Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » 2024: Әлеуметтің әлеуеті артпақ

2024: Әлеуметтің әлеуеті артпақ

Ескі жылды артқа тастап жаңа жылға қадам бастық. Өткен жылы атқарылған шаруа да, істелген іс те ауқымды. Ал биыл не өзгереді? Мәселен, 1 қаңтрдан бастап «Ұлттық қор – балаларға» жобасы ресми іске қосылды. Алдын ала мәлімет бойынша жоба алғашқы жылдың өзінде 7 миллионнан астам баланы қамтиды.

Ұлттық қорды басқару Ұлттық банктің құзырындағы шаруа болғанымен, «Ұлттық қор – балаларға» жобасының үйлестірушісі – қаржы министрлігі. Ал оператор – Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры. Әділет министрлігінің базасындағы дерек негізінде 2024 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша 18-ге толмаған балалардың тізімі жасалады. Сол тізім негізінде Ұлттық қордың инвестициялық табысының тең жартысын неше балаға теңдей бөлу керегі белгілі болады. 1 ақпанда осы есеп негізінде 18-ге толмаған балалардың бәріне бірдей мөлшерде ақша аударыла бастайды. 18 жасқа толған соң бала Ұлттық қордан түскен төлемді тұрғын үй сатып алуға, білім алуға, оның ішінде шетелде білім алу мүмкіндігіне жұмсай алады. Бірақ баспананы тек ел аумағынан сатып алуы керек. Ұлттық қор төлемін аудару бала қайтыс болған жағдайда тоқтатылады. Бұл жағдайда мұрагерлік құқығы күшіне енеді. Ондай баланың мұрагері кім бола алатыны Азаматтық кодекстің айрықша бөлігінде көрсетілген, яки әр баланың мұрагері нақты жағдайы бойынша анықталады. Ал заңды мұрагер баладан қалған ақшаны өз қалауынша пайдаланады.

Айлық есептік көрсеткіш 3 692 теңге болды
Биыл елде айлық есептік көрсеткіш пен төменгі күнкөріс шегінің өзгеруіне байланысты әлеуметтік жәрдемақы тағайындалғандар сәйкесінше көбірек қаражат алады. 1 қаңтардан бастап айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 3 692 теңге болды. Ал ең төменгі күнкөріс шегі енді 43 407 теңгеге жетті. Ең төменгі жалақы – 85 000 теңге. Ерекше қажеттілігі бар адамдар алатын жәрдемақы 2024 жылы мүгедектігі барлардың жәрдемақы мөлшері өзгереді: 1-топтағылар – 95 495 теңге (2,20 күнкөріс деңгейі); 2-топтағылар – 79 435 теңге (1,83 күнкөріс деңгейі); 3-топтағылар мен 7 жасқа толмаған мүгедектігі бар балалар – 69 885 теңге (1,61 күнкөріс деңгейі).
2023 жылы 1 қыркүйектегі есеп бойынша Қазақстанда мүгедектігі бойынша 538 мың адамға әлеуметтік жәрдемақы тағайындалған. Ерекше қажеттілігі бойынша жәрдемақы тағайындау Мүгедектік бойынша жәрдемақы алу үшін халыққа қызмет көрсету орталығы немесе egov.kz арқылы өтініш жазу керек. Өтінішпен бірге жеке куәлігі, мүгедектігі туралы анықтамасы, банктік шот туралы мәліметтерді тіркейді. Ведомствоаралық сараптамалық кеңестен, орталық әскери-дәрігерлік комиссиядан мүгедектік беру себебі туралы шешім талап етіледі. Ауруханадан алынған денсаулығындағы ақаулық туралы куәлік те қажет болуы мүмкін.

