Құқық бұзушылықты болдырмау маңызды
Қазалы ауданында құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі аудандық комиссияның кезектен тыс отырысы мен аудандық прокуратураның ұйымдастыруымен ведмоствоаралық мәжіліс өтті.
Кездесуге аудан әкімі Мұхтар Оразбаев, аудан прокуроры Дарын Әбіш және арнайы іс-сапармен облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Ілияс Жұмағұлов, облыстық білім басқармасының тәрбие жұмыстары бөлімінің басшысы Бектұр Қали және комиссия мүшелері, кент, қала, ауылдық округ әкімдері, бөлім басшылары, мектеп директорлары мен учаскелік полиция қызметкерлері қатысты.
Жиында 2023 жылы аудан көлемінде құқық бұзушылық профилактикасы бойынша атқарылған жұмыстардың тиімділігі мен осы бағыттағы алдағы уақытта атқарылатын жұмыстардың жайы талқыланды.
Күн тәртібіндегі қозғалған өзекті мәселелер бойынша аудан прокурорының орынбасары Ғанибек Сағатов, аудандық полиция бөлімінің бастығы Асылбай Аңсатов, аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тлеумбетов және аудандық білім бөлімінің басшысы Әділхан Жөлекешов баяндама жасады.
Отырыста аудан прокуроры Дарын Елтайұлы аудан бойынша кәмелетке толмағандардың арасында қылмыстық құқық бұзушылықтың алдын алу, оқушылардың түнгі мезгілде тұрғынжайдан тыс жерлерде заңды өкілінсіз жүруін тоқтату, топтық төбелестің алдын алу сынды мәселелер бойынша жұмыстың жүргізіліп жатқандығын, алайда, осы бағыттағы жұмыстарды әлде де күшейтіп, жандандыру қажеттігін айтты.
Облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Ілияс Байжұманұлы балалардың бос уақытын тиімді өткізу мақсатында білім беру ұйымдарындағы үйірмелерді оның ішінде спорттық үйірмелерді көбейту, бала тәрбиесіне үлкен әсер ететін өнегелі қариялар мен ардагерлердің қатысуымен тәрбие сағаттарын өткізу сынды ұсынысты ортаға салды.
Ал, білім басқармасы басшысының орынбасары Бектұр Асанханұлы болса, бұл бағыттағы бірлесе атқарылып жатқан жұмыстардың барлығы алдағы уақытта да жалғасын табатындығын жеткізді.
Жиын барысында аудандық мәслихат төрағасы Ғазиз Әліш те сөз алып, бүгінгі бала ертеңгі елдің болашағы екендігін айтып, бала үшін, оның болашағы үшін барлығымыз ауызбіршілікпен жұмыс жасауымыз керек екендігін тілге тиек етті.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Мұхтар Оразбаев басқосуда айтылған барлық ұсыныстарды қолдайтындығын айтып, елдің бірлігі, тыныштығы мен ауызбіршілігі үшін бірлесе жасалатын жұмыстарды әлде де жандандыра түсетіндігін, сондай-ақ ауданның әрбір жетістігі мен мерейінің асқаны ортақ абырой екенін жеткізді.
Қазалы ауданы әкімінің баспасөз қызметі