Аудан әкімі: Құрылыс қадағалауда болады
Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласы арасындағы аудандық маңызы бар автокөлік жолын қайта жаңғырту жұмыстарын көрді.
Төрт жолақты жолдың уақыты өткен сайын халық сұранысы күшейіп бара жатқанын ескерткен аудан басшысы мердігер мекеме - «Стандарт Ойл КЗО» ЖШС қызметкерлеріне жұмыс қарқынын күшейтуді қатаң тапсырды. Оның үстіне қажетті құрал-жабдықтар уақытында жеткізіліп, техникалар құрылыс басында болуын ескертті.
Мұхтар Әуесұлы мерзімінен кешігіп келе жатқан жолды тікелей өзінің бақылауында ұстап отыр. Сондай-ақ, күнделікті қадағалап, жауаптыларға тиісті тапсырмалар жүктеуде.
Аудан басшысы мұнан соң Әйтеке би кентіндегі Жангелдин көшесіне барды.
Қазір мұнда тас төсеп, тегістеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жауапты мердігер - “Нұрас И К” ЖШС. Басты міндет - аталған жолдың сапасына басымдық бере отырып, уақытылы ел игілігіне беру. Бұл жөнінде жеткізген аудан әкімі Мұхтар Оразбаев құрылыс басына арнайы келіп, үнемі тексеріп отыратынын айтты.
Айта кеткен жөн, осы жылдың өзінде аудан орталығы - Әйтеке би кентіндегі 14 көше асфальтталатын болады.
"ҚАЗАЛЫ" ақпарат