Бүгін – Білім күні: оқушыларды қандай өзгерістер күтіп тұр
Биыл 382 мыңға жуық бүлдіршін алғаш рет мектеп табалдырығын аттайды, олардың 70 пайызы қазақ тілінде білім алмақ.
Бүгін қазақстандық ата-аналар мен оқушылар Білім күнін атап өтіп жатыр. Еліміздің барлық мектебінде жаңа 2023-2024 оқу жылы басталды.
Жаңа оқу жылы өзгерістерге толы болмақ. Соның бірі – оқушылар қайтадан 25 мамырға дейін оқиды. Толығырақ sputnik.kz материалында.
Жаңа оқу жылы өзгерістерге толы болмақ. Соның бірі – оқушылар қайтадан 25 мамырға дейін оқиды. Толығырақ sputnik.kz материалында.
Қанша бала бірінші сыныпқа барады
Оқу-ағарту министрлігінің ақпаратынша, жаңа оқу жылында 382 мыңға жуық бүлдіршін алғаш рет мектеп табалдырығын аттайды. Балалардың 70 пайызға жуығы мемлекеттік тілде білім алады.
1-сыныпқа баратын оқушылардың ең көбі – Алматы қаласында, Түркістан және Алматы облыстарында. Ал балаларды қазақ тілінде оқытатын сыныптарға қабылдау бойынша ең жоғары көрсеткіш Шымкент қаласында, Түркістан және Алматы облыстарында байқалып отыр.
Жаңа оқу жылында 11-сынып бітіретін түлектердің саны да рекордтық көрсеткішке жетті – 188 900 оқушы.
Жалпы, 2023-2024 оқу жылында республика мектептерінде 3,9 миллионға жуық оқушы білім алады.
Бастауыш сыныптар үшін не өзгереді
Жаңа оқу жылынан бастап қазақ тілінде оқытатын 1-ші сыныптарда "Әліппе/Ана тілі" пәндері, ал "Орыс тілі" пәні 2-ші сыныптан бастап оқытылады.
Ал орыс тілінде оқытатын сыныптарда 1-сынып оқушылары "Қазақ тілі" және "Букварь" пәндерін оқиды.
"Шет тілі" пәні 1-2-сыныптарда емес, 3-ші сыныптан бастап оқытылады.
Тегін ыстық тамақ
Биылдан бастап бүкіл өңірде жалпы білім беретін мектептерде барлық 1-4 сынып оқушылары, әлеуметтік мәртебесіне қарамастан, тегін тамақтанады.
Республика бойынша тегін тамақпен қамту құны орта есеппен 577 теңге тұрады, ең жоғары баға Алматы қаласында – 800 теңге.
Мектептерде ата-аналарға педагогикалық қолдау орталықтары ашылады
Оқу-ағарту министрлігі 2023-2025 жылдарға арналған Бірыңғай білім беру бағдарламасын әзірледі. Ол оқушылармен, ата-аналармен және қоғаммен идеологиялық жұмысты жандандыруға бағытталған.
"Осы жылдың 1 қыркүйегінен бастап барлық білім беру ұйымында ата-аналарға педагогикалық қолдау көрсету орталықтары жұмыс істей бастайды. Олардың ең бірінші басымдығы – балаларды оқыту мен тәрбиелеуде отбасы мен мектептің өзара әрекеттесуін күшейту, бала тәрбиесінде оң мәдениетті дамыту", - деді оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев тамыз кеңесінде.
Айта кетері, Бірыңғай білім беру бағдарламасы шамамен 5 миллион баланы қамтиды. Оқушылармен тығыз жұмыс істеу үшін "Өркен" Адамның үйлесімді дамуы ұлттық институты мен "Өрлеу" БАҰО АҚ базасында 72 сағаттық бағдарлама бойынша арнайы педагогикалық курстар өткізіледі.
Құтқарушылар мен полицейлер оқушыларға дәріс оқиды
2023-2024 оқу жылынан бастап алғаш рет мектептегі тәрбие бағдарламасына қорғаныс, ішкі істер, төтенше жағдайлар министрліктерінің оқу дәрістері енгізіледі. Яғни аталған күштік құрылымдардың қызметкерлері өз тәжірибелерін бөліседі.
25 мамыр қайта оралды
Оқу-ағарту министрлігінің соңғы қоңырау күнін 1 маусымға ауыстыру бастамасы қоғамда сынға ілігіп, сәтсіздікке ұшырады. Осыған байланысты үкімет 2023-2024 оқу жылын қайтадан 25 мамырда аяқтау туралы шешім қабылдады.
Ал оқу жылын 36 аптаға дейін ұзарту мәселесіне билік 2025 жылдан кейін қайта оралмақ.
Мектептердің 34 апталық оқу жылына қайта оралуына байланысты министрлік типтік оқу бағдарламаларына өзгерістер дайындады. Оған сәйкес, барлық пән бойынша оқу сағаттары қысқартылады.
55 мың бала оқу жылын жаңа мектептерде бастайды
Үш ауысымды, апатты мектеп мәселесін шешу үшін осы жылдың соңына дейін 132 мың орындық 154 мектеп пайдалануға беріледі. Соның ішінде 25 мың орындық 13 мектеп, сондай-ақ жергілікті бюджет және жеке инвестиция есебінен 30 мың орындық 26 мектеп 1 қыркүйекте ашылады.
Бұдан бөлек, келесі жылы "Жайлы мектеп" жобасы аясында 461 мың орындық 217 мектеп іске қосылады.
Мектепке қандай киім киюге болады
Қазақстанда міндетті мектеп формасына бірқатар талап қойылады. Мектеп формасының үлгісі, түсі классикалық стильде, бірыңғай түс гаммасында жасалады, түстерді үшеуден асырмай араластыруға рұқсат етіледі. Мектеп формасының түсі қалыпты және ашық емес түстерден таңдалады.
Мектеп формасы оқытудың зайырлы сипатына сәйкес келеді. Яғни оған түрлі діни конфессияларға қатысты киім элементтерін қосуға болмайды.
Мектеп формасы күнделікті, мерекелік және спорттық болып бөлінеді.
Ұлдардың мектеп формасы:
пиджак, жилет, шалбар, мерекелік жейде, күнделікті жейде, не түймелері бар немесе сыдырмалы тоқылған күрте/кардиган, поло жейде немесе тенниска (қысқы мезгілде: трикотаж жилет, водолазка).
Ұлдарға арналған шалбарлар еркін тігілген және ұзындығы бойынша тобықты жауып тұрады.
Қыздардың мектеп формасы:
пиджак, жилет, юбка, шалбар, классикалық жейде, не түймелері бар немесе сыдырмалы тоқылған күрте/кардиган, поло жейде немесе тенниска (қысқы уақытта: трикотаж жилет, сарафан, водолазка).
Қыздарға арналған шалбарлар еркін тігілген және ұзындығы бойынша тобықты жауып тұрады.