Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Береке берген бизнес

Береке берген бизнес

Бүгінде Қазалының тұрғындары табыс тауып, тірлік жасауға әбден бейімделген десем артық айтқандығым емес. Қазір сауда мен белгілі істі қолға алсаң, әрекетіңе қарай берекетін көретінің шындық. Ол үшін тынбай тер төгу қажеттігін де естен шығармаған жөн. Осындай қағиданы ұстанған қазалылық Шамшырақ Оспанова. Ауданға белгілі «Grill_house_qazaly» атауымен тауық етінен азық ұсынуда.
Берекелі ісінің «бісмілләсін» айтып, бастағанына да 1 жылға жуықтады. Еңбекқор кейіпкеріміздің айтуынша, алғашында күмәнданды ойлар мазалаған. «Кім сатып алады? Қайта-қайта тұтынатындар бола ма?» сынды бірнеше сауалдармен ұйқысыз түндерді өткерген. Дегенмен басында аздап тапсырыс берген өнімдері бір күнде өткенінде ерекше қуанған. Осылайша біртіндеп тапсырыс көлемін көбейткен. Бара-бара тұрақты әрі жаңа тұтынушылар қатары ұлғайған. Осы күндері жеткізу қызметімен Бекарыстан би, Құмжиек, Ғ.Мұратбаев, Абай, Қамбаш ауылдарына, Қазалы қаласына, Әйтеке би кенті ішінде және Арал ауданына да жөнелтіп жүр. Бір алған тұтынушылары қайтара тапсырыс беретін де көрінеді. Бұған қоса тойхана мен үлкен дастарқан мәзірін дайындаушылар да сатып алады.
Жалпы Шамшырақ Серікқызы Арал ауданының тумасы. Әкесі «Арал тұз» жұмысшысы болып 40 жылдай тер төккен. Анасы үй шаруашылығымен айналысқандықтан Шамшырақ балалардың тұңғышы ретінде шаруашылықта қолғабыс беретін. Сөзінше, бала кезден саудаға қатты қызыққан. Мектеп қабырғасында 6-7 сыныпта жүргенінде жазғы демалыста есік алдында майда-шүйде сатумен айналысқан. Аулаларында да шағын дүңгіршек болыпты. Сол кезден-ақ келешек қандай мамандық иесі болатынын да шешкен. Осы пәспен мектеп бітіре сала, қаржыгер саласынан ілім алған. Екінші курсқа келгенінде жұмысқа орналасады. Ол «Қаз пошта», «Альянс банк» және «Хоум кредит банк» қызметкері атанды. Бүгінде соңғысында халыққа қызмет көрсетеді. Еңбек өтілі де жиырма жылға жуықтапты.
Құдай қосқан қосағы Айдос та қаржы саласында. Екеуі ортақ Аружан, Мирас, Інжу және Әсет пен Әсел есімді ұл-қыздарын тәрбиелеп отыр. Мұндайда көпбалалы отбасы үшін бір айлыққа қарап отыруға жарамас деген пікірмен өздерін қайраған ерлі-зайыптылар қосымша табыс көзін ашуды діттейді.
– Бұл идеяны отағасы Айдос ұсынды. Негізінде аяқасты аша салмадық. Екшелеп, өлшеп 5-6 ай дайындалдық. Қомақты несие алдық. Қаншама жабдыққа қол жеткіздік. Арнайы Алматыдағы таза әрі халал тауық фермасымен келісімге келіп, біркелкі көлемдегі құстарды алып отырамыз. Олар ішінің ішек-қарнын тазалап, жібереді. Әрине басында сәл қиындықтар кездесетіні заңдылық. Ішкі уайым, сонша қарызды қалай өтейміз деп қынжылдық. Одан мұздай тауықтарды жібітіп, жуып, маринадтаймыз. Біз рецептті де интернет арқылы іздеп, түрік аспазынан сатып алдық. Өніміміз