Дәрі-дәрмек арзандай ма?
Қазір қалада да, тіпті ауылдарда дәріханалар көбейді. Көп болғаны әуелі тұтынушыға, одан соң кәсіпкерге тиімді. Бас ауырып, балтыр сыздаса, күн-түн демей, тәулік бойы жұмыс істейтін дәріханалар ашық. Осыған қарап фармацевтикалық заттардың тапшылығы байқалмайды-ау деп байлам жасасақ, қателескен екенбіз. Кешегі карантин кезіндегі ахуалды еске алып көріңіз. Коронавирус өршіп тұрғанда сеңдей сапырылысқан жұрт қарапайым маска мен «парацетамол» таппай сарсаңға түскен жоқ па? Иә, баршамызға сынақ болған ол кез де артта қалды, ал ендігі жағдайымыз қалай?
Өз дәрімізді өндірсек...
Әлеуметтік желідегі ашық ақпаратқа, пікірлерге зер салсақ, тұрғындардың басым көпшілігі дәрі-дәрмек бағасын қымбат санайды. Тұтынушыға дәрінің бағасы шамадан тыс қымбат болса, «көрпесіне қарай көсіліп», сол дәрінің арзанырақ баламасын алуға тырысады. Кейбір дәріханадағы дәрі бағасы екі аттам жердегі өзге дәріханадан қымбат болуы да мүмкін. Жұрт мұны да біліп алған. Егер дәрі-дәрмекті шамадан тыс арзандату міндеттелсе, кәсіпкерлер шығынға батамыз деп шырылдайды. Бұл қарама-қайшылық сайып келгенде халықтың әлеуметтік жағдайына байланысты туындағанын байқаймыз. Экономикалық тұрғыда алып қарасақ, бағаға, сапаға өзгеріс енгізу үшін фармацевтика нарығында отандық өндірістің үлесін арттыру қажет. Тиімдісі осы.
Әлеуметтік желідегі ашық ақпаратқа, пікірлерге зер салсақ, тұрғындардың басым көпшілігі дәрі-дәрмек бағасын қымбат санайды. Тұтынушыға дәрінің бағасы шамадан тыс қымбат болса, «көрпесіне қарай көсіліп», сол дәрінің арзанырақ баламасын алуға тырысады. Кейбір дәріханадағы дәрі бағасы екі аттам жердегі өзге дәріханадан қымбат болуы да мүмкін. Жұрт мұны да біліп алған. Егер дәрі-дәрмекті шамадан тыс арзандату міндеттелсе, кәсіпкерлер шығынға батамыз деп шырылдайды. Бұл қарама-қайшылық сайып келгенде халықтың әлеуметтік жағдайына байланысты туындағанын байқаймыз. Экономикалық тұрғыда алып қарасақ, бағаға, сапаға өзгеріс енгізу үшін фармацевтика нарығында отандық өндірістің үлесін арттыру қажет. Тиімдісі осы.
Коронавирус пандемиясынан кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке фармацевтикада отандық өндірісті 50%-ға дейін жеткізуді тапсырған болатын. Кейін Денсаулық сақтау министрлігі 2029 жылға дейінгі жол картасын әзірледі. Онда сатып алу үдерістерін, бағаны реттеу, цифрландыру, шетелдік инвестиция тарту сынды басқа да межелі міндеттер қамтылған еді. Бұл – фармацевтикалық кәсіпорындардың дамуын жеделдетуге, кадрлық әлеуеттің сапасын арттыруға, жаңа жұмыс орындарын құруға, озық технологияларды енгізуге жол ашады. Ең бастысы, 2029 жылға қарай жергілікті өндірістің үлесіне 50%-ға жеткізуге мүмкіндік болады.
Фармацевтикада «big pharma» деген ұғым бар. Мұнда фармацевтика саласындағы белді компаниялар топтасқан. Бізге керегі – сол компаниялармен тығыз байланыс орнатып, озық тәжірибесін алу. Денсаулық сақтау министрлігі ұсынған мағлұматқа зер салсақ, қазір фармацевтикалық компаниялармен, сондай-ақ келісімшарт негізіндегі өндіріс жобалары бойынша Оңтүстік Корея, Түркия, Германия және Жапония инвесторларымен қарым-қатынас бекіген. Осы ірі жобалар үйлесімді іске асып жатса, отандық фармацевтиканың өрісі кеңейеді дегенге үміт басым. Айта кетерлігі, кәсіпкерлер Үкімет ұсынған жеңілдіктерді толық пайдаланады. Яғни қолдаусыз қалмайды. Сонымен қатар келер жылы фармацевтика өнеркәсібін дамыту бойынша 5 жылдық жаңа бағдарлама әзірленеді екен.
Дәрі-дәрмектің шекті бағасы бекітілген
Әлеуметтік желіге үңілсек, «Amanat» партиясы филиалы партиялық бақылау комиссиясының мүшелері дәріханаларда партиялық бақылау жүргізгені туралы ақпарат көп. Байқағанымыз, партияның қала, аудандық филиалдары жариялаған қалың мағлұматтың мәтіні ұқсас. Басым көпшілігі «дәрі-дәрмектің қоры жеткілікті, бағасы мен сапасы қалыпты» деген сипатта хабар таратқан. Бұл ақпарды да бірауыздан теріске шығара алмаймыз. Себебі Денсаулық сақтау министрінің 2023 жылғы 7 тамыздағы №465 бұйрығымен 6 890 дәрілік затқа шекті баға бекітілген. Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 426-бабына сәйкес дәрі-дәрмекті шекті бағадан асыра сататындарға жауапкершілік көзделген. Көтерме-бөлшек сауда желісінде жыл басынан бері дәрі-дәрмекті шекті бағадан асыра сату бойынша небәрі 4 дерек анықталып, 690 250 теңге көлемінде айыппұл салынған. Құлаққағыс ретінде айтар болсақ, дәрі-дәрмекті шекті бағадан асыра сату фактісі анықталған жағдайда тұтынушылар Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің аумақтық департаменттеріне немесе DARIKZ мобильді қосымшасы арқылы өтініш қалдыруға болады. Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің бас сарапшысы Әнуар Сейдрахымның хабарлауынша, биыл уәкілетті орган тіркелмеген, қолдануға шектеу қойылған дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды саудалағандарға қатысты 25 деректі анықтап, жалпы сомасы 4 927 200 теңгеден астам айыппұл салған.
– Дәрiлiк заттарды, медициналық бұйымдарды тіркеу және қайта тіркеу, өндiру, дайындау және олардың сапасын бақылау, сынау (зерттеу), әкелу, сатып алу, тасымалдау, сақтау, таңбалау тағысын тағы жайттарда адамның денсаулығына зиян келмесе, жеке тұлғаларға – 70, лауазымды адамдарға – 100, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 130, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 200, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 1000 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін жыл ішінде осындай іс-әрекет қайталанса, фармацевтикалық қызметке лицензияның немесе лицензияға қосымшаның қолданысын алты айға дейінгі мерзімге тоқтата тұруға тура келеді, – дейді Әнуар Сейдрахым.
Импорт пен экспорттың үлесі қандай?
Фармацевтикалық өнімдерді экспорттаудан көшбасшы елдердің үштігінде Германия, Швейцария және АҚШ тұр. 2021 жылы Германия – 119 млрд, Швейцария – 101 млрд, АҚШ – 77 млрд доллардың өнімін экспорттаған. Қуантарлығы, осы елдермен ынтымақтастықты нығайту мақсатында қолға алған жобалар бар. Мысалы, былтыр желтоқсанда Швейцарияның «Roche» компаниясымен инновациялық дәрілік заттар өндірісін оқшаулау бойынша жобаға қол қойылыпты. Бұл келісімнің маңызы – онкологиялық ауруларды емдеуде қолданылатын бірқатар инновациялық дәрілік заттардың өндірісін оқшаулау арқылы жергілікті медициналық препараттардың үлесін ұлғайтуда екен. Бұдан өзге АҚШ-тық «Pfizer» компаниясымен вакцина өндірісіне және «GE Healthcare» компаниясымен УДЗ және КТ аппараттарына қатысты жобаларда ілгерілеу бар.
Ақпарат үшін айтар болсақ, елде бас-аяғы 158 фармацевтикалық компания жұмыс істейді. Оның 42-сі дәрілік заттарды, 116-сы медициналық мақсаттағы бұйымдарды өндіруге маманданған. Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің дерегіне сүйенсек, былтыр елде фармацевтика саласының айналымы 162,6 млрд теңгені құраған. Ал биыл бірінші жартыжылдықта өндіріс көлемі 79,4 млрд теңге шамасында. Қаржы министрлігінің дерегі бойынша былтыр экспорт көлемі – 32,2 млн долларға шақталса, ал импорт үлесі – 1,7 млрд долларға жеткен. Ал биыл бірінші жартыжылдықта фармацевтика өнеркәсібінің экспорты – 7,7 млн доллар, импорт – 875,6 млн доллар болған. Сондай-ақ былтыр фармацевтика нарығының көлемі 922 млрд теңгені (2 млрд доллар) құраса, оның ішінде отандық өндірістегі дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың үлесі 20%, импорттық өнімнің үлесі 80%-ға жеткен. Қарап отырсақ, отандық фармацевтикалық өнімнің үлесі төмендегенін байқаймыз. Мамандардың айтуынша, бұл өзгеріс эпидемиологиялық жағдайдың тұрақталып, вакцина өндірісінің азаюына қатысты болып тұр. Министрліктің медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінен сұрап білген ресми жауапқа көз жүгіртсек, «елде дәрі-дәрмек тапшылығы жоқ. Нарықтан дәрі-дәрмектің аналогтарын табуға болады». Бірақ бұл фармацевтикада мәселе жоқ, іс бітті дегенді білдірмейді, керісінше, саладағы қыруар шаруаны әлі де ширата түсу керегін ұқтырады. Өйткені 2029 жылға қарай фармацевтика нарығында отандық өндірістің үлесін 50%-ға жеткізу қажет. Ал импортқа тәуелділік азайса, осы оң өзгеріс фармацевтикаға, дәрі-дәрмек бағасына әсер етеді.