Сыр өңірінде жаңа нысан
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Сыр өңіріне арнайы келген ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев және Мәжіліс депутаты Мархабат Жайымбетовпен Сырдария ауданына жұмыс сапарымен барып, Нағи Ілиясов ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның ашылу рәсіміне қатысты. Бұл – Президент тапсырмасымен қолға алынған "Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасы аясында Сыр өңірінде салынған 27 медициналық нысанның алғашқысы.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы денсаулық сақтау саласына айрықша көңіл бөліп келеді. Медициналық қызметтің қолжетімділігін қамтамасыз ету, денсаулық сақтау инфрақұрылымын одан әрі жаңғырту үшін облыста кешенді шаралар қабылдануда. Ел Президентінің бастамасымен қолға алынған «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасымен аймақтың елді мекендерінде 27 нысан салынуда. Бүгінде 15 дәрігерлік амбулатория құрылысы аяқталып, ел игілігіне берілуде. Саладағы бастамалар алдағы уақытта да өңір халқының игілігіне айнала берсін», - деді Нұрлыбек Машбекұлы.
ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев ауыл тұрғындарын жаңа нысанның ашылуымен құттықтады. Медицина саласының ардагері Тұрғанбай Маханов ақ батасын берді. Сондай-ақ, іс-шарада дәрігерлік амбулатория құрылысын сапалы жүргізуге атсалысқан мердігер мекеме өкілдері және ауылдың дамуына үлес қосқан азаматтар марапатталды.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі