5G ми ісігін тудыруы мүмкін бе?
Қазнетте 5G желілері адамдардың денсаулығына қауіп төндіретіні жайлы ақпарат тарап жүр. Мұндай деректі таратып жүргендердің сөзіне сенсек, 5G адам ДНҚ-сының өзгерістеріне, ми ісігіне және басқа да емделмейтін ауруларға әкеледі-мыс, деп хабарлайды egemen.kz
Stopfake.kz фактчекерлері бұл ақпараттың шынайылығына күмән келтіріп, тереңінен зерттеп көрді. Әлеуметтік желіде тараған видео Epoch Media Group компаниясына тиесілі NTD телеарнасының жаңалықтар сюжетінен үзінді болып шықты. Аталмыш компания псевдоғылыми жаңалықтар шығарып, қастандық теорияларды және фейк жаңалықтарды таратумен айналысатын The Epoch Times газетінің де иесі.
Бейнероликте жүргізуші 5G желілерінің зияны дәлелденген ғылыми конференция туралы сөз қозғаған. Бұл конференция 2019 жылы өткен және фактчекерлер бұл туралы бұрын да жазған еді. Онда айтылған тезистер дәлелденбеген және қатысушылардың сөзімен ғана расталады. Сонымен қатар 2019 жылы талқыланған конференцияға қатысушылардың мәлімдемелеріне қайшы келетін беделді ғылыми зерттеулер де жарық көрген еді.
Бүгінде 5G желілерінің қауіпсіздігі одан да көп зерттеулер мен объективті шынайылықпен расталып келеді. Мәселен, ДДҰ-ның ресми сайтында жаңа буындағы желілер адамдардың денсаулығына теріс әсер ететініне ешқандай дәлел жоқ делінген.
2020 жылы Иондаушы емес сәулеленуден қорғау жөніндегі халықаралық комиссия (ICNIRP) 5G байланысын қолдану адам денсаулығының нашарлауына әкелмейді деген қорытындыға келді.
2021 жылы Еуропарламент комиссиясы 5G технологиясын адамдар үшін қауіпсіз деп тапты.
Қазірдің өзінде 5G желілері АҚШ, Солтүстік Корея, Қытай, Жапония, БАӘ, Кувейт, Швеция, Жаңа Зеландия, Австралия және басқа да бірқатар елдерде орнатылған.
Қазақстанда 5G базалық станциялары 2023 жылдың басында қойылды. Олар Астана, Алматы және Шымкент қалаларында бар. Еліміздің басқа қалаларында да желілерді орнату жоспарланып отыр. Әр түрлі елдерде байланыстың бұл түрі іске қосылуымен ми ісіктері мен басқа да ауыр ауруларды тіркеу жағдайлары жоқ екенін айта кеткен жөн.