Самокатшылардың «қара тізімі» түзілуі мүмкін
ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова самокат қозғалысын реттеу үшін қандай ұсыныстар қаралып жатқанын айтты, деп хабарлайды inform.kz.
Самокаттарды жалға беретін кикшерингтік компаниялар жалпы «жосықсыз клиенттер тізімін» құруды ұсынып отыр. Жол қозғалысы ережелерін, жолаушылар мен жүктерді тасымалдау ережелерін бұзатын, скутерді дұрыс емес жерде қалдыратын пайдаланушыларға барлық компания бір мезгілде қызмет көрсетуден бас тартуы мүмкін. Сондай-ақ, полиция патрулі үшін электр скутерлерін пайдалану ұсынылды
, - деді А. Боранова ҚР ІІМ апталық брифингінде.
Спикердің айтуынша, скутер пайдаланушылары үшін арнайы мобильді қосымша арқылы хабарламалар жіберу қарастырылып жатыр. Бұл ретте скутер арнайы бөлінген орындарға қойылмаса, сапар аяқталмайды (ақы алу жалғасады).
Жарықсыз учаскелерде, қала сыртындағы трассаларда және кәмелетке толмағандарға электр скутерлерін пайдалануға тыйым салу ұсынылды. Балалардың электр скутерлерін пайдалануын болдырмау үшін салмақ категориялары бойынша тыйым салу енгізіледі. Мысалы, 30 келіден асатын қолданушыларға ғана рұқсат беріледі
, - деді Ақтоты Боранова.
Айта кетейік, 30 тамыздан бастап жол ережесін бұзған самокатшыларға айыппұл салынады. Құқықбұзушылықтар анықталса, олар ӘҚБтК 593-бабы (5 АЕК айыппұл) немесе ӘҚБтК 620-бабы (ескерту немесе 3 АЕК айыппұл) бойынша жауапқа тартылады.
Шет елдердің тәжірибесі көрсеткендей, электр скутерлерінің қарқынды дамуы мен бей-берекет жұмыс істеуі оларға толық тыйым салуға әкелуі мүмкін. Сондықтан, жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін скутерлерді пайдалануды реттеу мәселесі өте маңызды және оның шешілуін жол қозғалысының барлық қатысушылары күтеді. Біз өз тарапымыздан кез келген ұсыныстарды өңірлік және орталық деңгейлерде қарастыруға дайынбыз
, - деді Ақтоты Боранова.