Қызылша: Карантин қайта енгізіле ме?
Бас ауруы, көздің шырышты қабаттарының қабынуымен дене қызуының жоғарылауы және денеде қызыл бөртпе қаптап кету. Бұл бүгінде барша елде үрей тудырып отырған қызылша ауруының басты белгілері. Ғаламның 167 елінде белең алып жатқан ауру көп кідірмей біздің елге де жетті. Ал қазір елде 17 мыңнан астам адам қызылшамен ауырса, оның 82 проценті балалар. Аталмыш ауру не себепті көбейді? Елде карантин қайта енгізіле ме? Сақтану жолы қалай? Жұқтырған адамға қандай қаупі бар? Осы және өзге де сауалдарды саралап көрелік.
Биыл әлемде екінші рет қызылша ауруына шалдығу көрсеткіші өсті. Ал иммунитеті жоқ халықтың жиналуы инфекцияның жаңа толқынына ықпал етіп отыр. Қазіргі кезде жоғарыда атап өткендей 167 елде қызылша бойынша жағдай күрделі.
Қазақстан бойынша қызылша барлық өңірде тіркелген. Инфекцияға шалдыққандардың көбісі Шымкентте тұрады. Ол жақта 3 мыңнан астам адам қызылшаны жұқтырған.
Басқа да, бес облыста 1 мыңнан астам жағдай тіркелсе, оның ішінде Сыр өңірі жұқтырғандар саны бойынша алтыншы орында тұр. Мамандар сөзіне сенсек, сырқаттанушылықтың күрт өсуі қыркүйек айынан бастап, яғни, оқу жылында ұйымдасқан ұжымдарда, балалардың жиналуына байланысты байқалған. Соның нәтижесінде сырқаттанушылардың деңгейі екі есе өскен.
Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитеті басшысының орынбасары Зәуре Ахметованың айтуынша, қызылшаны вакцинамен бақылап отыруға болады. Сондықтан ешқандай шектеу шаралары немесе карантин енгізілмейді екен.
– Алайда белгілі бір ұжымда ауру өршіп кетсе, ал екпе алмаған адамдардың саны тиісті нормадан (10 процент) асқан жағдайда инфекцияны өршуіне қарсы шаралар қолға алынады, – деді З.Ахметова үкіметте өткен брифингте.
Аурудың өршуіне не себеп?
Соңғы жылдары жаппай вакцинациядан бас тарту үрдісі қалыптасты. Соның салдарынан балалар арасында ауру жиілеп кеткен. Жалпы қызылшаның алдын алудың жалғыз дәлелденген және тиімді құралы – сенімді әрі ұзақ мерзімді иммунитетті қалыптастыратын вакцинация. Бұл туралы Қазалы ауданы әкімдігінің баспасөз орталығында өткен брифингте аудандық санитарлық-эпидемиологиялық басқармасының басшысы Ғабидулла Ләтиұлы айтып өтті.
– Қызылшаға қарсы иммундау препараттарды енгізу мерзімдерін реттейтін Ұлттық профилактикалық егу күнтізбесіне сәйкес жүргізіледі. Балалар 1 жасында және 6 жасында егіледі.
Бұрын қызылшамен ауырмаған, қызылшаға қарсы егілмеген немесе бір рет егілген ересектер 35 жасқа дейін егіледі. 55 жасқа дейін тәуекел тобына жататын ересектер егіледі. Вакцинаны екі рет енгізгеннен кейін бұл инфекцияға тұрақты ұзақ мерзімді иммунитет қалыптасады.
Денсаулығыңызға мұқият болыңыз. Асқынуларды болдырмау және айналаңыздағыларға жұқтырмау үшін ауру пайда болған кезде уақытылы білікті медициналық көмекке жүгініңіз. Өзіңізді жұқтыру қаупіне ұшыратқаннан гөрі егу және аурудың алдын алу оңайырақ, – деді ол.
Ауданда ахуал қалай?
Елді жаулаған қызылша ауруы Қазалы ауданын да айналып өтпеді. Дәлірек айтсақ, аудан бойынша бүгінгі таңға дейін қызылша ауруымен тіркелгендердің жалпы саны 113-ке жетіп отыр. Оның ішінде аудандық көпбейінді орталық ауруханада 66 науқас болса, қалған 47-сі теміржол ауруханасында тіркелген.
Ал вакцинация бойынша статистикаға келер болсақ, мамандарды4 айтуынша, өткен айда қазалылықтардың 37,7 проценті ғана салдырып отыр. Яғни, жоспар бойынша 6295 азамат болса, соның 2378-і ғана алған. Әзірге ауданда ахуал осылай.
Жуырда өткен брифингте аудандық көпбейінді орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Күншығар Әбілов қызылша ауруымен күрес әлде де күшейтіліп, тұрғындарды екпе алуға шақыру жұмыстары жалғасын табатынын айтты.
– Қызылша ауруына қарсы екпе алдыруға аудан тұрғындарын шақыру үшін көптеген шаралар ұйымдастырылуда. Бұл жалғыз қызылшаға ғана емес, басқа да екпелер бар. Десек те діни наным-сенім және вакцинаның кері әсері жайлы жалған ақпарат жетегіне еріп жатқандар да жоқ емес. Бірақ мамандар көше аралап, әрбір үйге ескерту жасап, екпеге шақыру жұмыстарын жалғастыруда.
Шыны керек, осыдан 10-15 жыл бұрынғы адам мен қазіргі адамның денсаулығы салыстыруға келмейді. Себебі бүгінгінің иммунитеті төмен. Оған ішіп отырған суымыз, жұтып отырған ауамыз, дұрыс тамақтанбау, фаст фуд, газдалған сусыны тағы бар. Осының барлығы ағзаның төмендеуіне әкеліп соғады. Тиісінше иммунитеті төмен адам кез келген ауруға осал болады. Оның үстіне соңғы уақытта вирустарда қоршаған ортаға, адамның иммунитетіне бейім болып келеді, – деді ол.
Қызылша қалай таралады?
Инфекция ауа жолы арқылы беріледі. Вирус сыртқы ортаға сөйлеген кезде сөлмен, жөтелген, түшкірген кезде бөлінеді. Вирустың тез тарайтыны соншалық, сыртқы ортаның тұрақсыздығына қарамастан, ауа толқынымен ғимараттың вентиляциялық жүйесі арқылы таралған жағдайлар да белгілі.
Инфекция көзі – ауру адам. Ол айналадағыларға инкубациялық кезеңнің 2-ші күні, бөртпелер шыққаннан кейінгі 4-ші күнге дейін қауіпті. Ал 5-күнгі бөртпелері бар адам ауруды жұқтырмайды деп саналады. Бұл аурумен ауырып жазылған адам өмір бойы иммунитетін сақтайды.
Қызылшамен ауырған аналардан туылған балалар 3 айға дейін бұл ауруға шалдықпайды, өйткені осы аралықта олардың қанында аналық антиденелер сақталады. Бұл аурумен ауырмаған және егілмеген адамдар қызылшаны жұқтыруға бейім болады және өзінің өмірінде кез келген жаста ауырып қалуы мүмкін.
– Инфекция ауа арқылы жұғады. Мысалы сөйлескенде, түшкіргенде және жөтелгенде. Қызылшамен ауырған науқаспен байланыста болған адам, әсіресе қызылшаға қарсы екпе алмаған және бұл аурумен ауырып көрмеген адам 100 процент дерлік жұқтыруы мүмкін, – дейді аудандық санитарлық-эпидемиологиялық басқармасының басшысы Ғабидулла Ләтиұлы.
Қызылша вирусы өте құбылмалы келеді, тіпті қызылшамен ауырған науқаспен тікелей байланыста болмай-ақ, онымен бір үйде тұрсаң да жұғады. Вирус тез өледі. Маман вирустың тұрмыстық заттар, ойыншықтар, киім-кешек арқылы жұқтыру мүмкін еместігін айтты.
Осал нысана – балалар
Медицина дамыған сайын, сан алуан сырқат түрі де көбейіп келеді. Соның ішінде, ең қауіптісі де – балалар сырқаты. Әсіресе, бүгінгі күні белең алған қызылша ауруы. Оны жұқтырған бала алғашқы кезеңде, яғни алғашқы белгілері пайда болғанға дейін 7-ден 17 күндей ауырады.
– Бала инкубациялық кезеңнің соңғы екі күнінде, катаральды кезеңде (3-4 күн) және бөртпелердің төртінші күніне дейін, яғни 9 күн ішінде басқаларға жұқпалы болады. Алғашқы үш күнде қызылша респираторлық инфекция түрінде көрінеді. Дененің безгегі ұстап, басы ауырады. Жөтел пайда болады, мұрыннан су ағып, тамағы ауырады, – дейді дәрігер-эпидемиолог.
Ауру негізінен үш кезеңнен тұрады. Катаральды, бөртпе және пигментация кезеңі.
