Құжатсыз-ақ дизельдік отын сатып алуға болады
Жүргізуші куәлігін немесе көлік құралын тіркеу куәлігін көрсетпей-ақ, дизельдік отынды сараланған бағамен (1 литр үшін 295 теңге) сатып алуға болады, деп хабарлайды baq.kz.
ҚР Энергетика министрлігінің мәліметінше, ол үшін цифрлық жанармай картасын Apple мен Google электрондық әмияндарына қосу керек.
Тегін сервисті Freedom Bank ҚР Энергетика министрлігі және «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-мен бірлесіп іске асырды. Құжат жүргізуші куәлігі бар барлық қазақстандықтар үшін бірнеше қосымшаларды ашпай-ақ, бір рет батырманы басу арқылы қолжетімді.
Цифрлық құжатты алу үшін Freedom Bank сайтының «Цифрлық құжаттар» бөліміне кіріп, екі минут ішінде бірнеше онлайн қадам жасау жеткілікті. Ол үшін банктің клиенті болу міндетті емес, қызметті кез келген адам пайдалана алады.
Цифрлық жанармай картасын ашу тек жеңіл автокөлік жүргізушілеріне қолжетімді. Жүк көлігінің иелері сервисті eGov mobile мобильді қосымшасында алдын ала авторизациядан өткеннен кейін пайдалана алады.
Сондай-ақ аталған картаны банктің сайтында алған кезде жеке куәлік, жүргізуші куәлігі және техникалық төлқұжат электрондық әмиянға автоматты түрде қосылады. Бұл цифрлық құжаттар Қазақстан аумағында құжаттың ресми түрі болып табылады және қағаз нұсқасымен қатар қолданылады.
Айта кетейік, ҚР Энергетика министрлігінің бұйрығына сәйкес, жүргізуші куәлігін көрсеткен кезде дизель отынының лимиті күніне 100 литр көлемде, бір литрі үшін 295 теңге бағамен белгіленсе, көлік құралдарын тіркеу туралы куәлікті көрсеткен кезде жүк, арнайы, мамандандырылған көліктер мен автобустар үшін бекітілген лимит 300 литрі үшін тәулігіне 295 теңге бағамен сатылады.
Қалған санаттағы адамдарға, сондай-ақ көрсетілген лимиттерден жоғары дизель отыны 1 литр үшін 450 теңгеден сатылады.