Төрт жолақты жолдың жайы талқыланды
Бүгін аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Қызылорда облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Жәнібек Сыздықов пен төрт жолақты жолға жауапты “СтандартОйлКзо” ЖШС директоры Әділ Бижановты арнайы ауданға шақырып, аудандық мәслихат депутаттары және қоғамдық кеңес мүшелерінің қатысуымен мәжіліс өткізді.
Жиында Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласының аралығындағы 4 жолақты жолды қайта жаңғырту жұмыстарын талқыланды.
«Жалпы, жобаны толық аяқтау үшін 2023 жылға бюджеттен бөлінген 801,8 млн. теңгенің бүгінгі күнге тек 71,4 млн. теңгесі ғана игеріліп отыр. Құрылыс жұмыстары өте баяу жүруде. Мүлдем жүріп жатқан жоқ десем де қателеспеймін.
Сіз тамыз айында аймақ басшысы ауданға іс-сапармен келгенде қазан айында толық аяқтаймын деген уәде бергенсіз. Бірақ, 4 жыл ішінде бітпеген жұмыс бірнеше айдың ішінде аяқталады деп ойламаймын.
Осындай мердігердің жауапсыздығынан кент, қала тұрғындары тарапынан наразылықтар туындауда. Қазақ «Көтере алмайтын шоқпарды беліңе байлама» деп бекер айтпаған. Егер қолыңыздан келмейтін болса, неліктен бұл жұмысты мойныңызға алдыңыз. Бір ғана Сіздің жауапсыздығыңыздан көп адамдар зиян шегіп отыр», – деген М.Әуесұлы “Қарлан” учаскесінде салынып жатқан көпірдің де құрылысы тұралап тұрғанын айтты.
Мұнан соң Қызылорда облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Жәнібек Шәкімбайұлы жобаның мән-жайын түсіндіріп, барлығы мердігер мекеменің жауапсыздығынан болып отырғанын қозғады.
Басқосуда Нұрлан Самұратұлы, Ғазиз Әлмәмбетұлы, Талайлы Әмитжанұлы және аудандық мәслихат депутаттары тұрғындардың 4 жолақты жолға қатысты жан айқайларын жеткізіп, мердігер мекеме директорын қатаң сынға алды. Сонымен қатар, аудандық мәслихат және қоғамдық кеңес атынан мекемеге шара көріп, тиісті құзырлы орындарға жолдау қажеттігін көтерді.
Жиын соңында аудан басшысы аймақ басшысы қолдап, бюджеттен қаржы бөлінген жобаны тез арада сапалы аяқтауды жүктеді. Ал жүйелі жұмыстар атқарылмайтын болса, тиісті шаралар қабылданатынын айтты.
"ҚАЗАЛЫ"ақпарат