Спорт мекемелері қызметкерлерінің арасында аудандық жарыс өтіп жатыр
Биыл Қазалы спорт клубының құрылғанына – 10 жыл. Тәуелсіздік алған жылдардан бері қарай ауданда алғашқы салынған бұл ғимарат ашылған күннен бастап, мұнда түрлі спорт түрінен республикалық, облыстық, аудандық шаралар өтіп келеді.
Сонымен қатар, осыншама жылдар ішінде көптеген спортшылар жаттығып, аудан абыройын асқақтататын саңлақтар қанат қақты.
Бүгін соның аясында шағын футболдан спорт мекемелері қызметкерлерінің арасында аудандық жарыс басталды.
8 команда қатысқан додаға аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тілеумбетов арнайы қатысып, спорт клубтың құрылғанына 10 жыл толуына орай құттықтау лебізін білдіріп, спортшыларға сәттілік тіледі.
– Қазалы ауданының спорттағы жетістігі, бағындырған белесі аз емес. Ал сол спортшылардың көпшілігі осы ғимаратта жаттығып, шыңдалды. Соның дәлелі болса керек, биыл спортшыларымыз ҚР-ның чемпионаттарына, халықаралық, республикалық, облыстық жарыстарға қатысып 18 алтын, 26 күміс, 31 қола медальға қол жеткізді.
Нысанның ашылғанына 10 жыл толған мерейтойымен баршаңызды құттықтаймын! Соның аясында ұйымдастырылып жатқан жарысқа қатысушы командаларға сәттілік тілеймін, – деді Дәурен Оңғарбайұлы.
Мұнан соң ардагер спортшы Нұрлыбек Есбосынов сөз алып, құттықтау тілегін жеткізді.
Көп ұзамай командалар алаңға шығып, топтағы үш ұпай үшін таласты бастады.
"ҚАЗАЛЫ" ақпарат