Жеңілдетілген несие шарты
Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыруға арналған несие беру тәртібін жария етті. Қазір құжат жобасы Ашық үкімет порталында талқылауға ұсынылған.
Жаңадан кәсіп ашқан, не байырғы кәсібін кеңейткісі келген ел азаматтары енді бұл мақсаттары үшін несие ресімдей алады. Әсіресе сүт-тауарлық фермаларына (400 бастан басталады), ет өндіретін құс фабрикаларына (жылына 5 мың тонна құс еті), көкөніс сақтауға (1000 тоннадан бастап), сондай-ақ заманауи су үнемдейтін технологияларды пайдаланатын суармалы егіншілікке (картоп, көкөніс, мал азығы) айрықша басымдық беріледі.
Қаржыландыру республикалық немесе жергілікті бюджет есебінен жүзеге асырылады. Жобаға сәйкес, жергілікті атқарушы орган 10 жылға жылдық 0,1 пайыздық сыйақы мөлшерлемесімен несие ұсынады. Негізгі қарызды өтейтін жеңілдік кезеңі 24 айдан аспайды. Бюджет несиесін игеру кезеңі – 12 ай.
Министрліктің түсіндіруінше, әкімдіктер фермерлерге несие беру үшін тексерілген агенттерді пайдаланады. Бұл ретте несие беру мерзімі 10 жылды құрайды, ал ең жоғарғы сома – 5 млрд теңге. Сыйақының номиналды мөлшерлемесі жылдық 2,5 пайыздан көп емес. Ең басты талап – кепіл мүліктің болуы. Өз қызметі үшін агент қандай да бір комиссия, жарна немесе басқалай төлем талап етпейді.
Кредиттеу бағдарламасына қатысушыларды іріктеу үшін басты критерий – импортты алмастыруды ескере отырып өңір халқын сапалы және қолжетімді азық-түлікпен қамтамасыз ету, уақытша және тұрақты жұмыс орындарын құру, ауыл халқының табысын арттыру шеңберінде жобалармен ынтымақтастық және кооперация болмақ.
Сонымен бірге әлеуетті қарыз алушы өндіріс немесе ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласында 5 жылдан кем емес уақыт жұмыс істеген болуға тиіс.