арнайы гриль пешінде бір мезетте 12 данасы пісіріледі. Оның қасына әзірлеп беретін соусымыз бен лаваш қосылады. Негізінде құс 40 минутта дайын болады. Дегенмен жұмсақ әрі дәмді болуы үшін 1-1,5 сағаттай баппен пісіреміз. Бастапқыда «Несібелі» супермаркетінің алдынан сауда нүктемізді ашқанбыз. Отбасымызбен жүретінбіз. Сол кезден бастап бұл жақтан жеткізу құны қымбатқа түссе де, Қазалы қаласынан сұраныстар болды. Сондықтан екінші нүктені ашуды ойлап, қалаға жақынырақ тұсты «Рамазан» сауда үйін таңдадық. Шүкір қазір 5-6 адамды жұмыспен қамтып отырмыз, – дейді кәсіпкер ана.
Көпбалалы ана сөз арасында маринадқа арналған табиғи, таза шөптерді Ташкент пен Шымкенттен алдыртатынын айтты. Маринадты 8-9 сағаттай сіңдіреді. Оған арналған соусқа қоспаларды табиғи көкөністерді қайнатып әзірлейді. Содан да болар халық өздері-ақ бір-біріне жарнамалап, бірнеше тұтынушы әкеледі. Мұнда тауықтан бөтен, донер, пицца түрлерімен қатар фри және чикен саудаланады.
Әйел адамға отбасы тірлігімен қатар бірнеше істі алып жүру мүмкіндігі бар ма, деген сұраулы жүзімізге жымиған сыпайы қалыппен жауабы да дайын тұрды.
– Шынтуайтында өз-өзіңді қамшыласаң, адам қажет деп санаса, Алланың қалауымен үлкен істі атқара алады. Өзім нағашы әжемнен көп кеңес алған балалар қатарынанмын. Ол әрдайым айтатын, қандай қиындық болса да көңіл-күйің түспесін. Не нәрсе де бұйырса, ешқайда кетпейді. Баратын жеріңе де тағдырыңда көрсетілген болса, қандай кедергі болсын Құдайдың құзырымен орындалады. Сонымен бірге қайын атам Жомарт Қуандық қырық жылдай почта саласына еңбегі сіңіп, «Құрметті байланысшы» атанған. Енем ертерек марқұм болғандықтан. Ол кісі бар қамқорлығын аямайтын. Үй тірлігінде бала бағуда қолғабыс ететін. Сондай-ақ ең керемет мотиваторым болды. Кім қандай әңгіме айтсын тек алға қарай ұмтыл. Жан-жағыңа алаңдама деп рух беріп тұратын. Осындай қолдаулардан соң жақсы ойларда жүру нәсіп етілді. Бұл ең жақын адамдарыма алғысым шексіз.
Негізінде болмысымда бір орында отырғанды ұнатпаймын. Шалт қимылдап, шаруаны шыр айналдырғанды жаным қалайды. Көңіл-күйімді түсірмей, күліп жүргенді ұнатамын. Сол себепті де үй шаруасы, бірнеше кәсіпті алып жүру жан-дүниемді рахатқа бөлейді. Бұл қасиетім қиын сәттерде сағымның сынбауына сеп болып келеді, – деген ойын жеткізді.
Ерке де, тартымды Шамшырақ бұл ерекшеліктерімен де тұтынушыларды баурап отыр. Бар махаббат пен ізгі ниетін қосып атқаратын кәсібін алдағы уақытта ұлғайту мен жаңа өзгерістерді қосу жоспарында бар. Ал біз жас келіншектің ісіне табыс тіледік.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА







16 қыркүйек 2023 ж. 250 0

Әлеуеті артқан ауыл

26 қараша 2024 ж. 38

Ереулі атқа ер салмай...

26 қараша 2024 ж. 34

Агросалада қарқын бар

26 қараша 2024 ж. 38

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930