Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Есіл өміріңді есірткіге байлама

Есіл өміріңді есірткіге байлама


Жалпы жаман әдетке бой алдыру, қызығушылық тыйым салынған затты қолдануға деген ұмтылыстан басталады. Бірақ соның соңы тәуелділікке соқтыратынын жастар ұғынғысы келмейді. Бүгінде жан тыныштығын сондай зиянды заттардан, дәлірек айтсақ есірткіден іздейтін жастардың қарасы жиілеп барады. Оны қолдану мен тарату да кең етек жая бастаған. Ал интернет желісінде оған қол жеткізу тіпті оңайлаған. Себебі интернет желісі, пошта қызметтері мен онлайн төлемдер бұл препаратқа деген қолжетімділікті арттырып тұр.
Шындығында да, қазір синтетикалық есірткінің өзі желіде ашық жарияланып, саудаланып жүр. Тіпті бұған құқық қорғау органдарының өзі тосқауыл бола алмауда. Неге десеңіз, жоғарыдағыдай әдістер дистрибьютерлер мен сатып алушылар арасындағы физикалық байланысты қамтамасыз етіп отыр. Ал бұл күдіктілердің жалғанды жалпағынан басуына таптырмас мүмкіндік. Иә, мұндай әрекеттер оларды қолға түсіруде қиындықтар туғызатыны рас. Дегенмен құқық қорғау органдары құр қарап отырғаны жарамайды. Себебі сыныққа сылтау табылатын қоғамда жанына дәру іздеп, нашақорлық дертіне бас ұрғандар азаймай тұр. Өкініштісі, оларға: «тәуелділіктің түбі – темір тор, осылай жүре берсең, қылмыстық жауапкершілікке тартылып, түрмеден бір шығасың» деген сөздің өзі өтімді болмай тұр.
БҰҰ-ның есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының 26 маусымда жариялаған баяндамасында соңғы 10 жылда есірткіге тәуелділер санының өсуіне синтетикалық есірткіге сұраныстың артуы әсер еткендігі айтылған-ды. Расымен-ақ, бүгінде есірткі тұтынатындар мен таратушылар саны азаймай тұр. Әлемдік статистиканың өзі соны аңғартады. Себебі соңғы он жылда есірткі қолданушылардың саны 23 процентке өскен. 2011 жылы есірткіге тәуелділер саны 240 миллионды құраса, 2011 жылы 296 миллионға дейін артқан. Ал есірткі пайдаланумен денсаулығына айтарлықтай зиян келтіргендер саны сол кезеңде 45 процентке, яғни 39,5 миллионға дейін жеткен. Сарапшы мамандардың сөзінше, синтетикалық есірткі «арзан, жеңіл және жылдам өндірістің арқасында тез таралып, заңсыз нарықты түбегейлі өзгертіп отыр. Бұл тиісінше нашақорлар санының өсуіне түрткі болып отыр дейді мамандар. Ал елімізде 18 мың адам нашақорлық бойынша тіркеуде тұр. Ресми дерек солай дейді. Олардың сөзіне сенсек, олардың дені жастар. Мұндағы мәліметтің ең сорақы тұсы - есірткі қолданғандардың жас көрсеткіші 13 жастан басталатындығы. Қызық үшін есірткіге елітіп, жаман әдеттерге бойын билеткен балалардың мұндай жолға түсуі әдетте қызығушылықтан басталады десек те, бұл қоғамның тікелей қателігі. Неге десеңіз, біз есірткі бизнесінің желіде кедергісіз жүруіне өзіміз жол беріп отырғандаймыз. Тіпті сол саудамен айналысатындардың өзі түрлі қулыққа барып, жастарды есірткінің торына оңай іліктіріп жүр. Өрмекшінің торындай шырмаған бұл бизнес интернет желісіндегі түрлі сайттар мен платформаларда жиі кездеседі.
Еліміздің статистикалық бюросының жариялаған соңғы мәліметтеріне көз жүгірткенімізде көлеңкелі бағыттағы есірткі саудасын жандандырып, «қара базарды» қолданушылар саны 7 мыңға жеткендігін білдік. Бұл көрсеткіш сағат санап өсіп жатуы да әбден мүмкін. Себебі онлайн жүйе дамыған заманда әлеуметтік желілер мен түрлі мессенджер арқылы есірткі өндірушілер мен сатушылар тауарларын емін-еркін сатып, әлеуметті улап отыр. Тіпті олар өздерінің өнімдерінің таралу мүмкіндігі жоғары болатын аудиторияға жұмыс жасайды. Анығын айтқанда, жасөспірімдер мен жастар жиі қолданатын әлеуметтік желілерде өздерінің тауарларын жарнамалайды. Қазір қай платформаны ашсаңыз да, іздеген дүниеңе қатысты жүздеген жарнаманы оңай табасың. Бұл жерде де солай. Қызық іздеген адамға сұрағаны алдынан оңай шыға келеді. Бір айта кететін жайт, біз болары болып, бояуы сіңгенде ғана оянамыз. Содан да болар «ғаламтордың кейде жақсы, кейде жаман тор» екендігін жастар жиі қаперден шығаруда. Ал сол немқұрайлылықтың салдары ұлт саулығына да айтарлықтай әсер етуде. Бұл турасында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында сөз етіп, онлайн бизнеске қатысты ойын білдірген еді.
– «Синтетикалық есірткі тұтынатындардың көбеюі ұлт саулығына зор қауіп төндіруде. Қазіргі ахуал өте күрделі, соңғы үш жылда тәркіленген «синтетиканың» көлемі 10 есе артқан. Уақыт өткен сайын мұндай есірткі арзан, әрі қолжетімді бола бастады. Нашақорлар оны әлеуметтік желі мен түрлі мессенджер арқылы емін-еркін сатып алып жатыр. Есірткіні, тіпті, үйге әкеп беретіндер бар. Бұл – аса қауіпті, әрі ауқымды әлеуметтік кесел», – деді ол өз Жолдауында.
Иә, нашақорлық қоғамның қасіреті. Оған қарсы күресті күшейту маңызды. Мемлекет басшысы бұл ретте синтетикалық есірткіні өндіруге және таратуға қарсы күрес жалпыұлттық деңгейде жүргізілу керектігін айтқан еді. Бірақ алдын алу шаралары мен оны ауыздықтау анау айтандай жүйелі болмай жатқанға ұқсайды. Себебі, тауарды таратушылар мен тұтынушыларға тағайындалған қатаң қылмыстық жауапкершіліктің өзі қауіпті кеселдің бетін қайтара алмай тұр. Тіпті қатаң жазаға тартылғандардың арасынан торыққан жанды көрмейсіз. Неге дейсіз бе?! Өйткені олардың көбі есірткіге елітіп, есін жоғалтқандар. Сондықтан да болар олар ертеңі мен еркіндігі туралы мүлдем ойланбайды.
Ойланбауының да себебі айқын. Өйткені синтетикалық есірткі адамның орталық жүйке жүйесін бұзатын көрінеді. Мамандар мұндай заттарды тұтыну адамда параноя, галлюцинация, кейін шизофрения сынды ауруларды туындатынын айтады. Адамды ақыл-есінен айырып, психикасына айтарлық нұқсан келтіретін мұндай өнімдерді ұзақ қолдану ойға қонымсыз жайттарды туғызып, әртүрлі қылмысқа ұрындырады. Ал егер мұны уақытында тоқтатып, емделмесе, ессіз құмарлықтың соңы қайғыға ұласуы әбден мүмкін дейді олар.
Ал наркологтардың айтуынша, синтетикалық есірткінің героиннан да қатты әсері бар. Наркологтар мұндай байламға келуін өздерінің жұмыс тәжірибесінде кездескен жайттармен байланыстырады. Олардың сөзінше, табиғи есірткі мен синтетикалық есірткіні қолданудың салдары екі түрлі. Яғни, табиғи есірткіні бірнеше жыл үзбей тұтынған адам ақыл есінен түбегейлі айырылмаса да, берілген тапсырмаларды белгілі бір деңгейге дейін жүйелі орындай алатын көрінеді. Ал синтетикалық есірткінің бар-жоғы бірер ай қолданғандардың ойы мен сөзі шашыраңқы. Шынайы болмысын жоғалтып, мына әлемнен алыстап кетуі де мүмкін екен. Өмірде болып жатқан дүниелерді қабылдай алмайды, саралау білмейді. Тіпті көз алдындағы адамды басқа бір кейіпте көруі де ғажап емес. Бір айта кететіні, синтетикалық есірткіні үздіксіз әрі үзіліссіз қолданғандардың миы ұзақ емнен кейін де қайта келмеуі мүмкін дейді наркологтар.
Мақаламызға арқау болған тақырып төңірегінде ізденгенімізде, табиғи және синтетикалық деп бөлінетін есірткінің соңғысы елімізде көп таралғандығын аңғардық. Дәл осы тұста «оның таралуына кім жол беруде және онымен кім күресіп жатыр?» деген сұрақ санамды сан саққа жүгіртті. Саны алуан, салдары ауыр синтетикалық есірткінің көзін жоюға соншалықты қауқарсыз болғанымыз ба? Иә, көз үйренген лозунгтер, түрлі акциялар, профилактикалық шаралардың жүргізіліп жатқанын білеміз. Оны күнделікті көріп те жүрміз. Бірақ сол алдын алу шараларының нәтиже беріп жатқаны шамалы. Мұны психолог мамандар да жиі айтып жүр. Сөздерінше, елімізде есірткіге қарсы профилактика жеткілікті деңгейде жүргізілмейтінге ұқсайды. Психологтардың бұлай айтуының жаны бар. Расымен-ақ, біз есірткіге қарсы күресте саны көп, сапасы жоқ акцияларды өткізумен шектеліп жатқандаймыз. Сол аты дәу дертті жоюда әлі де жайбасармыз. Егер уақыт қалыбына салып, құбыла алсақ, бұл кеселге дер кезінде төтеп берген болар ма едік кім білсін?! Біз білетін қағидалардан кету керектігін ұғатын да біршама уақыт өткен секілді. Өйткені нашақорлықпен қарсы күресте
қазіргі тәсіл ескіріп барады.
Сарапшы мамандардың сөзіне сенсек, есірткімен күресте адамдарға сала мамандары арқылы ақпаратты сауатты жеткізетін алаң қажет. Мұндай алаң бұған дейін болмады деуге келмейді. Дегенмен бағыты бөлек болды десек дұрыс болар. Себебі, біз есірткіге тәуелді болғандарды қылмыскер ретінде қарастырамыз. Ал әлемдік тәжірибеде бұл мүлдем бөлек. Олардың пайымдауынша, әдетте адамдар түрлі комплекстерден арылу мақсатында, сондай-ақ қиын жағдайларды бір сәтке ұмыту үшін есірткі қолданады-мыс. Өкінішке қарай, мұндай тенденция біздің елде де белең алуда. Есірткіге тыйым салумен оны түбегейлі жоя алмайтынымыз анық. Не істемек керек? Дұрысы, әлемдік тәжірибеге сүйену. Бұл пікірді сарапшы мамандар да қостайды. Егер Швейцарияның нашақорлыққа қарсы күрестегі «төрт тірек саясатын, яғни алдын-алу, емдеу, тыйым салу және содан кейін ғана жазалау» деген жүйесін дұрыс қолдана алсақ, бұл тәжірибенің тиімділігін біз де көрген болар едік. Негізінде бұл әдісті еліміз мойындаған. Дегенмен нәтиже көңіл көншітпейтіндей. Бұл мәселеде әлі де қарқынды жұмыс керек сияқтанады. Бұл сарапшылардың ғана ойы емес. Көпшілік те солай ойлайтындығын байқатты. 43 жастағы Ардақ есімді кент тұрғыны да есірткімен күресте дұрыс жүйе керектігін айтады.
– Қазір жастардың арасында синтетикалық есірткіні қолданатындар жиілеп кетті. Көбіне мұндайға мектеп жасындағы жасөспрімдер мен студенттер үйір екенін көріп жүрміз. Жастардың осындай зиянды әдеттерден аулақ болуы үшін алдын алу шаралары жүйелі жүргізілуі керек. Ата-ана да балаларын жиі бақылауда ұстау керек. Сонда ғана бұл қатердің жастар арасында таралуына тосқауыл бола аламыз, – дейді ол.
Айдың күннің аманында өз еркімен тілсіз тажалдың құрығына түсіп, ес-түсінен айырылып жатқандар әлі де болса азаяр емес. Тіпті олардың арасында ақылға келіп, адамдықты таңдап жатқандар да әзірге санаулы. Дегенмен тағдырына тар тағдыр бұйырған жандарды ажалдың тұзағынан арашалауға біздің мүмкіндігіміз бар. Тек соның бағытын айқындап, дұрыс жолға қоя білуіміз керек. Сонда ғана тағдырдан теперіш көрдім деп есірткіге байланып, әлсіздік танытқан топты бұл шырмаудан шығара аламыз. Бірақ олар да тар қапасқа таңылып, тұсауланбауды қаласа, тамұқтан жарыққа қарай шығуға таңдау жасауы керек. Сол кезде ессіз әлемнің құрбанынан, есті әлемнің қаһарманына айналмақ. Көпшілік арасында «Тағдыр тағдырмен, бірақ таңдау әркімнің өзінде» деген сөз бар. Бірақ адасқандарға жол сілтеп, тура жолға салу – баршаға ортақ міндет екендігін бір сәт естен шығармағанымыз абзал. Себебі, есірткі жалғыз жанның емес, қоғамдық дерт. Сондықтан есіл өмірімізді тәрк етіп, есті кетіретін есірткіге бірігіп қарсы тұрайық дегім келеді.
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ
18 қараша 2023 ж. 207 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930