– Алғашқы 3-5 күнде қызылшаның белгілері көрінеді. Ағзаны ұйқы басып, тез шаршайды және дене температурасы аздап көтерілуі мүмкін. Бұл кезеңде қызылшаның негізгі симптомы – науқастың аузында тістердің түбінде ерекше бөртпе пайда болады. Дақтар қызарып тұрады. Мұндай дақтар ерте бастан диагноз қойып, ауырған адамды немесе баланы ертерек оқшаулауға мүмкіндік береді. Қызылша жұқтырған балаларда жөтел жиілеп, дене қызуы біртіндеп 40 градусқа жетуі мүмкін, – дейді маман.
Эпидемиологтың айтуынша, қызылшамен сырқаттанған 1 жастағы балаларда қызылша онша байқалмайды. Бөртпе де бірден білінбейді. Бірақ баланың іші өтіп, құса бастайды.
Ал қызылшамен ауырған ересектерде терінің қышуы 20 процент болады. Ларингит, бронхит 15 күнге дейін созылуы мүмкін, әсіресе 60 жастан асқан адамдарда ұзаққа созылады. 20-30 процент қысқа мерзімді диарея және орталық жүйке жүйесі зақымдануы мүмкін. Қызылша асқынған жағдайда адам пневманияға шалдығады.
Ажал құштыруы мүмкін
Қызылша бөртпесі ең әуелі құлақтың артында және шаштың өсу аймағында бас терісінде пайда болады, бетке, мойын аймағына және кеудеге таралады.
– Екінші күні иықтың, қолдың, арқаның, іштің терісі бөртіп кетеді. Науқастың саусақтары, аяғының төменгі бөлігінде де пайда болады. Өңі бозарады. Денедегі бөртпелер балаларға қарағанда ересектерде анық білінеді. Аурудың ең шарықтау кезі осы бөртпелердің пайда болған кезі. Вирустың ең ауыр кезеңі де осы сәтте жүреді. Науқасты тексеру кезінде артериялық гипотензия, тахикардия, бронхит немесе трахеобронхит белгілері анықталады, – дейді мамандар.
Қызылша ауруы теріде және шырышты қабаттарда көп қан кеткен жағдайларда қауіпті екен. Адамның зәрінде және нәжісте қан пайда болып, тіпті қан көптеп кетуі мүмкін. Тіпті, бұл адам өліміне әкеп соғады. Сол себепті қызылшаны асқындырмай дер кезінде дәрігер көмегіне жүгіну керек.
Бөртпе пайда болғаннан бастап дұрыс ем қабылдаса, 3-4-ші күні накуқастың жағдайы жақсарады.
Емделу жолы қалай?
Жалпы ауруды анықтау үшін дәрігер науқасқа сараптама жасатады. Ол – қан мен зәрді жалпы талдау, серологиялық зерттеу. Бұл – баланың қан сарысуындағы қызылша вирусына антиденелерді анықтау. Сосын қаннан вирустың бөлінуін анықтап, кеуде қуысының рентгенографиясы жасалады. Алайда бұл – ерекше жағдайда ғана жасалатын тексеру. Сондай-ақ электроэнцефалография, бұл тексеру де науқастың жүйке жүйесінде асқынулар болған жағдайда ғана жүргізіледі.
Жалпы диагнозды анықтау дәрігерге еш қиындық тудырмайды.
– Қызылшамен ауырған балалар көбінесе үйде емделеді. Егер науқастың жағдайы ауыр болса, онда ауруханаға жатқызылады. Сондай-ақ ауруы асқынған және үй жағдайында күтімі жоқ балалар да ауруханада емделеді. Бір жасқа дейінгілер міндетті түрде ауруханада ем алады. Жалпы ауырған баланың гигиена сақтауын қадағалап, дәрумендерге бай сұйықтықты жиі ішкізу қажет. Денедегі бөртпелерге ештеңе жақпау керек. Бөлме температурасында баланы сумен жуындыру жеткілікті. Онда да дене температурасы төмендегеннен кейін, яғни ыстығы басылғаннан кейін ғана шомылдыруға болады, – дейді эпидемиолог.
Қызылша ауруы бедеулікке әкелмейді дейді дәрігер. Бірақ жүкті әйелдерде түсік түсіру, мерзімінен бұрын босану және жатырішілік ақаулар болуы мүмкін. Қазіргі жағдайда қызылша жұқтырған жүкті әйелдер тыныс алу жеткіліксіздігінен және интоксикация белгілеріне байланысты орташа ауырлықта жүреді.
Серік АҚМЫРЗА