Ұлт саулығы – ел байлығы
Сәрсенбіде Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қазалы ауданында болды. Іссапар кезінде ауданға қарасты үш ауылда дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді. Оның алғашқысы Сарыкөл ауылдық округіндегі Абай ауылында ашылды.
Абайлықтардың ұзақ жылдан бері көтеріп келе жатқан өзекті мәселесінің биыл түйіні тарқады. Жалпы құны 400 миллион теңгеге жуық қаржы құрайтын бұл жоба аяқталып, ел игілігіне берілді. Жаңа үлгідегі заманауи нысанда аптекалық бекет, қабылдау және оқшаулау бөлмесі, лаборатория, физиотерапиялық емдеу мен күндізгі емдеу кабинеттері жұмыс істейді. Амбулатория бір мезгілде 20 адамды қабылдап, 14 тұрғынға стационарлық ем қабылдай алады. Құрылысты «Болашақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізді. Нысан «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жүзеге асырылды.
Алдымен аймақ басшысы ауыл тұрғындарын Жаңа жыл мерекесімен және жаңа нысанның ашылуымен құттықтады.
– Сыр медицинасындағы жаңашылдықтар, бастамалар қолдау тауып келеді. Денсаулық сақтау саласының бастапқы буыны – алғашқы медициналық көмек көрсету, аурудың алдын алу. Ол үшін әрине, типтік ғимарат, мықты материалдық база керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен қолға алынған «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының мақсаты – ауыл медицинасының әлеуетін арттыру. Ұлттық жоба аясында облыстың елді мекендерінде 27 нысан салынуда. Оның 15-інің құрылысы аяқталып, ел игілігіне берілуде. Бұған дейін Сырдария, Жалағаш, Шиелі, Жаңақорған аудандарында 7 және бүгін Арал ауданында 2 жаңа ғимаратты табыстадық. Қазалы ауданының Абай, Бозкөл және Кәукей ауылдарында дәрігерлік амбулаториялар қызметін бастайды. Біз ұлт саулығын нығайту бағытындағы кешенді шаралар легін жалғастыра береміз, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Салтанатты шарада ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Алпамыс Түрікпенәлі тұрғындар атынан алғыс айтып, бата берді. Сондай-ақ мердігер мекеме өкілдері мен ауыл азаматтары марапатқа ие болды.
Осы күні абайлықтармен бірге Бозкөл, Кәукей ауылының тұрғындары да қуанышқа кенелді. Бұнда да дәрігерлік амбулатория халық игілігіне берілді. Бозкөлдегі амбулаторияда да аптекалық бекет, қабылдау және оқшаулау бөлмесі, лаборатория, физиотерапиялық емдеу мен күндізгі емдеу кабинеттері жұмыс істейтін болады. Медициналық мекеме бір мезгілде 20 адамды қабылдап, 14 тұрғынға стационарлық ем жасай алады.
Кәукейдегі амбулатория да дәл осындай типте салынған. Ішіндегі кабинеттері де ұқсас. Мұндағы нысанды «Аман-құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі салған.
Дәрігерлік амбулаторияның ескісіне қарағанда айырмашылығы көп. Яғни, типтік, заманауи стандартта салынып жатыр. Ескі ауыл ауруханасында күндізгі стационарда үш жатын орын болса, мұнда ол екі есеге артады, яғни алты жатын орны болады. Тағы арнайы құрылғылар алынып, жылумен емдеу, арнайы массаж кабинеттері де іске қосылады.
– Ескі амбулаторияда кабинет жетіспеушілігінен жоғарыда аталған емдеу жолдарын қолданысқа енгізе алмадық. Ауыл тұрғындары осы ем түрлерін кентке барып қабылдайтын. Енді қуанышқа орай алысқа сабылмай ауыл ішінен керекті ем-домды алады, – деді көпбейінді аудандық аурухана басшысы Бақытгүл Әлішова.
– Көне емхана 2006 жылы тұрғындардың асарлатуымен салынды. Содан бері халыққа қызмет көрсетті. Дегенмен ескінің аты ескі. Жаңадан бой көтеріп жатқан емхана барша ауыл тұрғындарын қуанышқа бөлеуде. Қазір ауылда барлығы 700-ге жуық адам тұрады. Бұйырса, кең, заманауи жабдықталған жаңа дәрігерлік амбулаторияның игілігін көп ұзамай көреміз деп ойлаймын. Мемлекеттің басты байлығы адам болса, оның денінің саулығы ең бірінші орында. Осы ретте жыл сайын аймақтағы медициналық мекемелердің көптеп бой көтеруі және бұрыннан бар денсаулық сақтау орындарының заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталуы, тұрғындар тілегінің тасада қалмай, шешімін тауып жатқандығы да көңіл қуантады, – дейді ауыл тұрғыны Гүлнәр Сәбитова.
Жалпы биыл облыс бюджеті 57 пайызға өсіп, 609 миллиард теңгеге жетті. Қаржының басым бөлігі әлеуметтік салаға бағытталған. Оның ішінде медицина саласына 138 миллиард 600 миллион теңгеден астам қаржы бөлінген. Қызылорда қаласында 36 миллиард 400 миллион теңгеге бір ауысымда 100 келушіге арналған емханасы және онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы басталды. Құны 2 миллиард 900 миллион теңгені құрайтын Қан орталығы жақын күндері пайдалануға беріледі. Оған қоса 9 медициналық нысанға күрделі жөндеу жүргізіліп, 5 нысанның жылу жүйесі газға ауыстырылуда.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА