дайындық тиянақталып, адам аяғы басылған соң, Кәрім Әкімжанның құлағына келіп: "Жүр, кеттік картаға! – деді. "Жездеке, кейін барармыз!" деген сөзіне құлағына қыстырмастан Кәрім Әкімжанды қолтығынан жетектей, Айтжанның үй жағына алып келді.
– Жездеке, менің қолым шығып кеткені қашан?! Карта ойнауды ұмытып та қалдым. Өзің бара берерсің, – дегені сол еді. Кәрім Әкімжанға:
– Өй, Балдыз, не болған саған? Не ойнайтыны бар оның? "үштік картаны" білсең болды ғой. Ә, айтпақшы, қалтаңда тиын бар ма? – деді Кәрім Әкімжанға қарап.
– Иә, бар ғой. Күнде жиын қылсаңдар, жағдайларың әжептеуір жақсы сияқты ғой.
– Анау айтқандай емес, әрине. Ауыл арасын айналып жүрген азғантай-ақ ақша. Ары кетсе 200-300 мың айналасы, – деді Кәрім.
– Азғантай ақша деймісің? Мынауың аз болса, білмедім ал. Аядай ауыл үшін айналымда жүрген бұл қаржыны аз деп айта алмас едім. Жағдайларың жақсы-ақ қой, - деп езу тартқан Әкімжан жездесімен ілесіп үйген енді де, ауыл ойынқұмарларының ортасына қосыла кетті.
Бұрын соңды жай қызық үшін ойнайтын картаны Әкімжан бірінші рет ақшаға ойнағалы отыр. Ішінен мұным дұрыс па өзі? деп қояды. Әй, ауылдастарыммен бас қосқанда бір рет ойнаса не бопты деп те ойлайды. Жә, не керек, картаның қызығы басталып кетті. Бірінші ойында Әкімжан ойсырай ұтылды. Екіншісінде қолы жүрді ме, қалтасына ақша қонақтады. Ортада айналып жүрген ақша үшінші ойында қыдырыстап, өзгенің қалтасына түсті. Ал одан кейінгі ойындарда Әкімжанның мүлдем қолы шықпай қойды. Бұдан ары қалтасы майланбасын түсінді ме, Әкімжан орнынан тұрып, үйге қайтуға бет алды. Жездесі ары-бері "тағы бір партия" ойнасаңшы деп көндіргісі келсе де, көнбеді. Қайтып келе жатып, ойланып келеді.
–Жездеме ілесіп, менің істеп жүргенім не тірлік? Ауылға келгенім кеше. Мұным болмады. Жездем айтты деп желігіп не көрінді сонша? Бұл ойынның басы осылай қызығушылықпен басталып, құмарлықпен аяқталатынын білесің ғой. Азаматты осы ойыннан арашалаған өзің емес пе едің? – деп бұрқылдайды өз-өзіне ашулана. Азамат Әкімжанның жан досы. Картаның кесірінен талай қарызға батып, үй-ішін біраз әуре-сарсаңға салған еді. Әкімжанның арқасында арнайы орталықта ұзақ уақыт ем алып, ойынға деген құмарлығынан арылған-ды. Ауылдағылардың да Азаматтан еш айырмасы жоқ екенін ол бірден түсінді. Өйткені ойын арасында ақша үшін бәріне дайын екендіктерін аңғарды. Сонысынан секем алғандығынан болар, ойын аяқталмастан үйіне аяңдағаны.
Әкімжан үйдің табалдырығын енді аттай берген еді, ауладан "Балдыз, мен де келдім, есікті жаппай тұра тұр" деген жездесінің даусы естілді. Әкімжан жездесінің соңынан келгеніне қуанып тұр.
– Ә, жездеке, келдің бе? Ендеше, демалайық. Таңертең біршама тірлік бар бітіретін, – деді де екеулеп төргі бөлмеде жаюлы тұрған төсекке жата кетті.
Таңертең Әкімжанның ағасының үйінде бәрі қарбаласып жүр. Қора жақта мал сойылып жатыр. Келіншектер қазан көтеріп, ас салуда. Ауланы жинастырып жүрген Кәрімге балдызы:
– Жездеке, түнде сұраймын деп ұмытып кетіппін. Қол шықты ма? – деді жанына келіп.
– Қайдағы. Қиюы кеткен соң, мен де сенің соңыңнан ілестім ғой, – деп қысқа жауап қайырды Кәрім балдызына. Әңгімені анадайдан тыңдап тұрған Әкімжанның мал союға көмекке келген досы Сәндібек:
– Естімедіңдер ме, кеше Айтжанның үйіне көрші ауылдан келген жігіт картадан ұтылып қалып, қырғын шығарып, ауылдағы Маралбекті пышақтапты. Маралбек "ақшаңды қазір орнына қой" деген ғой. Соны көтере алмай, шу шығарып, ақыры ажал құштырды, – деді. Қора жақтағылардың бәрі жағасын ұстап, аңтарылып, Сәндібекке қарап қалған. Әйелдер жағы "Ойбу, обал болған екен" десіп жатыр. Ішінен біреуі: " Ойпыр-ай, ә? Сонша не көрінді екен оларға? Адамдардың араны қатты. Ақша деп ештеңеден аянбайды.  Бәрі осы картаның кесірі, – деді ызаланып. Сөзге араласқан Әкімжан:
- Бұл ойынға ауыл болып тоқтам қою керекпіз. Ойынқұмарлықтың ордасын бұзып, арам ақшаның аранын ауыздықтамасақ, бүгінгі Маралбектің басындағы жағдай басқамыздың басымызға келмесіне кепілдік жоқ, – деді ол. Әкімжанның айтқанын ауыл ағайындары бірауыздан мақұлдап жатты.
Бірақ картаны тәуір көретін ауылда бұл ойын өмірдің күйіне айналған еді. Тіпті сол күнгі қаралы оқиғадан соң да, сол баяғы карта жиыны жалғасып келеді.
Әкімжан ағайынмен бірлесіп, тойды өткерді. Ауылда біраз болып, мауқын да басып үлгерді. Енді қалаға жиналып жатыр. Кенет, есіктен достары келіп: Әкімжан, сен қайтпас бұрын Аятбектің үйінде жиналайық, дастарқан жаюлы, кейін қалып, карта ойнаймыз? – деді олар жамырай.
Әкімжан достарының бұл сөзін жақтырта қоймады. Әйтсе де, ауылдастарының көңілдерін жықпай жиынға барды. Бірақ аяғына дейін отырмады. Өйткені, картадан келетін кесірдің қандай боларын ол жақсы біледі. Бұл ауылда мұндай ойынның тыныш өткені болмаған. Соған қарамастан одан қол үзгісі келмейтін жолдастарына қарап қарны ашты. "Ауылда бұдан басқа не қызық бар дейсің?" деп өздерін де, өзгелерді де алдарқататын ауыл адамдарының алаңсыздығына налыған Әкімжанның ойына:" Өздеріңді түзелер дей алмаймын, Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың" деген хаһім Абайдың даналығы қайта-қайта орала берді... Шарасыздығына күйінген Әкімжан көңілі түскен күйі қалаға жолға шықты. "Ауылдағы ағайын карта деген кесірден әлі-ақ ада болады" деген үміті де жоқ емес өзінің...
Арайлым ЖҮСІПОВА
04 қаңтар 2024 ж. 330 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930