Балалар төлқұжаты екі есе арзандады
1 қаңтардан бастап Қазақстанда балалардың төлқұжаты екі есе арзандады. Бұл халықтың көші-қон саласындағы заңнаманы жетілдіруге байланысты қабылданған нормалар негізінде өзгерді. Қабылданған нормалар кәмелетке толмаған балаларға берілетін паспорттар үшін мемлекеттік баж салығын 8 АЕК-тен 4 АЕК-ке дейін төмендетуді, паспортты беру үшін оның беттерінің санына қарай, яғни мемлекеттік баж ставкаларын енгізуді көздейді. 16 жасқа дейінгі балаларға – 4 АЕК, 36 беттен тұратын төлқұжаттар – 8 АЕК, 48 беттік төлқұжаттар – 12 АЕК.
Сондай-ақ құжат бастапқы жоғалған күннен бастап бір жыл ішінде жоғалған құжатты қалпына келтіруге екі және одан да көп рет жүгінген кезде жеке куәліктерді бергені үшін мемлекеттік баж салығы 0,2 АЕК-тен 1 АЕК-ке дейін ұлғайтылады.
Жалақы өседі
Премьер-министрдің орынбасары-Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев 2024 жылы азаматтардың жалақысы көтеруге қанша теңге бөлінгенін айтқан еді. Ол «2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын Мәжілісте таныстырды. Үкімет мүшесі халықтың табысын арттыру бағдарламасы аясында азаматтарды жұмыспен қамту үшін 2024 жылға 3,5 триллион теңге көзделіп отырғанын атап өтті.
Оның ішінде 1,5 миллионнан астам жұмыскердің жалақысын көтеруге 2,5 триллион теңге қарастырылған. Өңірлік жұмыспен қамту карталарына 724 миллиард теңге көзделген. «Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде 100 миллиард теңге бөлініп, 18 мыңға жуық жұмыс орнын ашу болжанған. Сонымен қатар мемлекеттік қолдау көрсетуге шамамен 380 миллиард теңге көзделген, бұл 11 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Декларацияның ІІІ кезеңі басталады
1 қаңтардан бастап бірыңғай жиынтық төлемді қолдану мерзімі аяқталды. Сондай-ақ жалпыға бірдей декларациялаудың III кезеңі енгізіледі. Оның шеңберінде активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылар және дара кәсіпкерлер, сондай-ақ олардың жұбайлары ұсынуға міндетті.
«9-20-25» іске қосылады
Биылдан бастап Қазақстанда «9-20-25» жаңа ипотекалық бағдарламасы іске қосылады. Жыл сайын 8 мың қазақстандық бұл бағдарламамен баспанаға ие бола алады. Сыйақы мөлшерлемесі – 9 пайыз, бастапқы жарна – 20 пайыз және несие мерзімі 25 жылға дейін. Осы шарттар бойынша келесі жылдан бастап тұрғын үйді ипотекаға алуға болады. Іске асыруға 100 миллиард теңге бөлінеді.
Автогаздың шекті бағасы бекітілді
Энергетика министрінің 2023 жылғы 22 желтоқсандағы бұйрығымен республикадағы жанармай құю станцияларын тауар биржаларынан тыс ішкі нарыққа жеткізу жоспары аясында сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізудің шекті бағалары бекітілді. Осылайша, 1 литр үшін ҚҚС-ты есепке алғанда ең жоғары бөлшек сауда бағасы Қызылорда облысында – 64 теңгені құрады. Облыс орталығынан шалғайдағы (200 шақырымнан астам) елді мекендер үшін де шекті бөлшек бағалар бекітілді. Бұйрық 1 қаңтардан бастап күшіне енді.
Айыппұл бағасы артады
2023 жылы 1 АЕК 3 450 теңгеге тең болатын. Енді биылдан бастап ол 242 теңгеге өседі. 1 қаңтардан бастап құқық бұзып, айыппұл арқалағандар қанша теңге төлейтінін есептейік. Қылмыстық кодекстің «Мемлекеттік рәміздерді қорлау» туралы 372-бабына өзгерістер енгізілді. Өзгерістер нәтижесінде рәміздерді қорлау дерегі үшін айыппұл көлемі 3 000 АЕК-ке өсті. Биылдан бастап 1 АЕК 3 692 теңге, демек 3 000 АЕК 11 076 000 теңге болады. Жолаушылар мен жүктерді тасымалдау ережелерін бұзғаны, қауіпсіздік белбеуін тақпаны және көлік жүргізіп бара жатқанда телефон пайдаланғаны үшін жүргізушілерге 5 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Бұл 2023 жылы 18 460 теңге. Жүргізу құқығы жоқ жүргізушінің көлікті басқаруы 20 АЕК, яғни 73 840 теңге көлемінде айыппұл төлейді. Көлік құралын басқару құқығынан айырылғандар көлік жүргізсе, оларға 50 АЕК, яғни 184 600 теңге айыппұл салынады немесе 20 тәулікке қамауға алынады. Қала және қала маңындағы қоғамдық көлікте жолақыны төлмегендерге 2 АЕК, яғни 7 384 теңге айыппұл салынады. Ал жолаушыларды билетсіз алып жүргені үшін 5 АЕК (18 460 теңге) айыппұл салынады.
Айнұр ӘЛИ
04 қаңтар 2024 ж. 284 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930